«Эйр Астана» бесінші рет Орталық Азия мен Үндістандағы үздік әуе компания атанды

«Эйр Астана» әуе компаниясы тағы бір рет 4 жұлдыз рейтингісіне және Skytrax World Airline Awards беделді марапаты бойынша "Орталық Азия мен Үндістандағы үздік әуе компания" атағына бесінші рет және «Орталық Азия мен Үндістандағы үздік борттық қызмет көрсету» атағына төртінші рет ие болды.

0
air astana Эйр Астана

Марапаттау рәсімі кеше Ұлыбританияның Фарнборо қаласындағы халықаралық авиағарыш салонында өтті.

Skytrax компаниясының әлемдік беделге ие жүлдесі жыл сайын жолаушылардың әуе компания қызметімен қанағаттану деңгейін зерттеу нәтижесінде анықталады. Бұл сараптама 10 ай жүргізіліп, осы уақыт ішінде әлемнің 200 әуе компаниясы авиация саласында үздік атану мүмкіндігі үшін күреседі. Сауалнама Skytrax сайтында онлайн, кездейсоқ жолаушыларды әуежайда таңдау және телефон арқылы хабарласу әдісімен өткізіледі. Рейтингтегі орындар әуе компания сайтының ыңғайлылығы мен толық ақпаратты қамту, тіркелу жылдамдығы, салонның жайлылығы мен тазалығы, борттағы тағам,  ойын-сауық пен қызмет көрсету деңгейін бағалау негізінде анықталады. «Эйр Астана» артықшылықтарының қатарына борттағы тұрақты түрде жаңарып тұратын дәмді тағам, экипаждың сапалы жұмысы мен жолаушыларға деген қамқорлығын жатқызуға болады. Әуе компанияның өзі де ұшақ бортында және веб-сайтында тұрақты сауалнама жүргізіп тұрады.

Компания президенті Питер Фостер «Біздің барлық қызметкерлеріміз өз жұмысын ең жоғарғы деңгейде орындауға тырысады және сол себепті біз осы марапатқа бесінші рет қатарынан қол жеткізуге қуаныштымыз. Skytrax сауалнамасына қатысып, бізге қолдау көрсеткен жолаушыларымызға алғысымыз шексіз және келешекте жоғары деңгейде қызмет көрсетеміз” деп хабарлады.

2016 жылдың мамырында «Эйр Астана» 14 жылдығын атап өтті. Соңғы 12 ай «Эйр Астана» үшін табысты болды; Астанадан Грузияға, Оңтүстік Кореяға жаңа және Ұлыбританияға қосымша рейстер ашылды. Air France-KLM, Bangkok Airways және Hong Kong Airlines әуе компанияларымен кодшеринг келісімдеріне қол қойылды. MyUpgrade — қызмет көрсету классын экономнан бизнес-классқа ауыстыру жаңа қызмет түрі іске асырылды.

«Эйр Астана» әлемдегі ең жас әуе парктердің біріне ие, себебі, Airbus A320, Embraer 190 және Boeing 757/767 әуе кемелерінің орташа жасы жеті жылды құрайды. 2016 жылдың бірінші жартысында он бір жаңа  Airbus A320 NEO ұшағының біріншісі күтілуде. Сонымен қатар, осы жылы Boeing 767 әуе кемесінің бортында wi-fi желісі енгізілуі жоспарлануда. Маусымның соңында Алматы-Тегеран рейсі іске қосылғаннан соң, әуе компанияның бағыттарының саны 65-ке жетті.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу