Қазақстанда тоқтап қалған квота оралмандарға қайта берілетін болды

Ықтиярхат пен азаматтық арасында сенделген қандастарға қуанышты жаңалық бар. Тоқтап қалған квота оралмандарға қайта берілетін болды деп хабарлайды 31 арна. Дереккөз: 31 арна

1
Оралман Қазақстан жеке куәлік

Сондай-ақ, енді азаматтық та бір жылдан кешіктірілмей берілуі міндет. Осылайша, күтпеген жерден батыл қадамға барған шенеуніктер, тіпті жұмыс пен баспана мәселесін де шешіп береміз деп уәдені үйіп төгіп жатыр. Бірақ, ол үшін шетелден келген қазақтар үкімет белгілеп  берген облыстарға ғана барулары тиіс екен.

Атамекенге келіп Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген Мадина Дарханбаева бұл жаңалықты қуана қабылдады. Өйткені, төлқұжатқа қол жеткізе алмаған соң, ауыр дертке ұшыраған бүлдіршінін де тегін емдете алмай жүргеніне бірнеше жыл болған. Айтуынша, дәрігерлерге барғанында, азаматтығы жоқтарға ота тек ақылы түрде жасалады деген. Ал баласына жаны ауырған отбасы Аянаны аяғынан тұрғызуға шамасы жетпей отыр.

“Ел қатарлы адам сияқты аяғынан жүріп кетсін қызым. Айтарым сол. Көмектеріңді беріңдер адамдар”, – дейді Мадина Дарханбаева.

Енді  Мадина Дарханбаева сияқты ағайынға азаматтық бір жылдың ішінде еш кедергісіз берілуі міндет. Бұған дейін шетелден келген қандастарға ықтиярхат пен банктегі есепшотта қаржысы болуы талап етілген. Бұл шектеу де алынып тасталды. Бірақ, заңға тағы бір жаңа өзгеріс енгізілді. Яғни  жұмыс пен баспана және мемлекеттік квотаға ілігу  үшін үкімет белгілеген тек жеті облысқа барулары тиіс.

Нақтырақ айтқанда Ақмола облысында 120 адамға, Атырау облысында 28 адамға, Шығыс Қазақстан облысында 260, Қостанай облысында 21 адамға тегін квота қарастырылған. Ал саны жағынан квотаның ең көбі еліміздің солтүстігіне берілмек.

Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының бөлім басшысы:

“Павлодар облысына 690, Солтүстік Қазақстан облысында 108 адам өңірлік квотаны пайдалануға мүмкіндіктері бар. Ол үшін осы айтылған облыстарға барып өтініштерін қалдырулары керек”, – дейді Күлім Ысқақова.

Алайда, өтініштер қабылданып жатыр деп елді елең еткізген еңбек испекциясының бастамасына күдікпен қарап отырғандар көп. Құжаттар сөз жүзінде қабылданып жатқанымен, көші-қонның  алдындағы қып-қызыл дау әлі басылған жоқ дейді қандастардың өздері.

“Әуезов ауданына барып кеше сұрағанымда әлі беріліп жатқан жоқ деді. Сөз жүзінде ғана барлығы. Құжатты қабылдап жатқан жоқ ешкім”, – дейді Гүлназ Бақтиярқызы.

Заңдағы өзгертулерге сенсек, атамекеніне оралып, жылдап азаматтық ала алмай жүргендердің енді жолы болуы тиіс. Дарханбаевтар отбасы да басталған істің қағазбастылыққа салынбай, жылдам жүзеге асарына үмітті.  Өйткені кішкентай Аянаның емі уақыт күттірмейтін мәселе.

“Төрт жасқа дейін жасату керек. Әйтпесе кешігіп қаламыз. Қызым өмір бақи осылай болып қалады”, – дейді Дарханбаева.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

1 пікір

  1. Неге булай өзгерті бір беріп бір берми не бул неге баста қалай берсе солай бермиді? Не бул өзі қаламаған обылс қа айдап? Квотаны берсе бұрынғыдай берсін.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!