Кешірілген кек немесе “Бен-Гур” фильмі

Бүгін Тимур Бекмамбетовтың «Бен-Гур» атты фильмі прокатқа шықты. Лью Уоллестің романы осымен алтыншы рет таспаланып отыр. Бекмамбетовтың нұсқасы несімен ерекшеленеді?

0
Бен-Гур фильмі

Бен-Гур (2016) / Ben-Hur

Жанры: драма

Режиссер: Тимур Бекмамбетов

Сценарист: Кит Р. Кларк, Джон Ридли, Лью Уоллес

Оператор: Оливер Вуд

Рөлдерде: Джек Хьюстон, Тоби Кеббелл, Родриго Санторо, Морган Фримен, Назанин Бониади, Йохан Филип Асбек.

«Бен-Гур» фильмі Лью Уоллестің «Бен-Гур» романы желісінде түсірілген алтыншы фильм. Олардың ішінде Ульям Уайлердің режиссерлігімен 1959 жылы түсірілген нұсқасы ең сәтті деп танылып,  «Оскардың» 11 номинациясын алған.

Бекмамбетовтың туындысында романның фабуласы сақталғанымен, кейбір детальдар сценаристердің шешіміне сай өзгеріске түскен. Мәселен, фильмде Иуда (Джек Хьюстон) өзге біреудің Рим қолбасшысына жасаған қастандығын мойнына алса, романда қолбасшыға Иуда тұратын үйдің шатыр сынығы құлап кетеді. Осы кезде Иуданың бала кезден бірге өскен досы – Мессала (Тоби Кеббелл) оны құтқарудың орнына, кінәлі деп тауып, отбасын қуғынға ұшыратады.

Морган Фримен
Морган Фримен, әдеттегідей, данышпан қарт рөлінде

Фильмнің басында Мессала Иудаға өзінің қылышын сыйға тартатын жері бар. Иуда сол қылышты құлдықта жүргенде Мессалаға сәлемдеме ретінде беріп жібереді. Алайда, осы екі арада өткен 5 жылда Иуда римдік кемеде құлдықта болады. Кеме апатқа ұшырап, таңғажайып түрде аман қалады. Желкен байланған діңгекке отырып, құр сүлдерін сүйретіп жағажайға келеді. Шейх Илдеримнің (Морган Фримен) қолына түсіп, сол арқылы Мессаланы табады. Сұрақ: Иуда 5 жыл бойы қылышты қай жеріне сақтап келген, егер ол ескекті жалаңаш денеде есіп отырған болса?

Сондай-ақ, кітап бойынша Иуда өзіне тағылған айыптан Рим консулын құтқарып қалу арқылы құтылып, Иерусалимге азат болып келсе, Бекмамбетов туындысында Мессаланы жеңген соң ғана ақталады. Осы жерде фильм сценарийінің ойға қонымсыз тағы бір тұсы шығады.

Фильм ремэйгінде Иуданың азаттығы Мессаланың жеңілісіне тігіледі. Егер Мессала жеңілсе, Рим қолбасшысы Иудаға тағылған барлық айыпты алуы керек. Бұл шартты африкалық шейх қояды. Фильм бойы қанішер рөлін сомдап келген римдік дәл осы сәтте шейхтың талаптарына келіседі. Талап – өзіне қастандық жасаған Иуданы ақтау. Қарапайым логикаға салсақ, римдік қолбасшы байлықты жай ғана тартып алып, Иуданы қайта қолға түсіруге тырысуы керек еді.

Бен-Гур фильміСондай-ақ, аренада болатын жарыс әдісін аз күнде ғана үйренген Иуда чемпион болып жүрген Мессаланы қалай оңайлықпен жеңіп кетеді? Уайлердің фильмінде бұл кезең ұзаққа созылатын еді. Бекмамбетов сценаристері әсіре сілтеуге ұрынған сияқты. Бәлкім, бір романды 2 сағатқа сыйдыру үшін жасалған тәсіл болар.

Осындай кемшіліктеріне қарамастан, фильмнің ұтқыр тұстары да жетерлік. Солардың бірі – оператор жұмысы. Арбамен жарыс кезінде өзіңіз жарысып келе жатқандай әсерде боласыз. Камерамен бірге біресе аттың астында қалып кетсеңіз, біресе шаңға ілесіп келе жатасыз. Бұл жағынан көрермен ретінде оператор Оливер Вудтың еңбегіне сын таға алмаймыз.

Фильмнің тағы бір ерекшелігі – жағымсыз кейіпкердің жоқтығы. Сіз шарықтау шегінде Мессаланы жек көріп отыруыңыз мүмкін, алайда, эпилогта оны «кешіресіз». Оны барлық кемшілігімен ақтап аласыз. Сценарий қорытындысы таңғажайып құбылыспен аяқталады. Өйткені, фильмге арқау болған роман «Інжіл» кітабының ілімдеріне сүйене отырып жазылған. Аталған роман өз уақытында сатылу жағынан «Інжілден» кейінгі екінші кітап болған екен. Сондықтан болар, фильмнің басты философиясы – кешірімшілдікте.

 Әсел Сарқыт

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу