Риоға баратын қазақстандық ауыр атлеттерден допинг табылса қатаң жазаланады

Рио-де-Жанейро Олимпиадасына баратын зілтеміршілерден допинг анықталса, онда ұлттық деңгейде қатаң жаза қолданылады. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.

0
Допинг

Комитет ақпаратына қарағанда, бүгін Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында ел құрамасымен кездесу өткізген.

«Допингпен күрес және қазақстандық спорттың имиджін қорғау мақсатында Олимпиадаға баруы ықтимал барлық ауыр атлеттерді допингтік тестілеуден өткізу туралы шешім қабылданды. Сынамалар Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік аккредиттеген шетелдік зертханаға жіберіледі. Сынама нәтижелері Рио-де-Жанейроға спортшылар ұшып кеткенге дейін белгілі болады әрі теріс нәтиже анықталған жағдайда кінәлі тұлғаларға ұлттық деңгейде ең қатаң санкция қолданылады», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар таратылған ақпаратта Бейжің мен Лондон олимпиадасына қатысқан 4 ауыр атлетіміздің допинг дауына ұрынуы жайты да тыңғылықты қаралған. Бұл орайда Ұлттық Олимпиада комитеті мен Ауыр атлетика федерациясы тарабынан аталған спортшыларға олардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау үшін заңдық қолдау көрсетілетін болады.

«Дегенмен, Ұлттық Олимпиада комитеті Халықаралық олимпиадалық комитеттің допингке қарсы ережесінің бұзылуын тергеу мәселелеріне толықтай қолдау білдіреді», – делінген ақпаратта.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!