Үш радикалды топ Қазақстанда теракт жасауды жоспарлаған

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 12-30 тамыз аралығында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары аумағында үш радикалды топтың іс-әрекеттеріне тосқауыл қойғанын хабарлады деп жазады ҚазАқпарат.

0
ҰҚК

ҰҚК мәлім етуінше, олар радикалдардың құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасауды, сондай-ақ халық көп шоғырланатын орындарда терроризм актілерін ұйымдастыруды жоспарлаған.

«Топ мүшелерінің тұрғылықты мекенжайларын тінту барысында бірнеше атыс қаруы және оған қажетті оқ-дәрілер, тротил, қолдан жасалған жарылғыш зат, суық қару, экстремистік мазмұндағы баспа және аудио материалдар, халықаралық террористік ұйымдардың төлбелгілері алынды.

Бұған қоса, топ мүшелерінің бірінен өз іс-әрекеттерін қаржыландыру мақсатында теңгелік жалған ақшалар, арнайы қағаз, компьютерлік және көбейту техникасы табылды», – деп жазады комитет.

Көрсетілген топ мүшелеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 174 («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк,тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру»), 256 («Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру»), 257 («Террористік топ құру және оның қызметіне қатысу»), 231 («Жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу»), 287 («Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру»), 288 («Қаруды заңсыз жасау») баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде.

Сот санкциясына сәйкес Батыс Қазақстан облысының 10 тұрғыны және Ақтөбе облысының 11 тұрғыны қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу