Мәскеудегі қырғыз жұмысшылар еліміздің Мәдениет министріне жауап берді

Қырғызстаннан Мәскеуге нәпақа табуға келген жұмысшы әйелдер еліміздің Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының "қырғыздар әжетхана тазалап жүр" деген сөздеріне реніштерін білдірді деп хабарлайды NUR.KZ порталы. Дереккөз: NUR.KZ порталы

0
Арыстанбек Мұхамедиұлы

“Біз, бәлкім әжетхана тазалап та жүрген шығармыз, бірақ бұл – адал еңбек. Біз денемізді саудаға салып жүрген жоқпыз, тек өз отбасымызды асырап жүрміз. Біз Қырғызстан экономикасына сүбелі үлес қосудамыз”, – дейді өзін Рисалят-эже деп таныстырған әйел.

Одан әрі келіншек Мұхамедиұлына жауап қатты.

“Қазақ министріне айтарым, оның сөздері дұрыс емес. Біз Мәскеуде еріккеннен жүрген жоқпыз. Біз тек азығымызды табу үшін жүрміз. Түптеп келгенде, мұнда әжетхана жуып жүрген Қазақстан азаматтары да баршылық. Оның еш ұяттығы жоқ”, – дейді Рисалят-эже.

Оның айтуынша, шетелдіктер Мәскеуге дағдарыстан кейін ағылуда.

Дағдарысты тек қырғыздар ғана бастан кешіріп жатқан жоқ

“Дағдарысты тек қырғыздар ғана бастан кешіріп жатқан жоқ. Қазақстан, Ресей мен Өзбекстан да қиын жағдайда. Дағдарыс қысса бәрі де әжетхана жууға кіріседі”, – деп жалғастырды қырғыз әйел.

Ол өз отанында мұндай жұмысты ешкім ұят санамайтынын алға тартты.

“Мен мұнда он жыл жұмыс істеп, екі қызымды оқытып шықтым. Барлық балаларым отау көтеріп үлгерді. Енді, бұйыртса, үйімізге жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл жерде әжетхана жуып жүрсек те, елімізде сыйлы адамбыз”, – дейді әйел.

Гуля есімді өзге қырғыз әйел де министріміздің сөзіне ашулы көрінеді.

Министрдің сөзі біздің көңілімізге тиді

“Сіздің сөздеріңізде сөгу емес, түсіністік болғанда, әңгіме басқаша болар еді. Мұнда мен жақсы жалақы аламын. Әр халықтың басына қиындықтар туындайды. Мен қазақтарға жақсы көзқарастамын, алайда министрдің сөзі біздің көңілімізге тиді. Біз сіздің сөзіңізді дұрыс деп санамаймыз”, – дейді Гуля.

Осы орайда, Ресейдегі қырғыз мигранттары жайлы сөзі дауға ұласқан Арыстанбек Мұхамедиұлының «қырғыз мигранттары жайлы айтқанына өкінгені» оның орынбасары Ғалым Ахмедияровтың сөзінен белгілі болды деп хабарлайды Азаттық Радиосы.

Министр Айтматовтың терең философиясына назар аудартқысы келген

Вице-министр «кейбір ақпарат құралдары министрдің жауабын бергенде оның сөзінің екі шағын ғана үзіндісін ұсынғанын», «анығында жазушы Шыңғыс Айтматовтың талантына бас иетін министр оның терең философиясына назар аудартқысы келгенін» айтады.

Дегенмен, қазақ министрінің сөзі Ресейде жүрген қырғыз мигрант қыз-келіншектерін наразы етті. Олар министр Мұхамедиұлының дәретхана жууды ар көрген пікірімен келіспейтін пікірлерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан.

Қазақ министрінің қырғыз мигранттары жайлы сөзінен соң, мамырдың 24-і күні Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Бішкектегі елшілігінің кеңесші-уәкілі Ербол Ахметовті шақырып алып, қазақстандық дипломатқа наразылық нотасын тапсырған.

Бүгінде қазақстандық ақпарат құралдары Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Қырғызстан нотасына жауап дайындап жатқанын хабарлады. БАҚ мәліметінше, министрліктің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов «нота мазмұнын жария етпейтінін, жауап дайын бола сала қырғыз тарабына жететінін» айтқан.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі өкілі Азаттық тілшісінің нотаға жауап жайлы сауалына: «Бізден мәлімдеме, хабарлама болса, хабарласамын. Әзірге ақпарат жоқ» деп қана жауап берді.

Министр Мұхамедиұлының қырғыз мигранттары жайлы сөзіне қазақстандықтар да наразы болған.

Facebook әлеуметтік желісінің қазақстандық қолданушыларының бірі Isai Bulat “қайдағыны айтып, Қырғызстанмен салыстырғанды қою керек” деп біледі.

Бауырлас екі елді салыстыру – ессіздік

“Қырғыздар әйтеуір нандарын адал тауып жеп жүр. Сыртта жүрсе де адал! Мұнайдың баррелі 6 доллар болып қалса, біздікілер де ақша іздеп сыртқа кетеді. Көршіге күлуге болмайды. Бауырлас екі елді салыстыру – ессіздік”, – дейді ол.

Мәдениеттанушы Ерлан Сайыров бұл оқиғадан соң “жоғары лауазымды адамдар сөздеріне абай болуы керек” деген ой түйген.

“Шет мемлекетте ол кісілер арқылы біздің мемлекет танылады. Осы тұрғыдан алғанда бұл – үлкен әбестік. Бірақ ол кісінің (министр Арыстанбек Мұхамедиұлын айтады – ред.) ресми түрде кешірім сұрағанын естідім. Әрине, бұл – азаматтық. Сонда да кез-келген халықты бұлай келемеждеуге болмайды”, – дейді Ерлан Сайыров.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы – бұған дейін де әлденеше рет тосын сөзі не ісімен ел көзіне іліккен саясаткер. Жұрт есінде әсіресе оның Әлиев деген фамилиядан бас тартқанда айтқан уәжі, спортшыны марапаттау кезінде оған телефон ала жүгіруі, «Қазақстанды жаман қырынан көрсететін фильмдердің» тізімін жасау туралы ұсынысы сақталып қалған.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!