Мұхтар Шаханов: Миллиондаған гектар жер иеленушiлер туралы шындық ашылмай, жер проблемасы шешiлмейдi

Ақын Мұхтар Шахановтың айтуынша, миллиондаған гектар жер иеленушiлер туралы шындық ашылмай, жер проблемасы шешiлмейдi деп хабарлайды Жас Алаш басылымы. Дереккөз: Жас Алаш

21
Мұхтар Шаханов

“Өткен жиындарда бiз санаулы ғана адам “Жер шетелге сатылмасын, жал­ға да берiлмесiн және өз адамдарымызға да сатылмасын, оларға жалға беруге ғана болады” – деген пiкiрге табан тiре­дiк. Бұл пiкiрден бiздi ешкiм трактормен сүйреп шығара алмайды. Өйткенi жердiң шетелге жалға берiлуi және өз қалталыларымызға сатылуы – болашақта Қазақстан мемлекетiнiң ыдырауына, қазақ ұлтының жойылуына кең жол ашады.

Ұлттық экономика ми­нистрлiгiнiң Құрылыс, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi және жер ресурстары басқару комитетi басқармасы бастығының 2016 жылдың 4 мамырындағы сөзi мынау:

“Қазақстан жерiнiң жалпы аумағы – 272 миллион гектар. Оның iшiн­де ауыл шаруашылығына пайдаланып жүрген жер – 100 миллион гектар, бос жатқан босалқы жер – 100 миллион гектар. Жер 2003 жылдан берi сатылуда. Сол жылғы жер кодексi қабылданғаннан берi жердiң 3 миллион гектары жеке мен­шiкке сатылған. 65 мың гектар жер шетел­дiк­­терге жалға берiлген. Шамамен 1,7 миллион гектар жер алғашқы сатылуға дайындалып жатыр”.

Ендi Мұхамедкәрiм Қа­жырбайұлының мәлiметiне тоқталалық: “Елiмiздiң барлық көрiктi жерлерi әлдеқашан сатылып кеткен. Бәрiнiң сырты шарбақпен қоршалған. Iшiне мүлдем кiргiзбейдi. Кiр­гiзетiндерi әкесiнiң құнын сұрайды. Мысалы, Көк­шетаудағы “Бурабай”, Шымкент қаласы маңындағы “Машат” шатқалы Маңғыстаудағы “Ақмыш” пен “Талшалы”…

Ал өз рухтасымыз Дос Көшiм былай дейдi: “Бiз қазiр Қапшағайдың жағасына барып суға түсе алмай қалдық, балық аулай алмай қалдық. Алакөл, Балқаш бәрi солай. Бө­генбай, Қабанбайлар тi­рiлiп келсе, бетiн де жуа алмайды Қапшағайдан, өзiнiң қорғаған жерiнен. Мiне, 2003 жылы жер жекеменшiкке енiп, халықтың көрген күнi осы”.

Қызылорда облысында Жер реформасы бойынша өткен қоғамдық комиссияның отырысында журналист Жанарбек Әшiмжан iрi жер иеленушiлер туралы ақпаратты ашық түрде жариялау мәселесiн көтердi: “Райымбек ауданының өзiнде барлық жердi төрт-ақ адам бөлiп ал­ған. Ел қыстаудан жайлауға көше алмайды. Жолға дейiн меншiктеп алған”.

Мен осыдан 12 жылдай уақыт бұрын Республика парламентiнде Оңтүстiк Қазақстан облысы Отырар ауданындағы жердiң едәуiр бөлiгi арабтарға жалға бе­рiлгенiн, олардың ол жердi түгелдей қоршап алғанын мәлiмдеген болатынмын. Ал, Төлеби ауданы, Қасқасу ауылының табиғаты әсем жерлерiн бiр қалталы адам жекешелендiрiп алыпты да, оның үлкен бөлiгiн арабтар­ға 49 жылға жалға берiптi.

Жер комиссиясының мү­шесi Жанұзақ Әкiмнiң пiкi­рiне жүгiнелiк. “1994 жылы Қазақстанның 10 миллион гектардай жерiн Ресей әскери полигоны ретiнде 80 жылға жалға алды. Ол полигондардың аймағында онкологиялық аурулардың деңгейi орташа статистикалық деңгейден 10-12 есе, ана мен бала өлiмi 2-3 есе жоғары. Қазақстанның iшiнде Ресейдiң полигондары мен әскерiнiң болуы – ол аннексияның бiр түрi. Елдегi қоғамдық ұйымдар мен зиялы қа­уым өкiлдерi БҰҰ Қауiп­сiздiк кеңесiнiң алдында Ресейдiң Қазақстандағы әскери полигонын жа­уып, ондағы әскердi елден шығару мәселесiн қойды”.

Тағы бiр маңызды мәселе: “Жер туралы шындықты айтқан Макс Боқаев пен Талғат Аянды түрмеден босатуды талап етемiз”!

Жуырда: “Жердiң iрi иеленушiлерi туралы ақ­парат, мемлекеттiк құпия­лар қатарына жатады, яғни ол жайлы арнайы заң бар. Жердiң иесi жайлы ақпаратты меншiк иесiнiң келiсiмi бойынша ғана жариялауға болады” – деген пiкiр айтылды.

Елiмiздiң үлкен қалталылары, үлкен ұрылары өздерi­нiң жағдайларын жақсы қарастырған екен. Ондай әдiлдiк абыройынан жұрдай заңды бәрiмiз бiрлесiп “о дүниеге аттандыруымыз” керек.

Мәселен, барлық таулардың етектерiндегi шұ­рай­лы жерлердi үлкен билiк басындағылардың жақын туыстары, iнiлерi, қыздары жекешелендiрiп алған. Егер ол мәлiметтер жарияланса, миллион гектар жер иеленген Терещенконың өзi далада қалуы мүмкiн. Бұл саладағы шындық ашылмай, елiмiздi үлкен қауiпке бөлеген жер проблемасының шешiлуi мүмкiн емес”, – дейді Шаханов.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

21 пікір

  1. Жыл соңына дейін Жерком Парламентке халықтың көңілінен шығатын ұсыныстар даярлап, қарауға жіберуі тиіс.

  2. Жер сатылған жоқ, жалға берілді. Екеуінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар.

  3. Дұрыс айтып отыр. Халыққа ашық түрде үлкен гектар жерлерді иеленіп отырған қожайындардың есімін жариялау керек. Бұл жерде ештеңе де жасырынбау керек.

  4. Қазіргі күні жер мәселесіне орай құрылған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Соның нәтижесін күткен абзал.

  5. Талабыңызға комиссия мүшелері құлақ асып, оның орындалуын қамтамасыз етеді деген сенімдемін.

  6. Жердің сатылу сатылмау мәселесі әлі шешілген жоқ. Бұл мәселеге қатысты арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Осы күнге дейін бірнеше отырысы өтті. Нақты ұсыныстар да бар, соңын күтейік те.

  7. Комиссия құрамында халықтың, елдің қамын, жердің қамын ойлайтын Мұхтар Шаханов сияқты азаматтардың болғаны қуантады.

  8. Комиссия мүшелері жер мәселесін жан-жақты қарасытырып, жыл соңына дейн Парламентке ұтымды болатын ұсыныс жасайды деген сенімдемін.

  9. Мұхтар ағамыздың сөзі өтімді әрине, бірақ бұл дәлелсәз ақпаратқа ешкім сене қоймас. Уақыт емші сәл күнде жеркомның шешімі шығады, сонда көрерміз

  10. Бір адамның бірнеше жерді иеленуін шектеу туралы ұсынысты өздері енгізген жоқ па комиссия, енді ірі жер иеленушілерінің жерлері мемлекетке қайтарылатын болады.

  11. Мұхтар аға да айтады дегенге айта береді. Ақылдасып отырып комиссияда соны шешпей ма енді. Біз не дейміз оған?))

  12. Мұхтардай азаматтар барда жер мәселесіне алаңдамай, өз кәсібімізбен айналысып жүре берсек те болады

  13. Ана жер сатылып кетті мына жер сатылып кетті деп құлаққа лапшаны іліп жатыр, ол жерлердің сатылуы мүмкін емес, біздің елде жер тек қана жалға беріліп келді. Онда да қазақстанның азаматтарына

  14. Жер кодексіндегі өзгерістерге мораторий жариялады емес пе Президент. Енді барлық нәрсенің анығына жетіп, тексеріп алатындай мүмкндік туып тұр.

  15. Меніңше, арнайы комиссия өз жұмысын толықтай жүзеге асырып жатыр. Кеткен кемшіліктер толықтырылады деген ойдамын.

  16. Барлығы да орынды мәселе ғой. Аладйа, қазір қоғамда осы жер мәселесі терең талқыланып жатыр. Комиссия да алғашқы 4 шешімін жариялады. Барлығы да қалыпқа түсіп келе жатқан секіллді.

  17. Расымен де бұл заң 2003 жылдан бері қолданылып келе жатқан заң. Қайта енді бірқатар реттеліп қалатынына қуануымыз қажет.

Пікір қосу