Алматыдағы атыс кезінде қаза болған старшина ондаған адамды ажалдан арашалаған

Полиция старшинасы Аян Ғалиев атыс кезінде ғимаратта болған Алматы МКД қызметкерлерін құтқарды.

0
Аян Ғалиев

Күдіктіні ұстау барысында Аян Ғалиев өзіне қарулы қарсылық көрсеткен қаскөйді ауыр жаралады, нәтижесінде күдікті қолға түсті.

Аян Ғалиев ішкі істер органдарында 1997 жылдан бері қызмет етіп келген, 10 жыл бойы Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментін күзеткен.

«Оның ерлігі мен жанқиярлығы арқасында қайғылы оқиға кезінде ғимарат ішінде болған МКД қызметкерлері мен салық төлеушілер бір ажалдан аман қалды. Марқұмның артында екі баласы қалған. Қазақстанның мемлекеттік кірістер органдарының барша ұжымы Аян Ғалиевтің есімі мен ерлігін ешқашан ұмытпайды», – деп жазған комитеттің баспасөз қызметі фейсбуктағы парақшасында.

«Мемлекеттік кірістер комитеті қаруланған күдіктіні ұстау кезінде ауыр жараланып, көз жұмған Аян Ерболғанұлы Ғалиевтің жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады», – делінген хабарламада.

Алматы ІІД баспасөз қызметі қаладағы атыс кезінде мерт болғандар туралы ақпаратты жария етті.

Естеріңізге салып өтсек, Алматыда Абай-Байзақов көшелерінің қиылысында, ҰҚКД ғимаратына таяу маңда қаруланған қылмыскер адамдарға оқ жаудырды. Жаралыларды жедел жәрдем бригадасы ауруханаға алып кетті. Тәртіп сақшылары қаскөйлердің бірін қолға түсірген, екіншісіне іздеу жарияланды.  Қарулы шабуылға байланысты Алматы аумағында террорлық қауіптің «қызыл» деңгейі енгізілді. Кейінірек ішкі істер органдарының қызметкерлері тәртіп сақшыларына оқ атқан қаскөйдің қасында болған екінші адамды да ұстады.

Атыс салдарынан Алматының медициналық ұйымдарында 8 адам ем қабылдап жатыр.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!