Үш тілді білім жүйесін енгізуді бірнеше қазақстандық бизнесмен қолдады

Қазақстан мектептерінде үш тілді білім жүйесін енгізуді қолдап бір топ қазақстандық бизнесмен мәлімдеме жасады. Бірақ қоғамда бұл бастамаға сын айтушылар басым деп хабарлайды Азаттық. Дереккөз: Азаттық

9
мектеп оқушылары
Көрнекі сурет

Үш тілді білім жүйесі

Қазақстанда осы аптада бір топ бизнесменнің атынан жазылған мәлімдемеде елдегі мектептерде қазақ, орыс және ағылшын тілді білім жүйесіне негізделген бағдарламаны енгізу «өте тиімді» және «балалар болашағы үшін өте қажет» екені айтылған.

«Қазіргі кезде Қазақстанда үш тілде оқитын миллионнан астам мектеп оқушысы бар, келесі оқу жылында олар төртінші сыныпқа көшеді. Бұл балалардың жеткен жетістіктерін көріп отырмыз, бәрі тамаша болып келе жатыр. Қазақстандық бизнес өкілдері осындай модернизацияны қос қолмен қолдайды. Ол қазіргі кезде қоғам мен елімізге өте қажет жаңа адам капиталын тәрбиелеп шығарады» делінген жергілікті сайттарда жарияланған мәлімдемеде.

Бизнесмендер «қазақ мектептерінде оқып жатқан жастардың сапалы білім алу барысында мүмкіндіктерінің шектелетінін» жазып, «бұл жүйеге күмән келтірушілерді пікірлеріне құлақ түруге» шақырған. Мәлімдемеге қол қойғандардың арасында Айдын Рахымбаев, Айгүл Жайлаубекова, Анатолий Побияхо, Арманжан Байтасов және т.б. бизнесмендердің аттары аталған.

Бизнесмендердің үш тілді білім жүйесін қолдап жазған мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталасқа негіз болды.

Әлеуметтік желідегі сын

Қазақстандық экономист Айдан Кәрібжанов Facebook-тағы парақшасы арқылы мәлімдеме жасаушыларға «бұл жүйенің артық-кем тұсын сараптай алатын педагогика саласының маманы еместігін» айтқан.

«Ал әріптестер, бұл тақырып бойынша қоғамға ашық хат жазып үндеу тастайтындай осы мәселені терең білесіздер ме? Табысты және бай болу – барлық мәселеге пікір айту құзыретіне ие болуды білдірмесе керек» деп жазған ол.

«Совет кезіндегідей үштілділік науқаны жүріп жатқанын» жазған журналист Асқар Құмыран мәлімдемені қолдап жатқан ұйымдар мен азаматтардың моральдық құқығы жөнінде мәселе қозғайды.

«Көпшілігі білім министрлігінің тапсырысы үшін жұмыс істеген немесе жұмыс істеп жатқан жастар ұйымдары білім министрлігінің бастамасын қолдап жүз мың қол жинадық деп шулатуға моральдық құқығы бар ма? Және де үш тілді білім туралы айтып жатқан бизнесмендердің оған не қатысы бар, егер олардың көпшілігі қазақ тілінде сөйлей алмаса?» деген сауал қойған.

Ұстаздар пікірі

Ұзақ жылдардан бері білім саласында еңбек етіп келе жатқан жоғары санаттағы мұғалім Өмір Шыныбекұлы мәлімдеме авторларының білім саласына «өз еріктерімен» араласқанына күмән келтіреді.

«Жоғарыдағылар өздерінің шала туған бағдарламаларын насихаттау үшін бизнесмендерді өздеріне белгілі әдіспен пайдаланып отырған секілді. Мәселен, фискалды органдардың күшімен. Қол қоймаса, салық инспекциясы немесе СЭС бар дегендей. Артық проблеманың оларға қажеті жоқ қой» деп пайымдайды ол.

Абай атындағы қазақ ұлттық университетінің қазақ тілі және әдебиет кафедрасының жетекшісі Жанат Дәулетбекова «білім саласындағы күрт өзгерістерді сол саладағы өз ойын батыл түрде айта алатын мамандар талқылап, сараптағаны жөн» деген пікір айтады.

«Қазақ тілі мемлекеттің қауіпсіздігінің ең басты кепілі. Сондықтан да ол үш тілдің бірі емес, ең алдымен соның бірегейі. Өркениетті елдердің қайсысына қарасаңыз да, қойыртпақтық деген дүние жоқ. Үш тілділікті өз басым «қойыртпақ білім» деп есептеймін» дейді Жанат Дәулетбекова.

Ол «Қазақстанда билік үш тілді білім жүйесін таңып жатқанымен, ертеңгі күні зардабы ең әуелі балаларға тиетінін ұмытпау керек» дейді.

Қазақстанда 2018 жылдан бастап барлық мектептерде «Қазақстан тарихы» пәнін алтыншы сыныптан бастап тек қазақ тілінде, ал «Дүниежүзі тарихын» – орыс тілінде оқыту жоспарланып отыр. Сонымен бірге 2019 жылдан бастап жоғары сынып оқушылары жаратылыстану пәндерін тек ағылшын тілінде меңгеретін болады деп хабарланған. Ал 2022 жылдан бастап толығымен көптілді білім беру жүйесіне ауысу жоспарланған.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

9 пікір

  1. Бизнесмендер колдаганы не керек халык оган дайын емес физика матиматиканы казакша тусинбей журген барлдар баска тилде калай тусинеди. Далбаса бул осыганда каншама акша болинди бюджеттен. Биркалыпты окыта бермейма ары бери тарткылап балдардын миын ашытканша.

  2. әр ұлт ел болу үшін ен алдымен оз тілін дінін сақтау керек кой біз казактар еліктегіш халыкпыз орыстарға еліктеп 70жыл орыс болдық орысша білмеген нан тауып жеиалмайды деп.енді ағылшын билмесен болашақ жоқ деп өзіміз балаларымызды оқытып жатыры.Қазақ тілі неге өзі жалғыз мемлекеттік тіл болмасқа қазақ тілді білмеген қазақстанда өмір сүре алмайды деп шет елдиктер ойласа уиренсе болмайма

  3. Бизнесмендер емес, ұстаздар айту керек бұл мәселе жайында. Ал ағылшын тілінде оқыту дегенге біздің мұғалімдер мен оқушылар дайын емес деп ойлаймын. Ал оқытып жатса, балалар үлгеріп игеріп жатса қарсы емеспін. Жас балалар тез қабылдап алады ғой.

  4. Е Айналайындар өз тілінде сөйлеи алмай жүрген қазақтар бар бйліктегілер тағы бар əуелі өз тілімізді қарық қылып алайық осы бйліктегілерге не болған ойына келгенін жасадау заңның түрін шығарып 1 өңір қала аудан ауыл ішінде көліктің фарын жағып жүруді 2 12 жастан автокресло 3 жерді жалға беру немесе сату 4 үш тілді енгізу түсінбеимін бұндай халыққа қатысы бар заңдарды неге халықтың пікірімен санаспайды А????????

  5. Мен мектепте қызмет жасаймын. Бұл үш тілді білім жүйесін ауызбен айту оңай. Оны беру қазіргі сабақ беріп жүрген жоғары дәрежелі мамандарға қиын. Себебі ол ұстаздар ағылшын тілін меңгермеген. Ал қазіргі ағылшын тілде бітіріп жатқан жас мамандар толық түсіндіре алады деп айта алмаймын. Мектеп оқушыларына да қиын болады. Бизнесмендер қолдаса акшалары бар. Балаларын Америкаға жіберсін.

    • Болашақта не қазақша, не басқа тілді толық білмейтін мәңгүрттер өсіп шығады?!

  6. Үш тілге көшу үшін бізге әліде ондаған жылдар керек. Біздің білім беру жүйемізге өзгеріс енгізу, салынған фундементті бұзғанмен бірдей. Біз өз тілімізді жарытытып біліп алмай жатып өзгенің тілін керемет қылып көрсетіп жүргендерге таңым бар. Біздің ұрпақ қазақша жазып қазақша ойлану керек. Біздің ата-бабамыз осы тілмен әлімді таңқалдырған және таңқалдырып келедіде…

Пікір қосу