Андрей Аршавин қазір қазақ тілін үйреніп жүргенін айтты

Қазір Алматының «Қайраты» сапында ойнап жүрген Ресей құрамасының бұрынғы шабуылшысы Андрей Аршавин бұл командадан кеткеннен кейін футболшылық мансабына нүкте қоятын ойы барын мәлімдеді. Бұл туралы «Р-Спорт» ақпарына сүйенген ras.kz хабарлады.

0
Андрей Аршавин Қайрат

Аршавин биылғы қыста екі жақты келісіммен Краснодардың «Кубанымен» арадағы келісім-шартын үзген болатын. Наурыз айында ол «1+1» схемасы бойынша «Қайраттың» ойыншысы атанды.

Алматылық клубтан кейін футболшылық мансабын тоқтату ықтималдылығы туралы қойылған сұраққа футболшы: «Негізі, солай болатын шығар», деп жауап берген.

35 жастағы спортшы сондай-ақ қазақ тілін үйренгісі келетін-келмейтіні туралы сұраққа да жауап қайтарыпты.

«Мен үйреніп те жатырмын. Шын мәнінде біраз сөздерді білемін. Мысалы, қар дегеніміз – снег, ал орталық – центр. Қазақ тілі – мен үшін қиын тіл, бірақ уақыт өте келе тым болмаса ол тілде жұрттың не айтып жатқанын ұғатын хәлге жете алатын шығармын деп ойлаймын», – деді Аршавин.

Бұдан бұрын Андрей Аршавин Санкт-Петербургтің «Зениті» (1999-2008, 2012, 2013-2015) мен Лондонның «Арсеналында» (2009-2013) өнер көрсеткен. Ол «Зениттің» құрамында Ресейдің үш дүркін чемпионы атанды, екі рет турнирдің күміс медалінің иегері болды, бір-бір реттен УЕФА Кубогі мен Суперкубогын, Ресей Суперкубогы мен премьер-лига Кубогын жеңіп алды. 2002-2012 жылдары Ресей құрамасы сапында хавбек ретінде 75 матч ойнап, 17 гол салды. Команданың капитаны дәрежесінде 2008 жылы Еуропа чемпионатында қола медальге қол жеткізді.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу