Назарбаев: Ресейдің бомбалаушы ұшағы Түркияға шабуылдаған жоқ

“Ресей бомбалаушы ұшағы Түркияға шабуылдаған жоқ, ол терроршылармен соғысуға барған” деп мәлімдеді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа арнаған жолдауы барысында.

0
Нұрсұлтан Назарбаев

“Біз Ресей мен Түркия арасында болған оқиғаға қатысты өкініш білдіреміз. Ресей бомбалаушы ұшағы Түркияға шабуылдаған жоқ, ол терроршылармен соғысуға барған. Біз әзірге оқиғаның анық-қанығын білмейміз. Мұны тез арада мемлекетаралық комиссия құрып анықтап, кінәлілерді жазалау керек. Қандай жағдай болмасын, екі жақты қарым-қатынасты бұзбау керек еді”, – деді Назарбаев.

Сондай-ақ президент Ресей мен Түркия арасында комиссия құрып, қарым-қатынасты қалпына келтіруге шақырды.

«Мен – Ресей мен Түркияның позицияларын бір-біріне жақындату мақсатында көптеген жылдар бойы жұмыс істеген, оларды достас мемелкет атандыруға тырысқан адаммын. Демирел үкіметінен бастап Ельцин президенттігіне дейін содай жұмыстар атқарылды. Ал осы көптеген жылдар бойы жасалған жұмыстар бір сәтте ғана құрып кетуі мүмкін. Қанша қиын болса да, мен бірлескен комиссия құрып, оның жұмысы бойынша кінәліні тауып, жазалап, қарым-қатынасты қалпына келтіруге шақырамын. Мен біздің достарымызды, Ресейді де, Түркияны да осыған шақырамын», – деді Назарбаев.

Түркия әуе күштері 24 қарашада Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсірген соң екі елдің арасындағы қарым-қатынас шиеленіскен. Түркия әскерилері ресейлік ұшақтың «елдің әуе кеңістігін бұзып, ескертуді елемегенін» мәлімдеген. Бірақ Мәскеу ол ұшақтың «Сирия аумағындағы әуе кеңістігінде жүргенін» айтып, Түркия шекарасын бұзғанын жоққа шығарады.

28 қарашада Владимир Путин Түркияға қарсы санкциялар салу туралы жарлыққа қол қойды.

Кеше Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлескен Назарбаев Түркия-Ресей қарым-қатынасының нашарлағанына “алаңдаушылық” білдірген.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу