Ақтөбедегі атыстардан 17 адам қаза тапты

ҚР ІІМ мәліметінше, олардың ішінде 11-і лаңкес, екеуі әскери, біреуі "Паллада" дүкенінің сатушысы, біреуі "Жедел күзет" қызметкері және тағы біреуі дүкеннің келушісі.

Дереккөз: tengrinews.kz
10
Ақтөбе атыс

Осыған дейін ІІМ өкілдері оқиғалардың ретін және қылмыскерлердің көзі жойылғанын хабарлаған болатын.

5 маусымда сағат 14.28-де (Ақтөбе уақыты бойынша) діни радикалдар тобы қаруларды алу мақсатында «Паллада» дүкеніне шабуыл жасады. Сонымен қатар, қылмыскерлер дабыл батырмасын басқан сатушыға бірнеше жерден пышақ салып, салдарынан ол сол жерде қаза тапты.

Шақырту бойынша оқиға орнына «Жедел Күзет» ұйымының екі қызметкері келіп жетті, олардың бірі сол жерде қаза тапса, екіншісі ауыр жарақат алды. «Паллада» дүкеніне келген полицейлерге қылмыскерлер қарсылық танытып, атыс кезінде үш полицей жарақат алды.

Осы дүкеннен қылмыскерлер 17 дана оқ ататын қару (3 иір ойықты мылтық пен 14 тегіс ұңғылы қару), 3 газды қару, сонымен қатар, патрондар мен пышақтар алып кеткен.

«Паллада» дүкеніне шабуыл жасағаннан кейін қаруланған қылмыскерлердің екі топқа бөлініп кеткені белгілі болды.

«Қылмыскерлердің 6 адамнан тұратын бір тобы ұрланған патрульдік автокөлікпен тағы бір қару-жарақ дүкені — «Пантераға» шабуыл жасап, екі адамды пышақтаған. Олардың бірі сол жерде қаза тапса, екіншісі жарақат алды. «Пантера» дүкеніне келген полиция қызметкерлері атыс кезінде үш қылмыскердің көзін жойып, біреуін ұстады. Тағы біреуі жарақат алды, екі қылмыскер жасырынып үлгерді. Қаруланған олар бірнеше уақыттан кейін қала сыртында өлтірілді. Қылмыскерлердің екінші тобы қоғамдық көлікті басып алып, жолаушыларды түсіріп жіберген. Өздері басып алған автобуспен олар Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінің қақпасын бұзып өтіп, сол жерде полицейлермен және әскерилермен атысты. Қарқынды қарсылыққа тап болған қылмыскерлердің бір тобы қоршауға алынса, екінші тобы жасырынып қалды», — деді ІІМ өкілі Алмас Сәдуов.

Атыс барысында бір қылмыскердің көзі жойылып, біреуі жарақат алған. Ұлттық ұланның әскерилерінен 3 адам қаза тауып, 6 адам жарақаттанды. «Паллада» дүкенінің қасында жүргізілген іздестіру шаралары барысында полицейлер осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 5 адамды ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізді», — деді ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев.

Түнгі жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлерге қарсылық танытқан тағы 5 қылмыскердің көзі жойылды, 2 қылмыскер ұсталды. Қылмыскерлерден ұрланған қарудың көп бөлігі тәркіленді.

«Қарулы шабуыл жасаған қылмыскерлердің аты-жөні толықтай анықталды. Оларды іздеу және ұстау шаралары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында контртеррорлық операция режимі енгізілді. Операцияға елдің ішкі істер органының жеке құрамы толықтай жұмылдырылды. Ақтөбедегі жағдай тұрақты, кәсіпорындар мен қоғамдық көліктер күнделікті режимде жұмыс істеп тұр», — деді ол.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

10 пікір

  1. Мұндай ел ішінде бүлік салушыларды тергеп болған ату жазасына бұйырып атып тастау керек. Босқа түрмеде асырағанша

  2. Жер-жерде қысқа балақты сақалдылар мен бетін тұмшалаған жас әйелдер өте көп. Ал олардың қандай дін мен қандай ағымда екенін өздері ғана біледі. Олар ешкіммен сыр ашып сөйлеспейді, тек өз тобындағылармен ғана сөйлеседі. Ислам дінін ұстанған кейбір азаматтарымыз (әйелдері үндемегенімен) жалпы жамағатқа арналған уағыз айтып, имандылыққа үгіттеп отырады. Олардың жүзі жарқын, сөзін тыңдаған сайын көкірек көзің ашыла береді… Ал қара сақал мен қаба сақалдылардан бәрін күтуге болады… Ал осы сақалдылардың тым көбейіп кеткені қауіпті емес пе?! Секем туғызбай ма? Олар тойдың музыкамен өтуіне мүлдем қарсы. Тіпті бақилық болған жақындарын сағат 5-00 ден қалдырмай көмуге мәжбүрлейді екен. «Мұсылмандар Арабияда солай істейді» деп, Қазақстандағы қазақтардан ата-бабаның «торқалы той мен топырақты өлімдегі» рәсімдерін өзгертуін талап ету — осы жат ағымның әсері емес деп кім айта алады? Ойланайық, ағайын! Айналамызда біздің өмір салтымыздан мүлдем басқаша өмір сүріп жатқан жастарымыздың осындай теріс ағымға еріп кеткеніне осы уақытқа дейін көз жұмып қарап келдік. Ең болмаса оның ұстанып жүргені қандай дін, қандай ағым екенін анықтауға құзырлы органдар араласып тіркеуге алып, тергемесе, анықтамаса, олардың қатары көбейген үстіне көбейе бермек.

  3. Өзі аз ғана қазақпыз. Оған оқ атқанды (мейлі қазақ болса да) жою керек.Оның миы да, жан дүниесі де уланған, теріс пиғылда. Оқ атқандар бәрібір жанын пида етуге ант-су ішіп кірген ұйымынан, оның заңынан шығып, Қазақстанның патриоты да, қарапайым азаматы бола алмайды. Олай істесе, өзге сақалдылар оны тірі қоймайды.

  4. «Үй ішінен үй тігу» деген-осы, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» дегенде жау да, бөрі де сол Ақтөбедегі жазықсыздарға оқ атқандар! «Мал жаманын асырасаң, аузы-мұрныңды май етеді, адам жаманын асырасаң, аузы-мұрныңды қан етеді» деп осындайларға айтқан. Солар басқа елден келіп отырған жоқ, өз ішімізде жүргендер емес пе!? Оларға қару не үшін керек болыпты? Бүлік шықса, Ислам дінін ұстаушылардан көруші еді – Қара, енді жан-жағыңа! Егер сол жауыздар Ислам дініндегілер болса, тап ертең Ораза деген күні қаруға жүгіріп, жазықсыз жандарға ажал құштырып, оқ атпас еді…

Пікір қосу