Атыраулық кәсіпкер анасының арманын орындап, балабақша салды (фото)

Атырауда Мағауия Мерғалиев есімді кәсіпкер анасы армандап келген балалар бақшасын салып, бала кезінде берген уәдесін орындады деп хабарлайды NUR.KZ порталы ztb.kz сайтына сілтеме жасап. Дереккөз: nur.kz

0
Атырау балабақша

Бұл туралы Мағауияның жақын досы Бейбіт Әлібеков мәлімдеді.

Мағауияның анасы – өмірін бала тәрбиесіне арнаған жан. Ол Құлсары ауылындағы балалар үйінде жұмыс істеген. Дәл сол жерде көп жылдар өткесін оның ұлы “Анашым” атты балалар бақшасын салды.

“Ол бала кезінде анасына арнап балалар бақшасын салуға уәде еткен. Енді бұл арманы шындыққа айналды. Мағауия өзі туып-өскен жеріне жақсылық жасауды әр азаматтың борышы деп біледі”, – дейді кәсіпкердің досы Бейбіт Әлібеков.

Атыраулық кәсіпкер анасының арманын орындап, балабақша салды (фото)

Ел бойынша балалар бақшасының тапшы болуы таңсық болмай кеткен. Бір ғана Атырау облысының өзінде 18 мың балақай балалар бақшасындағы кезегін күтуде, ал олардың 3,5 мыңы Құлсарыда тұрады. Енді бұл жаңа балабақшада 165 бала тәрбиеленетін болады.

Балалар бақшасында тәулік бойына бейнебақылау орнатылып, ата-ананың онлайн-режимде баласын бақылап отыру мүмкіндігі қарастырылған.

Дизайны да ерекше ғимаратты Мағауия нағыз керек жерде салған. Себебі, оның айналасындағы 10 шақырым жерде бірде бір өзге балабақша жоқ.

Атыраулық кәсіпкер анасының арманын орындап, балабақша салды (фото)

“Коммуникацияны өзі жалғап, құрылыстың әр бүге-шүгесіне өзі атсалысып отырды. Мағауия бюджеттен соқыр тиын алмай, бәрін өзінің 800 млн теңгесіне салды”, – дейді досы.

Балалар бақшасы экологиялық таза материалдардан салынып, онда жаңа құрылғылар орнатылған. Атап айтқанда, 8 сағат бойы автономды режимде жұмыс істейтін генератормен жылыту жүйесі және шамшырақтар.

“Мағауия – өз елінің, өз анасының ұлы. Ол жинаған дүние-мүлкін өзімен о дүниеге әкете алмайтынын жақсы біледі. Осындай ұлды дүниеге әкелген анасына рахмет. Бұл көптеген қалталылар үшін үлгі болады деп үміттенемін”, – дейді Бейбіт Әлібеков.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу