Данияр Елеусінов Рио Олимпиадасында Қазақстан туын көтеріп шығуы мүмкін

Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қазақтың көк байрағын көтеріп шығуға кім лайықты? Әзірге бұл мәртебенің қай спортшыға жүктелетенін қоғам қызу талқыға салып жатыр. Ал танымал боксшы Ермахан Ыбырайымов төрт бірдей спортшыны ұсынып отыр деп хабарлайды 31 арна. Дереккөз: 31 арна

0
Данияр Елеусінов

Туды сеніп тапсыруға лайық делінген спортшылардың ішінде боксшылар мен дзюдо шеберлері бар. Атланта және Сидней Олимпиадаларында қазақтың байрағын көтерген Ермахан Ыбырайымов бұл мәртебеге сай деп бірнеше спортшыны таңдап қойыпты. Ол елбасының қолынан туды сеніммен қабылдап алғаннан кейін, тек жеңіспен оралу керек деп санайды.

Сонымен Ермахан Ыбырайымов ұсынған 4 спортшы: бокстан әлем чемпиондары – Данияр Елеусінов пен Жәнібек Әлімханұлы. Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов және дзюдодан әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ баласы Елдос Сметов. Боксшының айтуынша, олардың кандидатурасын өзара дауысқа салу керек.

“4 азаматтың арасында тартыс жүрсе, кімге туды береміз? Енді туды маған беріңіз, мен ұстайын деп талпынып тұрған спортшыны табу оңай болмайтын шығар. Ол үлкен жауапкершілік”, – дейді Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов.

Ал 11-ші олимпиадасын көруге дайындалып жатқан танымал спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы Риода ту көтеруге лайық бір ғана спортшыны атады. Данияр Елеусінов. Ол соңғы 4 олимпиадада ұлттық құрама қоржынына үзіліссіз алтын салған 69 келіде сынға түседі.

“Данияр Елеусінов, біріншіден, әлем чемпионы. Бұрын Олимпиадаға қатысқан. Азия ойындарының чемпионы. Олай болатын болса, бұл азаматтан бүкіл Қазақстан, қазақ халқы жеңіс күтіп отыр”, – дейді Несіп Жүнісбайұлы.

Өкінішке қарай, Афины, Бейжің, Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарында ту көтеріп шыққан спортшыларымыздың ешқайсысы жеңіс тұғырынан көріне алмаған. Енді Риода ел байрағын нақты кім ұстайтыны әзірге белгісіз. Оны бәсеке басталуына санаулы сәттер қалғанда Ұлттық Олимпиада комитеті мен мәдениет министрлігі анықтайды.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!