Назарбаев: Қазақтың даласы – халықтың меншігі

Ағайынның жерге деген көңілі осындай болып қала берсе, онда халқымыз қасық қаны қалғанша жерімізді қорғайды деп білемін. Бүгін «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» күн тәртібімен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Дереккөз: ҚазАқпарат

1
Нұрсұлтан Назарбаев

«Жер – ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған ең басты қазынамыз, ұлтымыздың ұлы байлығы. Қазақтың даласы – халықтың меншігі. Қазақстанның 14 мың шақырым шекарасын шегендеу үшін мен 8 жыл әр жерде, әр адамдармен, әр басшылармен келіссөздер жүргіздім, қиын-қиын жерлерден өттік. Келістік. Тұңғыш рет Қазақстанның өз территориясы бар. Шекараны шегендедік. Не үшін? Жердің тұтастығы үшін жасап отырмыз оны. Жер туралы кодекстегі өзгерістер ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген шаруақор адамдарға жеңілдік жасауды көздейді. Олар жердің қожасы болса, жерді қадірлейді. Күтеді», – деді елбасы.

Осы ретте Қазақстан президенті жерді жалға беру әлемнің барлық елдерінде бар екендігін атап өтіп, нақты мысалдар да келтіре кетті.

«Төңіректегі әртүрлі алып-қашпа әңгімелер мен пікірлер – арандатушылардың бүгінгі әрекетінің бірі. Оның ішінде баяғы қашқындар да бар, босқындар да бар. Білеміз барлығын. Дегенмен, осы мәселеге көңіл бөлгені үшін мен бір жағынан ағайынға қуанамын. Лайым, әрқашан жерге деген қасиетті көңіл осындай болса, біздің халық қасық қаны қалғанша осы жерді қорғайды деп білемін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Естеріңізге сала кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев жерді сату мен жалға беруге қатысты пікір білдірген болатын.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

1 пікір

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!