Қазақстандағы қалың мал бағасы немесе сізге қанша “төленеді”?

Қандай қуатты жаһандану келмесін тоз бермейтін салттар болады. Бұл салттың өміршеңдігі сондай, ұлтымызбен бірге жасай беретіндігі күмәнсыз. Тойып та, тоңып та секіре жүріп қазақ бүгін қалың малды қалай төлеуде?

12
Қалың мал

Қалыңдықтың малы. Бұл жас отаудың әлеумет санатына қосылып кетуі үшін құйылатын инвестиция іспетті. Бүгінгі қалың малы төленетін қыздар – Спандияр Көбеевтің Ғайшасы, Міржақып Дулатовтың Жамалы, Сұлтанмахмұт Торайғыров жазып кеткен Қамарлар емес. Бағасы өлшеулі, хақысы ескерулі қыздар. Сонымен, қай жақтың қызына қандай қалың мал беріледі екен?

Алматы

Қалың мал бағасы: 100 – 500 мың тг аралығы

Қалыңдық қалың мал

100-150 мың теңге – ең төменгі қалың мал мөлшері. Көбінесе Алматы жұрты 300 мың теңгені қанағат көреді. Ең көп дегенде 500 мың теңгеге дейін барады. Қалың малдан бөлек басқа аймақтардағы тәрізді қоржын, киіт кигізу жоралғылары орын алады. Көбінесе киіттің мөлшері мен сапа, сипатын екі құдағи алдын ала келіседі. Қанша жағалы киім, қанша алтын, күміс, көйлек- жаулық, шапан-шапқыт қажет екендігін сұрасып, біліп алады. Қазіргі кезде атаулы киіт, жағалы киімдерді бергенде құдағилар бір-бірінен бой өлшемдерін де (размер ) сұрап біліп жатады. Жалпы халық мұның еш айыбы жоқ деп есептейді.

Шымкент

Қалың мал бағасы: – 1 млн теңгеге дейін

Шымкент қалың мал

Ең төменгі мөлшер – 300,000 тг. Мұндай қалың малы төленген қыздың жасауы осы бағаға сай жабдықталып келуі тиіс. Оның ішінде төсек-орын гарнитуры, бір жүк (сандық ішінде көрпе-жастық т.б.) болады.

Орташа баға – 500,000 теңге. Қалың малыңыз осы мөлшерде болса, артыңыздан келген жасауға міндетті түрде төсек-орын гарнитуры, екі жүк және негізгі тұрмысқа қажетті заттар (теледидар, тоңазытқыш, т.б.) енуі керек.

Шымкентте қыз құны 1 000,000 теңгеге жетіп те, асып та жатады. Қалың малыңыздың төлемі осындай болса, жасауыңыздың құрамына үйге қажетті барлық ұсақ-түйекке дейінгі заттар енуі керек.

Айтылған үш шамада да қыздың жасауына оның киімдері енеді. Төрт мезгілдік киіміңіз су жаңа бетінде этикеткаларымен келуі тиіс. Оның жаңа екендігі жеңгелер «тексерісінен» өтеді.

Тараз

Қалың мал бағасы: 300 мың – 1 млн теңге

Тараз Бейбіт Ыстыбаев

Қалың малы көп төленетін қыздардың бірі – Тараз қаракөздері. Шымкенттегі көрсеткіш мұнда да қайталанады. Қалыңдық малы 300 мың теңгеден 1 млн-ға дейін жетеді.

Басқа аймақтардағыдай мұнда да жігіт жақ қалың мал беруге, қыз жақ ұзатуға жағдайы келмей жатса, әдейілеп «алып қашу» ғұрпы жасалады. Бұл салттың негізгі сипаты басқа болғанымен, отбасы теңдігін, екі жақ ымыраластығын сақтауға септігін тигізетін жоралғының бірі.

Шығыс Қазақстан

Қалың мал бағасы: – 200,000 теңгеден бастап

Үйлену отбасы болу

Бұл аймақта нақты қалың мал мөлшері жоқ. Екі жақтың келісімімен отбасылық жағдайларды ескере отырып, құдалық кәделері – өлі-тірісі, той малы (тойға арнап сойылатын мал) беріледі. Шығыс Қазақстандықтар қалың мал деп осыларды есептейді. Сирек жағдайда мұны ақшалай да беріп жатады. Ол 200 мың теңгеден басталады. Бұл салттың көрінісі Астана қаласында да дәл осындай сипат береді.

Қалың мал берілмейтін аймақтар

Қарағанды аймағы мен Қазақстанның батысы Ақтөбе, Атырау, Орал қалаларында қалың мал мүлде төленбейді. Алайда қыздың жасауына барлық тұрмысқа қажетті дүниелер, киім-кешектері енеді. Батыстағы тағы бір ерекшелік – қызын ұзатқан әке-шешесі үйлену тойына қатыспайды.

Қазіргі кезде барлық аймақта қыздың жоғарғы білімінің болуы оның қалың малының көлеміне әсер етеді екен. Қызыл дипломы, шетелде білім алғандығы – оның бағасын өсіре түсетін факторлардың бірі.

Исламдағы қыз кәдесі

Исламдағы қыз кәдесі

Мешітте некесін қидырған жастар мәһр өтемін жасап жатады. Мәһр – қоғамдағы әйелдің беделін білдіріп, оның ақысы болып саналатын сыйақы немесе кез-келген мұсылман әйелдің үйленер алдында күйеуінен талап етіп алуға құқылы заты. Оны неке қию барысында ақшалай немесе заттай сұрай алады. Мәһрдің мөлшерін әйел адам белгілейді. Ал, ер адамнан бекітілген мәһрге деген келісімі сұралады, себебі екі жақтың да келісімі маңызды. Ең аз мөлшердегі мәһр құны он дирхамды құрайды. Бір дирхам шамамен 3,06 грамм күміске тең.

Ескіліктегі қалың мал

Әбубәкір Диваевтың Шымкент уезінен жазып алған дерегі бойынша, қалың малдың ең жоғарғысы 8 құлынды бие, 13 жылқы, 9 түйеден тұрған. Қалың мал көлеміндегі 1 жылқыны 6 қой ауыстырған.

Орта тұрмысты адамдың қалың мал көлемі 27-ден 37 бас малға дейін қамтылған.

Кедейлер тұрмысында қалың мал «дөңгелек қалың мал» деп аталып, 7-ден 9 бас малды құраған, кейде кедей отбасында екі жақтың келісімі бойынша бір-біріне сый-кәде бермей екі жасты қосқан.

«Мәдениетке ұмтылудың кепілі ескіні жоққа шығару емес, ескіні шыңдау болса керек еді» дейді ғалым Ақселеу Сейдімбек. Кешегі күнмен салыстырғанда қазақтың бұл салты «күпі киген» сипатын «шекпен жабуымен» ғана түрлендірген тәрізді. Тек арада «мал айдалғанда» жастардың бақыты ескерусіз қалмаса игі.

Жат жұрттыққа жаралған қыз бағасы қалың малмен ғана өлшеніп қоймайды. Оның абыройы мен беделі барған жерінде қандай келін, жар, ана болғандығымен бағаланады. Келін болып, түскен жерін «ел» ету – әке-шеше еңбегінің ақталғандығы, борышының өтелгендігі.

Ал сіз қай жаққа келін болуға лайық екендігіңіз туралы ойын ойнап көргіңіз келе ме?

Дайындаған, Ақжарқын Қыдырханова

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

12 пікір

  1. Бізде бəрі тегін,болса бір малдың құнын береді,болмаса ол да жоқ,ең бастысы махаббат!!! Өткенде келін түсірді туысқан ағам,келін Шымкенттен түсірдік 1000000 милион сұрап отыр,бір жағынан жақсы əрине,жігіттің жағдайы келмесе не істейді деп,ойлаймын.

  2. Негізі екі жақта келісу керек.Ештеңе жасамаймыз тірлік киім керек емес деп ойлаймын. Ол алған қалың малды əке шеше қыздың өзіне жұмсайды ғой. Қазір бəрі қымбат. 1 млн десе сол кетіп қалады дұрыс.

  3. Ол түсінікті ғой,одан да көп кетеді,бірақ бізде осындай ақша бересіңдер деп,шарт қоя алмайды, əрине шығарып салу тойы,дүниесіне, киімдеріне əжепуір ақша кететіні анық.

  4. негізі алмақтың салмағы бар, қалың мал деп қақсағанша қыздың артынан неше пұлға дүние барды деп сұрамайсыңдар ма, негізі қыз берген жақтың жасау шығыны қалың малдан асып кетеді қəзіргі заманда, қызда бердім, келінде алдым соңғы жылда

  5. Қызылорда алдын ала қыздары үшін 2000 доллар кем емес ақша сұрайды қыздың анасы ашық сұрайды

  6. Əрине бəрі де жақсы. Əттең топтың келтесі,бəрі де ақшаға келіп тіреледі. Сонша қалың мал беріп алғандағы келінің ажырасып кетсе,не ғайбыл. Болмаса сонша қалың малға сатқандағы қызың бақытсыз болса қайтесің. Сол себепті он қолды бірдей құлқынға тықпастан бұрын ойлану керек ең алдымен қыздың шешесі. Неге дейсіз ғой, өйткені сол қыз ғана көгертеді сол барған жерін. Келіннің аяғынан,шопанның таяғынан деп бекер айтпайды. АЛТЫН басты қатыннан,басқа басты еркек артық дейді. Қанша алтын диплом мен əлемнің бүкіл жерін шарласа да ,барған жерін бақытты қыла алмаса ата-енесі мен күйеуінің абыройын асқақтата алмаса ол не ұамсыз,тəкəппар келін атанады. Не болмаса ажырасып тынады. Не болмаса көп оқыдым,көп жерді араладым деп карера қуып тұрмысқа шықпай қалады. Мамандық иесі болған əрине жақсы,бірақ ең алдымен қандай əйел,қандай ана,қандай жар болу,имандылық пен сабырлы болу керек соны үйретсе ғой ата анасы. Барған жерін силауды үйретсе ғой. Болды сен бізден кеттің сен енді сол жақтың адамысың. Көп келме,көп хабарласа берсе. Егер сен сол жақта силы болсаң біз бақыттымыз десе. Қыздың көкірегі басыла бастайды. Сонда тезірек үйренісе бастайды. Жоқ қайдан мен сені текке оқыттым ба,не, ол берген қалың малы түкке де тұрмайды мейлі 200 000 мың бер, мейлі 1 000 000 бер бəрібір менің ана сүтімді ақтай алмайды дейді. Ал бақытын сатып əпере ала ма. Сол анасы. Анасының сүтін ақтап келген төсегі ақ қыз болса ғой сондағысы. Сөз ғана. Пəктер ілеу де,біреу ғана. Тура солай айтар едім ұлдарды да. Көрінген қызға көздеріңді сүзе бермей, қолдарына қандырған бақыттарыңды аялай біліңдер. Сендердің ата-аналарың қалың малды тіптен текке шаққан жоқ. Əрбір ата-ата ұл-қызым бақытты болса екен дейді. Қадірімізді білсе екен дейді. Кәмелетке толды ғой, үйлендірдім, отбасын алып кете алатын жағдайға жетті ғой дейді. Енді ары қарай екі жас тырысу керек. Шаңырағын шайқалтпауға. Қандай дауыл тұрмысын, аштық орнамасын . Үйленудің оңай ал үй болудың қиынын түсіну керек . Сол қалың мал текке шашылған ақша емес екенін білу керек.

    • Қалың малды сұраса, анасы өзіне сұрамайдығой, сол қыз баратын үйге екі есе етіп қосып , затын түгел етіп беріп жіберу үшін аладығой. Ол қызын беріп , қалың малдан пайда көріп қалайын деп отқан жоққой. Неге соны ойламаисыздар? Қыз жақ қалың мал алғанымен оның үстіне өз ақшасын қосып, қызымен бірге жасауымен апарады. Сол заттарды пайдаланатын жігіт жаққой.

  7. Товар көп, тұтынушы аз! Шетелге экспорт жасағымыз келмейід. Бағасы түсіп кетеді ау алдағы 10жылдықта! (жай ғана қалжың, қатты қабылдамаңыздар?

  8. маған осыдан 12 жыл бұрын жүз доллар əкелген???? Қазір тəубе ел қатарлы тірлік етудеміз бала шағамызбен.

  9. Батыста қыздың шешесі қызын апарып салады. Тойға қатысып, құдаларына тапсырады. Мақалада дұрыстап жазбаған. Қалың мал бермейді. Бірақ осы күні оңтүстіктен қалмаймыз дей ме әйтеуір той малы деп ақша беретін болыпты. Өзім Атыраудың қызымын. Қазір қыз жасауына бермейтін нәрсесі жоқ. Осының бәрі мақтаныш үшін сияқты. 2 миллиондай ақша кетеді шамамен.

    • Мен Оралданмын,бізде қыздың ата – анасы жігіт жақтың тойына қатыспайды!!!Тек қызбен еріп аға жеңгесі не апа жездесі,нағашы жақтан келеді,сонымен кем дегенде қызбен 10адам еріп барады!!!

  10. Катып калган бага жок,анау калада мундай екен мына калада мундай екен дейтин,Ата аналар оз жагдайларына карап шешу керек.Я рас кыздарын зат секилди Ата аналарда бар сататын,мен оны пален акшага окыткам деп,ол аркимнин санасына байланысты ашкоз Ана кызынын бакытын емес,оз калтасын ойлайды

Пікір қосу