Алматылық дәрігерлер алғаш рет бауыр ауыстырып, балаларды ажалдан құтқарды

Алматылық дәрігерлер алғаш рет бауыр ауыстырып, осы ағзаға мұқтаж 5 айлық және 7 жасар балаларды ажалдан арашалап қалды. Ұлттық ғылыми хирургия орталығында бұрын-соңды болмаған трансплантацияның бұл түрін отандық мамандар үндістандық әріптестерімен бірігіп жасады. Туабітті бауыр ауруына және циррозға шалдыққан бүлдіршіндерге туысқандары донор болған.

Дереккөз: КТК арнасы
0
Алматы дәрігер бауыр ауруы

Дәрігерлер күрделі ота жасап, жағдайы тым мүшкіл екі баланы аман алып қалды. Сау бауыр сегіз бөлікке бөлінетін болса, операция арқылы соның екі бөлігі кішкентай науқастарға салынған. Туабітті өт жолдарының ақауына байланысты пышаққа түскендердің бірі 5 айлық Асылай. Нәрестеге туысы донор болған.

Құралай Қазақбаева, Асылайдың анасы: — Менің әпкем донор болды. Құдайға шүкір, қазір жағдайымыз жақсы. Донорымыз да жақсы. Операция жасаған күніміз қызымыздың екінші туған күні деп санаймыз.

Цирроз, яғни бауырдың іріп кету дертіне шалдыққан 7 жастағы Исмайылға да осындай ота жасалды. Себебі, аурудың басқа емі жоқ. 8 сағатқа созылған операцияның арқасында жағдайы жақсарған жеткіншек тіпті екі шумақ өлең де оқыды.

— Бармын ғой, тірімін ғой, қасыңдамын.

Өлмеймін мен өзіңдей асылданмын.

Қос операция да балаларға бауыр трансплантациясын жасаудағы ең тәжірибелі үндістандық мамандардың көмегімен жүзеге асқан.

Болатбек Баймаханов, Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы:

— Екеуіне де операция жасалмаса белгілі немен бітетіні. Анау баланың енді өмірі күндерге саналып келе жатқан. Әрі кетсе бір апта өмірі қалған. Зерттеудің нәтижесі бойынша көрсеткіші өте нашар болған. Екінші бала да ұзаққа бармайтын еді.

Ағза ауыстыру елімізде қарқынды дамып келе жатқанымен, донордың тапшылығы әлі де бар. Көп жағдайда доторлыққа тек науқастардың туысқандары ғана келісім береді екен. Өйткені, бүлдіршіндерге тек тірі адамның ағзасын салған дұрыс дейді дәрігерлер.

Тәжірибе жинаған отандық дәрігерлер енді мұндай операцияларды шетелдік мамандардың көмегінсіз жүзеге асырмақ. Қазір республика бойынша балалар бауыр трансплантациясына мұқтаж 2 науқас белгілі. Олардың ағзасын ауыстыру жақын күндері осы орталықта жүзеге аспақ.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу