Қазақстанда салафизмге тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр

Қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті салафизмге тыйым салу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы «Қазақстандағы дін» деген тақырыпта өткен жиында комитет төрағасы Ғалым Шойкин мәлімдеді.

Дереккөз: Bnews
0
Қазақстан салафизм

«Халық арасында түрлі пікірлер айтылуда. Мамандар да өз ойын білдіріп жатыр. Сондықтан Дін істері комитеті барлық пікірлерді қарастырып, зерттеуде. Жалпы, бұл шешім қабылданса, қоғамға тигізетін әсерін де ойлауымыз қажет. Қандай қосымша шаралар қолдану қажет, қандай қауіп қатерлер болуы мүмкін? Міне, осы сұрақтарды жан-жанқты қарастырып жатырмыз», — деді ол.

Сонымен қатар, Ғалым Шойкин аталмыш мәселе бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті.

«Дін саласында көптеген жаңа ұсыныстар қаралуда. Басқа ағымдардың жетегінде кеткен азаматтарды оңалту бағдарламаларына көптеген өзгерістер енгізіліп жатыр», — деді Шойкин.

Сондай-ақ, Ғалым Шойкин Қазақстанда исламның салафиттік бағытын ұстанатындар санын толық ешкім білмейтінін айтады деп хабарлайды Азаттық.

«Дәстүрлі емес діни ағымдарға, оның ішінде салафизмге тереңнен сенетіндер саны шамамен 15 мыңдай адам. Соңғы екі жылда мұндай адамдар саны қысқарды. Бірақ бұл «айсбергтің» жоғарғы бөлігі ғана. Олар айтарлықтай көп, идеяларын тығып жүреді. Идеясынан бас тартқандармен де жұмыс жүргізіп жатырмыз», — деді Ғалым Шойкин Астанада «Эксперт» пікірталас клубының отырысында.

Оның сөзінше, Қазақстандағы салафиттік ағымдағылардың нақты санын ешкім айта алмайды.

Ал, мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы Айдар Әбуовтың пікірінше, қазір Қазақстанда салафиттік сайттарда 80 мың адам отырады. Оның 15 мыңы Астанада.

«Бұл олардың бәрі белсенді деген сөз емес. Олардың ішінде тек қызығушылық танытқаны немесе енжар қатысушылар бар. Кейбір мамандар төзімді (умеренный), либералды, қауіпті емес салафизм бар дейді. Сонымен бірге, радикалдысы бар. Салафизм — бұл бір ілім. Оның бастапқы сатысын ұстанып жүргендер бар. Бірақ, бастапқы сатысындағылар олар жоғарғы сатыда өздерін не күтіп тұрғанын білмейді. Бұл – такфир мен жиһад», — дейді Әбуов.

Айдар Әбуовтің Азаттық тілшісіне айтуы бойынша, 2015 жылдан бүгінге дейін 22 мың 237 заңға қайшы діни материалға шектеу қойылған. 21 мың материал сайт ресурстарынан өшірілген, 1 мың 205-і сот шешімімен бұғатталған.

Қазақстанда бұған дейін «салафи бағыттағы идеологияны ұстанады, қолдады, терроризмді насихаттады» деген айыппен ондаған адам сотталған.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу