Оралда екі бірдей көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

Орал қаласына қарасты Зашаған кентіндегі «Көктем» шағынауданында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және қала күніне орай әрқайсысы 90 пәтерлік бес қабатты қос бірдей тұрғын үй (барлығы 180 пәтер) пайдалануға берілді. Дереккөз: ҚазАқпарат

0
Алтай Көлгінов

Салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Елбасының бастауымен Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бері көптеген табыстарға қол жеткізді. Тек құрылыс саласының өзінде Орал қаласында осы кезеңде 60 мектеп, 16 балабақша, ал осы Зашаған кентінде соңғы жылдары көп қабатты 17 тұрғын үй бой көтерді. Алдағы уақытта бұл маңдағы мұндай тұрғын үйлер саны қырықтан аспақ. Бұдан бұрын әрқайсысы 1200 орындық қос мектеп, 360 орындық балабақша, №6 емхана, «Арман» дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылса, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай осы шағынауданда үлкен саябақ ашылады. Бүгінгі 90 пәтерлік үйдің бірі жас отбасыларға арналса, екіншісіндегі 45 пәтерге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісінің» салымшылары, қалған 45-іне кезекте тұрғандар кіреді. Қалада күні бүгін 16 мыңнан астам тұрғын кезекте тұр. Елбасы тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл Оралда 1500-ге жуық пәтер пайдалануға берілмек. Бұрын-соңды мұндай жетістік болған емес. Бұл да – ел тәуелсіздігінің арқасы.

Өңір басшысы жаңа пәтерге қол жеткізгендердің бірқатарына кілттерін табыс етті. Баспаналы болғандар атынан сөз алғандар осындай қамқорлық үшін Елбасына алғыстарын білдірді. «Мен Назарбаев зияткерлік мектебінде ұстаздық етемін. Елбасы мектебінде қызмет жасау бір мәртебе болса, бүгін жас отбасы ретінде қалаған пәтерімізге қол жеткізіп, ұлан-асыр қуаныш құшағындамыз. Осының бәрі – мемлекет басшысы талмай жүргізіп келе жатқан сарабдал саясаттың арқасы», деді жас мұғалім Смадияр Қалжанов.

zhanha-pateraltaj-koelginovАйта кетейік, Орал қалалық құрылыс бөлімінен алынған мәліметке қарағанда, шаһарда мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес 20 үй (2066 пәтер) салынып жатса, соның 13-і (1427 пәтер, 81,77 мың шаршы метр, құны 10 млрд. теңге) биыл тапсырылады, бұл рекордтық көрсеткіш деуге болады. Сонда 5 мыңнан астам тұрғынның пәтерге қолы жетеді. Соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес салынып жатқан 9 үйдің (977 пәтер) құрылысы жыл соңында біткен кезде 986 тұрғын пәтермен қамтамасыз етіледі. Ал 7 үй (639 пәтер) 2017 жылы іске қосылады.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу