Алматы жұртшылығын дүрліктірген лаңкес тергеу изоляторына қамалды

Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі Нұржан Исабеков Алматыда атыс шығарған күдікті тергеу абақтысына ауыстырылғанын хабарлады.

2
Лаңкес

«Бүгінгі таңда Алматы клиникаларында 7 науқас жатыр. Олардың бесеуі қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында, 2 адам қалалық орталық клиникалық ауруханада жатыр. Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында 5 адам жан сақтау бөлімінде жатқызылды. Олардың үшеуі өте ауыр халде. Қалған екеуінің жағдайын тұрақты орташа ауыр халде деуге болады. Қалалық орталық клиникалық ауруханаға жеткізілген екі адамның бірі өте ауыр халде, ал екіншісінің жағдайын тұрақты орташа ауыр халде деуге болады», – деді Нұржан Исабеков.

Сонымен қатар, оның айтуынша, зардап шеккендердің барлығы дерілк кеуде тұстарынан, іштен және аяқ-қолдарынан жараланған.

Сонымен қатар, бас оташы ұсталған күдіктінің Хирургия ғылыми-зерттеу институтынан тергеу абақтасына ауыстырылғандығын айтты.

«Күдікті тергеу абақтысына ауыстырылды. Ол кеуде және ішінен жарақат алған», – деді Исабеков.

Сондай-ақ Алматы әкімі Бауыржан Байбек жедел жәрдем ауруханасына барып, онда атыс кезінде жараланған полицейлердің жағдайын біліп, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды BNews.kz.

«Кеше қайғылы оқиға болып, соның салдарынан полицияның бес қызметкері қаза тапты. Қылмыскерді 25 минутта қолға түсірген қаланың тәртіп сақшыларының жұмысына жоғары баға бергім келеді. Өкінішке қарай, қаза болғандар бар. Қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтамын. Марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек жасалатын болады», – деді Байбек.

Қала басшысы қаза болғандардың отбасылары 15 млн теңге, зардап шеккендер 5 млн теңге алатынын айтып өтті.

«Бүгін басқа ауруханада жатқан өзге де зардап шеккендердің жағдайын білетін боламыз. Сонымен бірге зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларына барамыз. Полицейлердің ұйымдасқан жұмысының арқасында қарулы адамның әрекетіне тез арада тосқауыл қойылды», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

2 пікір

    • Қазақстанда өлім жазасы жоқ қандай қылмас жасалсада

Пікір қосу