Бердібек Сапарбаев тоқтап қалған кәсіпорындарды қайта іске қосудың жолын тапты

Ақтөбе облысында тоқтап тұрған кәсіпорындарды тездетіп іске қосу үшін бірқатар шаралар қолға алынуда, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Дереккөз: Ақпараттар орталығы
0
Бердібек Сапарбаев

«Бұл жағдайда мемлекеттік қолдау шараларының барлық мүмкіндіктерін пайдалану керек. Олардың жұмыс жасағылары келеді, тек көмектесу керек, соның ішінде өнімдерін өткізу жағынан да қолдау көрсету қажет. Импорт алмастыру және мемлекеттік сатып алуда отандық өнімнің үлесін арттыру аясында өнімді өткізуге көмектесуге болады», — деді жиналыс барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Әкімдіктің мәліметі бойынша Ақтөбе облысында өндірістік 11 нысан тоқтап тұр. Олар химия өнімдері мен мотор жағармайын, құрылыс материалдары, темірбетон және трикотаж өнімдерін шығаратын өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы техникаларын жинайтын, т.б. кәсіпорындар.

«Олар айналым қаражатының болмауы, жабдықтардың тозығы жетуі немесе  өнім жеткізуде кедергілерге тап болу сияқты т.б. себептерге байланысты тоқтап қалған кәсіпорындар», — деп атап өтілген хабарламада.

Бердібек Сапарбаев тоқтап тұрған кәсіпорындарға қазіргі қиындықтарды шешуге жергілікті билік көмектескен жағдайда, өз өнімдерін шығаруға, тиімді экономикалық қызметін жалғастыруға мүмкіндік барын жеткізді.

Облыс әкімі құзырлы органдарға шешімін табуы тиіс мәселелерді анықтау үшін әрбір кәсіпорындағы жағдаймен жеке-дара танысып шығу жөнінде тапсырма берді.

Баспасөз қызметінен еске сала кеткендей, 2016 жылдың басында  жергілікті үлеске мониторинг жүргізу және отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында құрамына мемлекеттік органдар, аймақтық кәсіпкерлер палатасы, прокуратура, техникалық реттеу және метрология департаменті, қоғамдық бірлестіктер мен бизнес құрылымдарының өкілдері кіретін комиссия құрылды.

Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Ақтөбе облысының кәсіпорындарына елдің және аймақтың ірі компанияларының өкілдері үшін өндірістік тур ұйымдастырылды.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу