Қазақстандағы тұрғын үй бағасы 2017 жылдың басына дейін арзандайтын болады

Күз кезінде нарыққа жан бітіп, бағалардың өзгеріске ұшырайтынына қарамастан Қазақстандағы жылжымайтын тұрғын үй құнының арзандауы жыл соңына дейін жалғаса беретін болады. Homsters.kz компаниясының сарапшылары осындай қорытындыға келіп отыр

0
Шымкент тұрғын үй

Жыл басынан бері төмендеп келе жатқан тұрғын үй бағасы екінші жартыжылдықта да арзандай түседі деп санайды Homsters.kz сарапшылары. Мамандардың айтуынша, жаңа үйлер нарығындағы мүлік құнының арзандауы қайталама тұрғын үй нарығына қарағанда баяуырақ жүретін болады. Мұндай жағдай девелоперлер шығынының ауқымды және жаңа пәтер сатып алушылар жағдайының салыстырмалы түрде жоғары болуымен байланысты. Жаңадан үй салып, саудаға шығаратындар түрлі акциялар мен жеңілдіктердің, сонымен қатар жалпы халыққа қолжетімді ипотекалық несиелендіру жүйесіне балама ұсыныс ретінде клиенттерге арналған бөліп төлеу бағдарламаларының арқасында сұраныс деңгейін ұстап отыр.

Алайда алдағы алты ай ішінде жаңа үйлер нарығында да, қайталама тұрғын үй бағытында да жылжымайтын мүлік бағасы күрт төмендеп кетеді деп күтудің қажеті жоқ.

«Жыл соңына дейін біз тұрғын үй бағасы тұрақты түрде арзандап отырады деп санаймыз. Тек жаз кезіндегі белсенділіктің төмендеуінен кейін күзде қайта «тірілетін» нарықта қыркүйек-қараша аралығында қалыптан тыс өзгерістер орын алуы мүмкін. Бұл аталған сегментте бағаның арзандауына себеп болып отырған макроэкономикалық тенденцияларға қарсы тұра алатын факторлардың жоқтығымен байланысты. Қайталама тұрғын үй нарығындағы бағаларға бұрынғыша доллар бойынша алғандағы халық табысының азаюы, ипотекалық несиелендіруге қол жеткізу мүмкіндігінің шектелуі, қайталама тұрғын үй бағасының арзандау динамикасының қалыпты түрде төмендеп отыруы секілді девальвациядан кейін қалыптасқан факторлар ықпал ететін болады», — деп атап өтті Homsters.kz қазақстандық өкілдігінің басшысы Олеся Мельникова.

Сарапшының сөзіне қарағанда, қайталама тұрғын үй нарығындағы сатушылардың бір бөлігі доллармен көрсетілгендегі үй бағасын арзандатпау үшін қолдарында бар объектілерін сатпай, ұстап отыр.

2016 жылдың қаңтар айынан бері ҚР-дағы тұрғын үй бағасы тұрақты түрде арзандап отырды. Тек ақпан айында, сатылатын объектілер құнын шетелдік валютада көрсетуге қатысты тыйым шыққанда ғана теңгемен белгіленген үй бағасы айтарлықтай қымбаттады. Көктемнің келуімен бағалар қайта түсе бастады. Наурыз айында оңтүстік астананың қайталама нарығындағы бір шаршы метрдің құны шамамен 16%-ға, сәуір айында 4%-ға, мамырда 2%-ға арзандады. Маусым айының қорытындысы бойынша Homsters.kz сарапшылары аталған көрсеткіш тағы 1–2%-ға төмендейді деп болжап отыр.

Компания сарапшылары бір шаршы метр құнының төмендеуіне ықпал етіп отырған үш негізгі факторды атады. Біріншісі – халық табысының азаюына байланысты тұрғын үй сатып алуға деген сұраныстың кемуі. Екіншісі – саудаға шығарылған объектілер санының артуы. Homsters.kz сарапшыларының есебі бойынша, жыл басынан бері қайталама тұрғын үй нарығындағы жылжымайтын мүлік бойынша ұсыныстар саны 49%-ға артқан. Жаңа үйлер нарығындағы ұсыныс көлемі де өскен: 2016 жылдың қаңтар және сәуір айлары аралығында девелоперлер 2015 жылдың балама кезеңімен салыстырғанда 23%-ға артық тұрғын үйді саудаға шығарыпты. Үшінші фактор – жаз кезіндегі жылжымайтын мүлік нарығындағы белсенділіктің төмендеуі. Бұл да қайталама тұрғын бағасының арзандауына себеп бола алады.

«Макроэкономикалық жағдай өзгермесе, осы жылдың соңына қарай Қазақстандағы үй бағасы тұрақталады деп күтеміз. Нарық тепе-теңдікке ұмтылады. Біз қайталама тұрғын үй нарығындағы жүзеге асқан мәмілелер бағасы мен әу баста сатушылар қойған құн арасындағы айырмашылықтың азайып келе жатқанын байқап отырмыз. Қаңтар айында бұл айырмашылық  40%-ды көрсетсе, қазір 20–25% деңгейінде сақталып отыр. Сатушылардың объектілер құнының бастапқы бағасын бәрібір 5-10% көтеріп көрсететінін ескерсек, көрсеткіштің бұлай азаюы нарықтың тұрақтылыққа бет алғанын көрсетеді», — деді Олеся Мельникова

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу