Сағадиев: Барлық мектептер электронды күнделікке өтіп, мұғалімдер қағазбастылықтан арылады

Бүгін жаңа оқу жылының қарсаңында Алматы да «Білімді ел – мәңгілік ел» деген тақырыпта қаланың білім беру саласы қызметкерлерінің Тамыз кеңесі өтті.

Дереккөз: Алматы
5
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев

Аталған шараға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, мегаполис әкімі Бауыржан Байбек, құрылымдық бөлімшелер басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, білім беру мекемелерінің педагогтары және басқалары қатысты.

Білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы айта келіп, Ерлан Сағадиев 2017 жылдың соңына дейін Қазақстанның барлық мектептері электронды күнделікпен қамтамасыз етілетінін, ал бұл мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтатынын жеткізді.

«Өздеріңіз білесіздер, 2016 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы артты, біз бұл жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Алайда, жоғары жалақыға сай білім беру сапасы да жақсы болуы тиіс. Мектеп директорлары мен ата- аналар комитеттеріне өтініш, мектеп формасы айналасында дүрбелең туғызбай, оны алуды оқу жылының бірінші тоқсанына дейін созған жөн», — деді министр.

Ерлан Сағадиевтің мәліметі бойынша, бастауыш сыныптардың 73 мың мұғалімі жаз айларында жаңартылған бағдарлама бойынша білімдерін жетілдіріпті. Бірыңғай базалық оқулықтар дайын, Алматы мектептері оқулықтармен толық қамтамасыз етілген.

Мегаполис басшысы бүгінгі күні Алматы мектептерінің барлығы кең жолақты интернетпен қамтылғандығын, бірінші сыныптардың барлығының интерактивті қондырғылармен жабдықталғандығын айтты. Алматылық оқушылар 11 жыл қатарынан республикалық олимпиадаларда бірінші орынды иеленіп келеді және ҰБТ тапсыруда төрт жыл бойына ең үздік көрсеткіштерге жетуде.

«Қазіргі заманауи әлемде басты көрсеткіш пайдалы қазбалар қоры емес, үздік білім жүйесі болып табылады.Біздің міндетіміз – білімді, жан- жақты жетілген, патриоттық сезім рухында тәрбиеленген жас өренді қалыптастыру. Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған басты міндеті де осы» — деді Бауыржан Байбек.

Шара соңында Алматы әкімі «Жалпы білім беруді үздік ұйымдастырушы» байқауы жеңімпаздарына сертификаттарды және қаланың 11 үздік педагогтық ұжымына сыйлықтарды табыс етті.

Анықтама: Биылғы жылы Алматының білім саласының бюджеті 83,5 млрд. теңгені құрады. Қалада 498 мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері бар, оларда 57 мыңнан астам балдырған тәрбиеленуде, 244 мемлекеттік және жеке мектептерде 210 мыңнан астам оқушы қамтылған. Бірінші қыркүйекте 27 811 бала бірінші сыныптың табалдырығын аттайтын болады.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

5 пікір

  1. Жақсы жаңалық екен. Қағазбастылықтан арылса, ұстаздардың оқушыларға бөлінетін уақыты көп болады.

  2. қазрігі жас мұғалімдердің балаларды оқыту сапасы өте төмен десе болады, өздеріне ескертсең өзіңе ұрысып шығады өзімізде сол мектептерде оқыдық, егер сабақ оқымасақ алып қалып оқытатын, ал қазір олардың үй шаруалары бірінші орында бала жайымен қалады.

  3. Əрине қағаз жүреді. Ол үшін əр мұғалімді компьютермен, кабинетті кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету керек.

  4. Мырза ол ушин ар сыныпта саилы интернет жуйели болу керегин оиладыныз ба? Тактанын ози жетпей жатканын билеме астанага тип турган коянды мектебинин жайы осы сонда шалгай ауылдарды айтудын ози кулкили шыгар. Каланын неше мектебине шыккан зан шыгар.

  5. Бұл да жарты жыл жыр болып, кейінге шегерілген үш тілділік сияқты болады. Осы Сағадиев скафандрда өскен сияқты əсер қалдырады кейде маған.
    Негізінде, сабақ жоспарын да, басқа да жұмыстарды электрондық жүйеде жасаса өте тиімді болар еді. Əттең, жоққа жүйрік жетпейді. Қиялмен байып отыруға тура келеді.

Пікір қосу