Ақтөбелік кәсіпкер үш әйелмен қалай тату-тәтті өмір сүрудің құпиясын айтты

Ол сақтаған қымыз 8-9 айға дейін тұп-тұщы болып тұра береді. «Қыста сақтауға тастаған қымызды көктемде ішсеңіз, жаңа сауған саумалдай болып тұрады», — дейді өзі. Орынбай Жолмұратов Әйтеке би ауданы Ақтасты ауылындағы «Шыңғыс» шаруа қожалығының басшысы. Жылқы шаруашылығымен 12-13 жылдан бері айналысады екен.

Дереккөз: AktobeNews
0
Орынбай Жолмұратов

Алғашқыда 7 бие сауудан бастаған. Кейін оны 30-ға, 50-ге, ақыры 100-ге дейін жеткізген. Биыл 120 бие сауамын деп отыр.

— Соңғы екі жылда биені арнайы аппаратпен сауып жүрміз. Оңтүстік Қазақстан облысындағы, Қызылордадағы шаруаларға барып, тәжірибелерін үйреніп қайттым. Мал басы көбейді. Ауылымызға келген жас әкім барлық көмегін беріп тұрады. Микроауылкредит деген жерден 12 миллион теңге несие алып, цех салып жатырмын. 15 мамыр күні қажетті жабдықтарды алып келеміз. Қора салдық, — дейді ол.

Жылқышының айтуынша, қымыз үш-төрт күнде ашып, сосын қаңсып кетеді. Сол үшін оны сақтаудың технологиясын іздепті. Ақыры тауыпты. 4 жыл бойы эксперимент жасаған. Бүгінде қымызды 7-8 ай бойы ашытпай, қаңсытпай сақтай алатын болдым дейді. «Жақында Ақтөбеде өткен ауылшаруашылығы жәрмеңкесіне қатыстым. Былтыр маусым айында сақтауға тастаған қымызды шығардым. Тұп-тұщы. Сол күйінде тұр. Халық талап алып кетті», — дейді.

«Қалай сақтайсыздар?» — десем, «Барлық құпияны айта алмаймын» деп қояды.
Дегенмен шет жағасын айтты: «Ауылда Ақылбек деген милиция бастығы болды. Сол сәуір айында сақталған қымыз деп қымыз ішіп отыр екен. Содан соның құпиясын білгім келді. Шолпан деген қарындасымнан сұрадым, ауылда бірнеше жыл мал баққан ақсақал болды, одан да сұрадым. Анадан, мынадан сұрадым. Құдыққа, ұраға салып көрдім. Төрт жылдай дұрыс сақтай алмадым. Саумал сүт пен қымыздың қорын араластырудың мөлшерін нақты шығару керек, сәл аз не көп болып кетсе, қымыз сақталмайды. Оның мөлшері сақтау уақытына да байланысты болады, яғни, неше жыл, неше айға сақтайсың, соның есебін білу керек. Одан әрі құпиясын айта алмаймын», — дейді.
Қымызды бабына келтіруді де осы жылдары бір кісідей үйреніп алған. Күбіні кейде құртқашашпен, киікотымен, көбіне тобылғымен ыстайды екен.

«Шыңғыстың» жарты тонна қымызы күн сайын облыс орталығына әкелініп тұрады. Ол аз болса, Ресейдің көршілес ауылдарының тұрғындары осы шаруашылықтың қымызын арнайы іздеп келіп, сатып алады дейді. Орынбай жылқышы болашақта қымызды шетелге шығаруды жоспарлап отыр. Тағы бір жоспар — бие сүтінің ұнтағын жасау. «Қарағандыда немістер қымыздың ұнтағын жасап жатыр дегенді естідік. Біз де қолға алмақпыз. Осы бағытта мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ниетім бар», — дейді ол.
Орынбайдың 10 жұмысшысы бар. Барлығына көмектесіп тұрады. Жыл сайын әр жылқышысына бір-бір биеден ұстатады. Құда жолы, той-томалақтарын атқарысады.
Үш әйелі бар. Нағыз қазақ. Үшеуі де бір ауылдың қызы екен. 18 жасында бірінші рет үйленген қазақ 32 жасында тағы бір келіншек алыпты. «Екінші келіншегімді бәйбішемнің өзі барып алып берді. Ал үшіншісі рет үйленгенімде 50 жаста болдым. Жас әйелім ол кезде 22-де болды», — дейді ошақтың иесі. Оның айтуынша, бірнеше әйел алуды шешетін бәйбіше. «Үлкен әйелім сыр бермейді. Негізі бәрін шешетін бірінші әйел. Одан ешкім аса алмайды. Екі әйеліммен бір шаңырақтың астында 23 жыл бірге тұрдым. Балалар да бірге өсті. Қазір кші әйеліммен тұрамын. Үлкен екеуі қалада тұрады. Үйде қызғаныш, ұрыс-керіс деген болмайды. Балалардың тойларын бірге атқарамыз. Әйел алу ойыншық емес. Оны Алланың өзі реттейді», — дейді ол.

Орынбай басшы шаруашылық қамымен Ақтөбеге жиі келетінін айтады. Сонда бәйбішесінің үйіне тоқтайды. Ал кенже әйел ауылда шаруашылықтың басында. «Қазақ көбеюі керек. Көп әйел алу — атадан қалған нәрсе. Бірақ көп әйел алуды да, көбеюді де шешетін алдымен Алла, екінші бәйбіше», — дейді ол.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу