Парижден Каирге ұшып бара жатқан Egypt Air ұшағы жоғалып кетті

Egypt Air әуе компаниясының өкілдері Парижден Каирге бет алған ұшағының радарлардан жоғалып кеткенін хабарлады. Airbus-320 ұшағында 56 жолаушы (үш баланы қосқанда) және 10 экипаж мүшесі бар.

0
Egypt Air әуе компаниясы

12 мемлекеттің азаматы отырған Egypt Air ұшағы сәрсенбі күні Парижден жергілікті уақыт бойынша 23:09-да ұшып шыққан және Каирге 3 жарым сағаттан соң қонуы тиіс болған. Соңғы рет радарлар ұшақты Мысырдың Жерорта теңізі үстіндегі әуе кеңістігінде байқаған. Бұл Еуропа мен Таяу Шығысты байланыстыратын ұшақтар жиі тоқайласатын әуе жолы саналады.

Ұшақ Египет әуе кеңістігіне 16 шақырым кірген соң жоғалып кеткен. Ол 11 мыңнан астам метр биіктік ұшқан. Бұл осы ұшақтың бір күндегі бесінші ұшуы екен.

Жоғалып кеткен ұшақты іздеуге Грекиядан екі ұшақ қосылған. Грек әскерилері ұшақ құлауы мүмкін деген аймаққа фрегат жөнелтілгенін, ал Эгей теңізіндегі Карпатос аралында іздеу-құтқару операциясына қатысу үшін тікұшақтар көтерілуге дайын екенін хабарлады.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!