Арман Шораев «Қазақстан Барысына» қаржыны қайдан алады?

«Қазақстан Барысы» турнирін Forbes тізімінде Қазақстанның бизнес-элитасы қаржыландырады. Бұл туралы «Қазақстан Барысы» VI республикалық турниріне арналған баспасөз мәслихатында Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.

0
Арман Шораев

«Менің пікірімше, 25 млн теңге – қомақты қаржы. Өздеріңізге белгілі, жеңімпазға Астана қаласының әкімі бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған болатын. Бізді квазимемлекеттік компаниялармен қатар тұрақты түрде Forbes тізіміндегі өзіміздің бизнес-элита қаржыландырады. Сондай-ақ, бізге Қазақстан президенті Әкімшілігі, үкімет тарапынан қолдау көрсетілуде. Бұл ұлттық рухымызды көтеретін жоба. Аталмыш жоба алдағы уақытта да дамитын болады», – деді ол.

Арман Шораевтың айтуынша, қазақ күресі жобаларына бөлінетін қаржы қысқартылмайды. Ұйымдастырушылар еліміздегі экономикалық жағдайды ескере отырып, қаржыны артық жұмсамауды көздеген.

«Біз қаржыны орынды жұмсауға тырыстық. Осы жылы аталмыш турнирдің бюджетін екі есеге дейін қысқарттық («Қазақстан күресі – 2015» жарысымен салыстырғанда – ред.). Қаржының қысқаруы жарыстың сапасына әсер етпейді. Осы жылы елімізде алғаш рет қазақ күресінен әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Қазақ күресі федерациясының президенті.

Естеріңізге сала кетейік, 3 шілде күні Астанада өткен Қазақстан президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» VІ республикалық турнирінде Бейбіт Ыстыбаев жеңімпаз атанып, алтын белбеуге ие болды. Турнирдің күміс жүлдесі оңтүстік балуаны Жұманазар Ерсұлтановқа бұйырса, Айбол Айтбек қола жүлдегер атанды.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу