Zero To One Labs

Zero To One Labs студиосын 2015 жылы аштық. Бұл идея Америкада оқып жүргенде келген еді.

АҚШ-тың Индиана штатындағы Purdue университетінде бакалавр дәрежесін оқыдым. Мамандығым Computer science, яғни компьютер ғылымдары. Ол IT емес. Computer science дегеніміз – математика мен информатиканың қосындысы.

Қазір AppStore-да  1,5 млн қосымша бар. Егер біз де мобильді қосымша жасасақ, оны әр адам қолдана алады деп ойладық. Себебі қазір әр адамның қалтасында ұялы телефон бар. Оның күші 60 жылдары Гагаринді ғарышқа ұшырған компьютерлерден де асып түседі. Ол үлкен дистрибуция. Сондықтан мобильді қосымша жасау бізге үлкен қызығушылық тудырды. Ең алғашқы қосымшамызды 2014 жылы жасадық. Being Beethoven деп аталады. Онда белгілі тұлғалардың әдеттері жиналған. Мысалы, Муракамидің әдеттерін алайық. Ол күнде таңертең сағат 6:00-де оянады. 7:00 мен 11:00 арасында кітап жазады. Түстен кейін жұмыс істемейді. Есесіне 10 шақырым жүгіреді немесе 1,5 шақырым жүзеді. Кешкі 21:30-да ұйықтайды. Бұл күнделікті қайталанып отыратын әдеттер.

Арман Сүлейменов
© szh.kz

Принстон университетінде магистратурада оқып жүргенде Тони мен Джордан деген достар таптым. Олар АҚШ-тағы ең үлкен YCombinator бизнес-инкубаторында жұмыс істейтін. 2012 жылы жазда мені командаларына шақырды. Сөйтіп 1 жыл бойы Калифорниядағы Кремний алаңында жұмыс істедім. Сол жерде жинаған тәжірибем, араласқан адамдарым маған қатты ықпал етті.

Осы уақытқа дейін  Zero To One Labs студиомызда 8 қосымша жасалды. Оның алтауы шетелдік аудиторияға арналған. Қазақстандағы ең белгілісі – «Келін». Ол Қазақстандық аудиторияға арналған қосымша. Алғашқыда тек 4 функциясы болды. Олар: сөздік, тест, рецептілер және чат. Соның үлкен потенциалын көріп, жүзеге асыру үшін қаражат құйып, қолдау білдірдік. 2015 жылы тамыз айының ортасында шығарылды. Идея авторы Дидара Пернебаева деген қарындасымыз. Ол  осы қосымшаның сыртқы имиджін қалыптастырушы тұлға. Ал біз  шымылдықтың артында жұмыс істеп жатқан жандармыз (күлді).

«Келіннің» жарнамасы 0 теңге

Қоғамда қарым-қатынасқа қатысты тақырыптар ашық талқыланбайды. Жасөспірімдер ата-аналарынан сұрауға ұялады. Соның салдарынан өсе келе небір қиындықтарға жолығады. Осы кезде олар «Келіннен» көмек сұрайды. Мысалы, қыздар екіқабат болып қалса, өздеріне қалай қарау керек, ана атанған соң қалай күтіну керек деген сауалдарға жауапты осы қосымшадан іздейді. Сондай жеке мәселелерге келгенде біздің қолданушылар 350 мың құпия жіберіп, бір-біріне демеу болып, ақыл-кеңестерімен бөлісіп отырады. Онда тек төсек қарым-қатынасы ғана емес, түрлі әлеуметтік мәселелер де талқыланады. Қосымшада сұлулық, сән, жаңалықтар, саясат және тағы да басқа 30 тақырып бар. Қазір «Келінді» тек қана әйел адамдар емес, ер адамдар да қолданады. Чатта өздерінің телефон нөмірлерімен бөлісіп отырады (күлді).

Ол жерге неше түрлі пікір жазатындар да бар. Басында өзіміз модератор болып, оның бәрін реттеуге тырысатынбыз. Қазір «карма» деген нәрсе бар. Ол жерде әр қолданушының өзіндік деңгейі болады. Әр деңгей қолданушының жіберген құпиялары мен жазған пікірлеріне байланысты өсіп отырады. Біз қолданушылардың арасынан модераторды таңдап, бекіттік. Олар өздері жазып, контентті өздері реттеп отырады. Бір-біріне шектеу қойып, анайы суреттер немесе сөздер жазылса, өшіріп тастай алады.

Осы айдың басында «Келінге» тікелей эфир қостық. Ол жерде қолданушылар түрлі салада жүрген көпшілікке белгілі әйелдерге өзінің сауалдарын қояды. Алдыңғы апталарда  Mada , Әсем Нұрсейітова  деген блогерлер қонақта болды. Қазір Аша Матайға арналған сұрақтар жиналып жатыр.

Арман Сүлейменов
© szh.kz

«Келінді» насихаттауға, жарнамалауға ешқандай ақша жұмсаған жоқпыз. Оның жарнамасы нөл теңге. Алғашқы қолданушылар тесттің нәтижесін әлеуметтік желілерде бөлісті. Сол share функциясы біздің қосымшаға деген қызығушылықты арттырып, тегін жарнама жасады. 1 айдың ішінде «Келін» AppStore-дағы ең көп жүктелетін нөмірі бірінші қосымша болып 2 апта  бойы тұрды. Ойлаңызшы, Whatsapp, Skype сынды барлық қосымшалардан озық тұрды. Бұл деген керемет емес пе?! Сосын біз қосымшаның Аndroid жүйесіне арналған нұсқасын жасадық. Қазір 180 мыңнан асатын тұрақты қолданушымыз бар.

Zero To One Labs
© szh.kz

«Kanji Ninja – шетелдік аудиторияға арналған қосымша»

Біз туындыларымызға бизнес ретінде емес, шығармашылық туынды ретінде қараймыз. Егер ол бізге қызықты және адамдарға пайдалы болып, сұраныс тудырса, жасаймыз. Біздің қосымшаларымыздың көбі білім және өндіріс саласына арналған. Мысалы, Kanji Ninja деген жапон тілін үйрететін қосымшамыз бар. Оны жасауға өзімнің қызғушылығым мен сұранысым себеп болды.

Студент кезімде жапон тілін оқыдым, бірақ ол тілде сөйлеспегендіктен, ұмытып барамын. Өткен аптада Сингапурға барғанда екі жапон азаматымен танысып, есіме түсіріп келдім. Ал Қазақстанда жапон тілінде сөйлесетін адам жоқ. Сондықтан өзіміз жасап шығарған Kanji Ninja-ны пайдаланамын. Жапон тілін үйренгенде мен үшін ең қиыны иеролифтерді жаттау болды. Менімен бірге оқыған корей, қытай балалары үшін ол оңай. Себебі олар иероглифтерді білетін. Сондықтан тек жапон грамматикасын ғана үйренді. Мен қатарластарымнан қалмау үшін біраз кітаптарды, мобильді қосымшаларды қарадым. Білесіз бе, олардың бір де біреуі маған керек білімді бере алмады. Сондықтан иероглифтерді оңай есте сақтауға арналған қосымша жасауды ойладым.

Арман Сүлейменов
© szh.kz

Kanji Ninja туралы идеяны ең бірінші туған ініме айттым. Оның жасы 17-де. Қазір Люксембургта мобильдік бағдарламалаушы болып жұмыс істейді. ЖОО-ға әлі тапсырған жоқ. Мектепті бітіре сала, жұмысқа тұрып кетті. Сол ініммен осы идеяны бөлісіп, қосымшаны бірге жасадық.

Kanji Ninja-ны сәуір айында  Америкаға жіберіп, Product Hunt деген ең белгілі дайджестің үздік үштігіне кірдік. Бірақ «Келінге» әлі жеткен жоқ. Ол үшін әлі жұмыс істеу керек.

«Жазғы стартап мектебіне үздік 190 адамды іріктеп алдық»

Қазір командамызда 11 адам бар. Осы командамен біз жылына 10 өнім шығара аламыз. Ал, 150 адамды  бір жерде жинасақ, 10 аптаның ішінде 50 қосымша жасауға шамамыз жетеді деп ойлаймыз. Сондықтан Intellection компаниясымен біріге отырып, жазғы стартап мектебін өткізіп келеміз. Биыл мектепке қатысу туралы 700 адамнан өтініш түсті. Біз оларға 20 сұрақтан тұратын сауалнама тараттық. Сондағы жауаптарына қарап, әңгімелесуге шақырып, арасынан ең мықты деген 190 адамды қабылдадық. Олар еліміздің әр аймағынан келген жастар. Арасында Назарбаев университетінде, КБТУ-да, Сеул, Америка, Корея, Ресейде  білім алып жатқан қазақ жастары да бар.

Қазіргі уақытта стартап мектебінің үшінші аптасы өтіп жатыр. Шәкірттеріміздің әрқайсысы бір-бір кішкентай қосымшалар жасап шықты. Жоба он аптаға жоспарланған. Алғашқы төрт аптасы қосымша жасауды үйренуден тұрады. Ол бағдарламалау, дизайн және маркентинг сынды 3 бағытқа бөлінген. Соңғы алты апта бойы олар өзінің өнімін жасайды. Оларға үйретіп, мобильді қосымша жасауға баулитын 15 тәлімгер бар. Осылайша, таңғы сағат 10-нан кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.

«Бұл сала – марафон»

Біз бәсекелестерге қатты назар аудармаймыз. Бұл сала – марафон. Бұл жерде 10 метр қашықтыққа жүгіруден біреу озып кетсе де, маңызды емес. Көбінесе, шетелдік қосымшаларды назарда ұстаймыз. Былтыр AppStore-ға  50-ден астам қосымша жібердік. Егер ол жерден біздікіне ұқсас қосымшалар табылса, ерекшелігін қараймыз.  Қай жақтың қосымшасы үздік екенін салыстырамыз. Біреу бізден жақсы болып, озып кетсе, оған ренжімейміз. Қайта содан үлгі алып, жаңа нәрсе үйренуге тырысамыз. Біз үшін бәсекелесу – маңызды фактор емес.

«Лоторея ойнамауға тырысамыз»

Біздің студиода ойындар да жасалады. Қазір танымал болып тұрған Flappy birds ойынын жасау өте оңай. Оны жасауды стартап мектебіндегі балалар бірінші аптада-ақ үйреніп алды. Бірақ ойындардың бір қиындығы бар. Олар лоторея сияқты. Сіз жасап шығасыз, бірақ ол ары қарай ұша ма, ұшпай ма, белгісіз. Сондықтан оны ойнамауға тырысамыз. Лоторея ойнау қызық емес, әрі уақыт алады. Мысалы, Rovio mobile компаниясының Angry birds ойынын алайық. Мен Питер Вестербака таныспын. Олар бұл ойынды шығарғанға дейін 5 жыл бойы 52 ойын жасаған. Тек 53-ші ойындары Angry birds қана сәтті болды. Осы сияқты 100 ойын шығарған компаниялар бар, бірақ әлі күнге дейін сол деңгейге жете алмай келе жатыр.

Арман Сүлейменов
© szh.kz

Жақында компанияға ойын жасайтын 2 бала алдық. Келесі 1-2 айда жаңа ойындар шығарамыз, бірақ ол біздің басты мақсатымыз емес.

«Мобильді қосымша шығару – ең қиын бизнес»

Көп адамдар қосымша жасап шығаруды оңай деп ойлайды. Олай емес, бұл өте қиын бизнес. Себебі қосымшалардың көбі өзіне салынған ақшаны қайтармайды. AppStore-дағы  қосымшалардың 90%-ы өзін ақтай алмай отыр. Олардың жүктелуі 3 мыңға да жетпейді. Біздің еліміздегі қолданушылар қосымшаға ақша төлемейді, себебі карточкалары AppStore-ға қосылмаған. Сондықтан қосымшадан ақша табу өте қиын.

Қосымшаны айналдырудың бірнеше бизнес модельдері бар.

Біріншісі, тегін қосымша жасайсыз. Сосын оған 1 миллион аудитория жасайсыз. Сонда сізге компаниялар өзінің жарнамасын беруге келеді. Facebook, Instagram, Google  солай істейді. Бірақ аудиторияны 1 миллионға жеткізу өте қиын шаруа.

Екіншіден, қосымшаны жасап, сатасыз. Бағасы 99 цент, 2 доллар, 3,99 доллар болады. Ол қосымшалар көп жағдайда шығынын ақтамайды. Себебі көп адам тура сол қосымшаның тегін нұсқасын тауып алады (күлді).

Үшіншісі бізге ұнайтын нұсқа. Қосымшаны тегін жасайсыз, бірақ ішінде ақылы түрдегі айлық және жылдық жазылуы болады. Ол коммуналды төлемдер сияқты тұрақты түрде айналып отырады. Жаңа адамдар қосылмаса да сізге ай сайын ақша төлеп отырады. Оны жасаудың да өз қиындығы бар. Бірақ біз осы жүйемен жұмыс істейміз.

Қазіргі таңда табысымыз өте кішкентай. Себебі барлық қаржымызды қайтадан бизнеске құйып жатырмыз. Айына жалақы үшін 10 мың долларға жуық ақша бөлеміз. Себебі команда үлкен.

Болашағы бар қосымшалар

Арман Сулейменов
© szh.kz

5 салада жасалған мобильді қосымшалардың болашағы бар. Олар: Project menegment, стресс менеджмент, өнімділік, білімге қатысты ойындар мен қаржы саласының қосымшалары. Соған қатысты бізде де бірнеше идеялар бар. Ол қалай жұмыс істейді? Идеясы өте қарапайым. Мысалы, сіз 280 теңгеге кофе сатып аласыз. Қосымша сіздің карточкаңыздан ол үшін 300 теңге алады. Қалған 20 теңгесін индекс-фондқа салады. Соның арқасында сіз айына 25-30 доллар сақтайсыз. Ол депозит сияқты жұмыс істейді. Жылына 6% өсім болады. Керемет идея деп ойлаймын. Адамдар әдеттерін онша өзгертпейтді, бірақ пайда алады.

Өнімділік саласында Forest деген қосымша бар. Оны қытайлар жасап шығарған. Мен бұл қосымшаны телефонға тәуелді жастарға ұсынар едім. Мысалы, сіз 25 минут бойы ешқандай әлеуметтік желіні ашпай, тек қана мақала жазуды көздесеңіз, таймерді 25 минутқа қоясыз. Таймер қосылғанда ағаш «егіледі». Егер оныншы минутта инстаграмды ашқыңыз келіп, телефонды ашсаңыз, ағашыңыз өліп қалады. Мен күніне 8 ағаш өсіріп отырамын. Әрбір ағаш  – менің 25 минут бойы телефонға қарамай, өнімді іспен шұғылданғанымның көрінісі. Бұл қосымшаның тағы бір пайдасы бар. Ол арқылы сіз ағашты реалды түрде өсіре аласыз. Мен Үндістанда ағаш өсірдім. Шын ағаш. Менің қосымшада жинаған ұпайларымды өндірушілер бір әлеуметтік ұйымға қаржы ретінде құяды, олар бір ағаш егеді. Бұл үлкен жетістік. Біріншіден, адамдар уақытын босқа кетірмейді. Екіншіден, қоршаған ортаға пайдамыз тиеді.

«Талант бойынша бәрі тең, бірақ мүмкіндік бойынша емес»

Қазақ жастарының потенциалы өте жоғары. Ол шетеле оқыған-оқымағаныңа  қатысты емес. Осыған қатысты бір керемет сөз бар: «Талант бойынша бәрі тең, бірақ мүмкіндік бойынша емес». Мысалы, Америка мен бізді салыстыруға болмайды. Мен Америкада оқығанда университетке Microsoft, Google, Dropbox, Twitter, Facebook  сынды компаниялар келіп, жұмыс орындарының жәрмеңкесін жасайтын. Бұл жергілікті балалар үшін үлкен мүмкіндік.

Білім тұрғысынан американдықтардың деңгейі бізбен қатарлас. Болса да, бізден сәл ғана жоғары болуы мүмкін. Оның себебі неде? Себебі олар университетке дейін жақсы мектепте оқыған, мектептерінің артықшылығы неде? Себебі жақсы ұстаздар бар. Ұстаздары несімен ерекше? Себебі еңбекақасы жоғары.Ол ұстаздарға өз ісіне деген құлшыныс сыйлайды… Ал бұның бәрі – мүмкіндік.

Бізге мүмкіндіктер кеш келіп жатыр. Мысалы, мен интернетті ең алғаш 2002 жылы қолдандым. Ал менің американдық достарым интернетті 1994 жылдан бастап меңгерген. Арада 8 жыл айырмашылық бар. Олардың іргетастары ерте қаланған, кірпіштері де жылдан жылға көбейіп келеді. Ал біздің іргетасымыз енді қаланып келеді. Біз қосымшаларды жасауды енді қолға алып жатсақ, шетелдерде жасанды интеллект, адам дауысын танитын жүйе, виртуалды реалдылық жасалып жатыр.

Біздің тағы бір мақсатымыз – отанымызға үлкен компаниялардың өкілдерін алып келіп, жастардың потенциалын көрсету. Біз жазғы мектепке апта сайын шетелден мамандар шақырып, лекция оқытамыз. Былтыр Алматыға Стивен Вольфрам келді. Ол әлемдегі өте белгілі программист, Стив Джобстың әріптесі (күлді). Сергей Брин Google-ді құрмас бұрын Стивеннің компаниясында жұмыс істеген. Осындай білікті мамандарды Қазақстанға алып келуге шамамыз жеткенше тырысып жүрміз. Егер алып келе алмасақ, Skype арқылы байланысқа шығамыз. Олардың қазақ жастарын жігерлендіріп, жаңа мүмкіндіктер ашуына аз да болса ықпал еткіміз келеді.

«Әр саланың өз Флоренциясы бар»

Арман Сүлейменов
© szh.kz

Қазақстанның Idea-lab деген компаниясы бар. Олар «Самұрық-Қазынамен» бірлесе отырып еліміздегі технология саласындағы кәсіпкерлерді Сингапурге апарады. Биыл үшінші рет ұйымдастырылды. Мен оған екі күн ғана қатыстым. Көп нәрсе үйрендім деп айта алмаймын, бірақ кезінде бірге оқыған достарыммен кездестім, тәжірибе алмастым. Бұл салада ең басты мәселе – үйрену. Ол үшін сондай орта болуы керек. Мысалы, б.э.д. ІІІ ғасырда ең мықты философтар Афинада,ең мықты мүсінші, әншілер Римде болды. Қазіргі уақытта әр саланың өз Флоренциясы бар. Мысалы, Нью-Йорк, Лондон, Сингапур – қаржы орталығы,  кино индустрия  Лос-Анджелесте жақсы дамыған. Біздің еліміз бұл қатарға әлі іліккен жоқ. Ол үшін тәжірибелі мамандардан көп нәрсе үйрену керек.

Біздің еліміздің атын шығарып жүрген отандастарымыз көп. Кинода Бекмамбетов, мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен, бокста Генадий Головкин. Бірақ бағдарламалау, технология саласында біздің ел танымал емес. Біз Ресейге қарап қалғанбыз, онда не болса, соны жасаймыз. Менің ойымша, бүкіл әлемдік чемпионатқа қатысуымыз керек.

«Менің әдеттерім – американдық әдеттер»

Соңғы жарты жылда кітап оқуға уақыт таба алмай жүрмін. Жаяу жүремін, күнде таңертең өзеннің бойымен жарты сағаттай  жүгіремін. Ағылшын тілінде сұхбаттар тыңдаймын. Менің қалыптасқан әдеттерім – американдық әдеттер. Бәрі студент кезімде қалыптасқан. Lumosity деген қосымшаны күнделікті қолданамын.  Онда жад, жылдамдық, есеп шығаруға арналған жаттығулар бар.

Таңда 7 құрма жеп, зығыр майының 3 қасығын, 1 стақан су ішемін. Менің таңғы асым осы.

Сондай-ақ күн сайын AppStore-ды тексеремін. Жаңадан шыққан 2-3 қосымшаны қосамын, ұнаса қалады, ұнамаса, өшіріп тастаймын. Күнделікті трендтерді бақылауда ұстаймын. Суретшілер қандай көрме болатынын назарда ұстаса, мен  қосымшаларды қараймын.

Zero to one labs студиосындағы 1 күн

Жұмыс таңғы 10-30-да басталады. Ең бірінші бүгінгі күнге арналған жоспарды жасаймыз. Әркім өз жұмысын бөліп алады. Сосын кешке дейін соны орындаймыз. Кешкі 19:00-де қайтамыз. Қарапайым жұмыс күні. Біздің жұмыс үдерісіміз қызықсыз,алайда нәтижесі қызықты.

«Be so good, they can’t ignore you»

Арман Сүлейменов
© szh.kz

Стив Мартиннің бір сөз бар: «Be so good, they can’t ignore you». Бұл әмбебап кеңес. Мысалы көбі «Қалай жақсы жұмысқа тұруға болады?» деп сұрайды. Менің айтарым: «Be so good, they can’t  ignore you». «Болашаққа» қалай түсуге болады?» – «Be so good, they can’t  ignore you».

Екіншіден, ұялмау керек. Біз көбінесе қоғамдық ойдан қорқып, өзіміздің шын ойымызды іркіп қаламыз. Әр адамның ішінде бір кітабы бар, бірақ көбі оны жазбайды. Себебі ешкімге қызық емес деп ойлады. Мысалы өзімді айтайын. Мен орыс мектебінде оқығанмын. Қазақ тілінде сөйлемегеніме көп болды. Кейде ойымды жеткізуге тіл байлығым жетпей қалады. Бірақ мен оған қысылмаймын. Қалада барлық адам қазақ тілін біледі. Бірақ сөйлемейді. Неге? Акцентпен сөйлеуден ұялады. Мен жүзе алмаймын деп ұялсаң, жүзіп үйрене алмайсың. Сондықтан жаңа нәрсе үйренбек болсаң, ережесі қарапайым: жүзе алмасаң да суға түсуің керек. Жүзудің теориясын меңгергеннен жүзіп кетпейсің, суға түссең ғана жүзесің. Бәрі де тәжірибемен келеді.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Балжан Балташева

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

10 пікір

  1. Біздің елімізді әлемге тан ететін студенттерімузлің бірі! Жарайсын! Алдына қойылғае мақсаттарына жете бер

  2. Осындай жастар туралы көбірек жазып, жастарға үлгі ете білу керек. Мотивация берудің жақсы жолы! Жарайсыңдар!

  3. Бетке ұстар кей қазақтың балдары елден кетеміз, бұл ел құрыдымға кетіп бара жатыр деп жылаңқы сөз айтқандай, сөзден іске көшіп, Қазақстанның гүлденуі үшін еңтек етіп жатақан Арман секілді қазақтың ұлдары көп болсын.
    Шет елде оқыса да елге келіп қызмет етіп жатқан жігіттен қалай ған айналмайсың! Айналайын Арман. Ата бабамыз армандаған Арманы болғаның үшін қуанып отырмын. Алған бетіңнен айтама.
    Сәттілік!

  4. Бауырым, саған тек қана сәттілік тілеймін. Армандарына, қойылған мақсаттарына жете беруіне тілектеспін!

  5. Бәріміздің, армандағанымыз, келесі жастарымыздың тек білімділік жолымен, елін көркейте берсе екен деп жүреміз ғой әрқашан!! Ендігі 21 -ғасырдағы жастардың басты мақсаты , адамның жан дүниесін жақсартумен айналысу болып отыр. Ол қажымас талмас біліммен келетіні, және барлық істердің мәнін түсініп барып, адал ниеттілік пен еңбегің- адам баласына зардабын тигізбестей болуы үшін көп еңбек нәтижесін ,мәнін қайталаумен тексеруде болады да тұрады.. Оны ғылыми жолдылық дейді әрине!!! /небір аурулар қақтығыс соғыстар ,үкіметтің берген ақшасына жоғарғы құлықтылық еңбегін арнамай адамгершілікпен, қайта ұрлап, сол жамандықтар көбеюде / Ертеден -ақ білімнің жолы- еңбексіз жолмен келмеуі бәрімізге аян. Біздер уақытысында -яғни жан дүниеміздің сенімді түрдегі адамгершіліктер мүмкіншіліктерін тек туа біттілікпен ғана – одан кейін-оқып қана жалғастыруымыз керек деп түсінетін едік көбінесе. Белгілі бір істе еш нәрсенің мәнін ұқпай-ақ, тек естілік пен зерделілік арқылы орындалады деп түсінгендіктен , сол туралық деп , көп оқыдық!! Сол өткен- аға буындарымыз да уақытысында біразға дейін сол культпен- өте есті адамдарымыз данышпандар мен, ғалымдар, болмаса ұлтымыз былай дейді деген культты ғана орындап қана келген едік!! Ал негізінде ең басты мақсат “былай деген еді” -деп отыра бермей, АЛЬ ФАРАБИ атамыз айтқандай -ең алдымен адам жан дүниесін тәрбиелейтін – адами тұлғалыққа, құлықтылыққа уйрету керектігі де көп болғаны екен, сол уақыттан да бастап … Халқыңа деген көп еңбектер керек еді әрине …Еңбегіңді түсініп, адал ниетті қызметкерлік оймен, адал жұмысыңды орындау мақсаты да көп болуы тиіс екен. дегендей- адал ниеттілікпен, қажымай- талмай ізденіспен-жүректік пен ол ғылыми жолы болса да- қайта қайта тексеріп, толық мағынасына жету болады екен.. Әрине ол үшін жан қаның ұлттық мақсатымен де келеді,келіп те жатыр- бірақ -ұлттық мақсатпен ғана келеді десек, ол эволюция жолы өте терең, өте жәй табиғи құбылысқа ғана зер салып отырғандықтан , еңбегіміз де тек біржақтамалықта,бір сарында,бір спектрлі бола береді екен.. Сондықтан қазіргі өмір ағысымыз тездікте болғандықтан, әрі зор адамгершілік, пен мейірімділікпен әрі құлықтылық пен келген жұмыстарымыз көп бола берсе, бұл баламыздың еліне арнаған жұмыстарындай, өз қатарына арнаған аманаттары жақсы болғанннан , әрі көп тілді біліп отырғанынан еңбегі жаңарып, жан дүниенің жоғарғы психологиясына да өзгертуге ат салысып отыр екен!!Тірлігі іске асып отыр екен!! Данышпан А.С. Пушкиннің сол заманда да айтқан сөзі еске түседі екен ..!! Жан дүниенің өзгеруі табиғилық-тектілікке ғана байланысты емес,яғни тек табиғаттан алу емес- отыра беріп, аңсап қана отыра берсеңіз еңбексіз-өмірді түсіне де алмай,даму дегенге көз салмай жүре бергеніңіз деп айтқан екен .. Яғни теориядан түсініп зерделілікпен, және оны халқыңа зор еңбекпен тексере отырып жүректілікпен практикада арнау жолында болыңыз, яғни іркілмей дамуда болып,жаңалық ашыңыз болмаса өз тарапыңыздан да еш болмаса сурет салыңыз дегені екен !! Жан дүниенің адамгершілігін, мейірбандығын, ізгілігін, құлықтылығын, жаман мен жақсылықты айырумен бірге , жақсылықты мақсат етуі тек оқып білумен қатар- өзіңнің рухтануыңмен мен бірге рухтандыра алатын жолымен ғана табасың деген еді . Олар әрине барлық бейнелеу өнерімен : романдар, поэзиямен суреттер, живописі бар полотнолар,терең ойлы музыкалар мен әуендер -мейлі фольклорлы ,классикалық болсын,/ өз ойымнан- фильмдері/ суреттемелермен, шығармалармен -рухталған жүзіңізбен келеді деген еді. Ал келесі жаңалықтар өздігінен ақылдылығынан ғана шыға бермес болар, олар тек өткенді-кеткенді тарихыменен, алдағыны жақсы түсініп, жазғандарды,суреттегендерді, есептегендерді ,тақпақтағандарды, жақсылық мейірімділікпен зор құлықтылыққа сүйреген де музыка үнімен де қайталап оқып, еңбектенгеннен ғана келеді депті !!! ЕНдеше келесі бағытымыз шеттілінен зерделікпен- осы адамгершілігі бар теориялар мен зор еңбектерімен таныса отырып, бұл жас жеткіншегіміз-өз ортасын нағыздыққа жақындату үшін , біреуге тек қастық іспен емес,бақытсыздыққа барған-бәлені де тамырымен жоюмен де жүрген тіптен жақсылықсыз жамандық болмас деген-ғылымдылық ГУМАННОСТЬ -ойымен жүрген жаңа заман адамы болғаны екен, ІСКЕ СӘТ ендеше, жастар қатары көбейе берсе, ұлтымыздың да рухы да жаңара береді екен әрине!!!!

  6. Шынымды айтайын кышкене кызганыш сезымы пайда болды, ойткены ол адам информатика нык менгерып, программалар кура алады, ал мен неге кура алмаймын деп озым ойландым, менде максат болмаган сон шыгар балкым. Дегенменде, менде коре алмау сезымы мулдем жок, саттылык саган достым, ар бастамаларында.

  7. Өте қызықты мақала! Арман бауырыма тек сәттілік тілеймін! Бірақ кішкене мағлұматты тексерсендер қайтеді? Limusiti емес Lumosity.

Пікір қосу