«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтті

Еуропа лигасының плей-офф сынында «Астана» мен БАТЭ арасындағы қарымта кездесу тең аяқталды. Матчтың қорытынды есебі - 2:2.

Дереккөз: ҚазАқпарат
0
Астана Еуропа лигасы

Беларуста өткен матчтың бірінші таймы екі команданың қарқынды шабуылдарымен басталды. Алдымен алаң иелері сапынан Иваничтің ойынның 10-минутында гол соғатын мүмкіндігі болды. Алайда ол допты қақпадан сәл қиыс тепті.

Кездесудің 14-минутында Патрик Твумаси «астаналықтардың» алғашқы қауіпті соққысын жасады. Дегенмен БАТЭ қақпашысы допқа тосқауыл бола білді. Көп ұзамай, БАТЭ ойыншысы Родионов «Астана» қақпасына қауіп төндірді. Абырой болғанда, қақпашы өз орнынан табылды. Осыдан соң қазақстандық клуб қорғанысқа көп мән беріп, өз ойын алаңында тас-түйін бекініп алды.

Бірақ Миxаил Гордейчук бірінші таймның бел ортасында «Астана» қақпасына гол салып кетті. 1:0 есебімен командалар үзіліске аттанды.

Екінші таймда БАТЭ футболшыларының ойыны бұзылды. Қорғаушылардың қателігін пайдаланған Неманья Максимович ойынның 50-минутында есепті теңестірсе, 76-минутта Патрик Твумаси «Астана» командасын алға шығарды.

Қателіктерге көп бой алдырған БАТЭ командасының футболшылары ашуға ерік бере бастады. Өте дөрекі ойын өрнегінен кейін төреші беларус командасының сапынан Риосқа қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды.

Өз кезегінде Астана қорғаушылары да дөрекі ойнап, 89-минутта өз қақпаларына 11 метрлік айып добын белгілеуге түрткі болды. Аталмыш пенальтиді Стасевич сәтті орындады. Есеп — 2:2.

Айта кетейік, матч Беларус елінде «Борисов-Арена» стадионында өткен болатын. Еуропа лигасының аясындағы «Астана» мен БАТЭ арасында «Астана Аренада» өткен алғашқы матч 2:0 есебімен қазақстандық команданың басымдығымен аяқталған болатын. Ол кезде «Астана» шабуылшысы Джуниор Кабананга мен Азат Нұрғалиев гол авторлары атанған еді.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу