Қазақстанда жұмыстан қол үзбеген зейнеткерлер саны екі есе көбейді

Зейнет жасына жеткенімен, әлі де еңбектен қол үзбей келе жатқан адамдар санына назар аудармасыңа қоймайтын статистиканы ranking.kz сайты жариялады: 2015 жылы алпыстан асқан жасында жұмыс істеп нәпақа табуға мәжбүр болып отырған қариялар саны екі есе артып, 21,2 мың адамға жеткен. Ал бұған дейін, керісінше, жұмыс істеп жүрген зейнеткерлер саны 2013 жылы - 19%, 2014 жылы - 31% азайған болатын. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде елімізде екі миллионға жуық зейнерткер бар екен. Дереккөз: Открытая Азия онлайн

1
Зейнеткер апа

“Открытая Азия онлайн” шағын сараптама жүргізіп, жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерді шартты түрде үш топқа бөлуге болатынын анықтадыү. Бірінші топтағылар лайықты демалысқа шыққысы келеді-ақ, алайда, мемлекет тағайындап берген кішкентай зейнетақы шайлығына да жетпейді. Екінші топ – жұмыс орнындағылар жібермей ұстап отырғандар. Әдетте, ондай адамдар, біріншіден – өзі өмір бойы еңбек етіп келе жатқан кәсіпорындағы істің жай-жапсарын бес саусағындай білетін мықты мамандар, екіншіден,  жұмыс беруші оларға жас мамандарға қарағанда азырақ жалақы төлейді. Ал үшінші топ – жұмысты өмірінің мәні деп білетіндер. Бұл топтағылар үшін қаржы жағы да соңғы орында тұрған жоқ. Осы аталған санаттардың бәріне жататын кейіпкерлермен пікірлесіп көрдік.

Зейнетақыға қарасам – күн көре алмаймын

Елена Владимировна Персиянова

Елена Владимировна Персиянова 60 жаста. Ол “жас зейнеткерлер” санатына жатады. Алайда, жұмыс істемей үйде отыруды ойлаудан да қорқады. Оған тағайындалған зейнетақы мөлшері – 35 000 теңге. Елена мүгедек сіңлісімен бірге тұрады, ол мемлекеттен 21 000 теңге жәрдемақы алады. Алматыда тұратын отбасы үшін бұл – басына тартсаң аяғына жетпейтін ақша. Сондықтан да зейнеткер қария газет-журнал, сусын-темекі сататын дүңгіршекте жұмыс істеуге мәжбүр. Еңбекақысы да жетісіп тұрғаны шамалы – 20 000 теңгеден сәл асады. Сатылған тауардың үстінен аздап пайыз алатыны да бар.

Ертеңіме үреймен қараймын. Әлі қанша уақыт  жұмыс істейтінімді құдай білсін, денсаулығым жапай ма? Жүрек, тамыр ақаулары – бүкіл отбасымыздың дерті. Ресейде інім тұрады, бірақ оған баруды ойлап та жүрген жоқпын. Менің отаным – Қазақстан, аталарым, ата-анам осында жерленген.

Сонда да, санасын меңдеген күдік пен күмәнға қарамастан, Елена Персиянова өмірде әлі де жолым болып кетеді деп сенеді. Алайда, мұндай оқиғалар Қазақстандағы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарға ой салуы тиіс, өйткені мемлекет тағайындайтын ең кіші зейнетақыға Қазақстанда күн көру мүмкін емес. Ал, Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар саны  2,7 миллион екен.

 

Экономика ма,  демография ма?

ranking.kz порталы эксперттерінің ойынша, жасы жер ортасынан асқан адамдарды еңбек нарығына шығуға мәжбүр ететін дағдарыс және экономикалық ахуалдың нашарлауы екен. Мысалы, былтыр девальвациялық процестердің ықпалымен инфляция деңгейі  13,6% артқан.

девальвациялық процестердің ықпалымен инфляция деңгейі

девальвациялық процестердің ықпалымен инфляция деңгейі

Сөйте тұра,  экономист Олжас Құдайбергенов жұмыс істеп жүрген зейнеткерлер санының артуына әсер еткен – біріншіден, демографиялық фактор, екіншіден – салық комитетінің көлеңкелі табысты жарыққа шығару жолындағы белсенді әрекеттері деген болжам айтты. Ал, экономиканың бұл арада қатысы жоқ дейді.

Олжас Құдайбергенов– Елуінші жылдары дүниеге келгендер саны көп болды, сондықтан, қазір 60-64 жастағыдардың санына қарасақ, үнемі өсіп отырғанын байқаймыз: 2010 жылы 479 мың адам болса,  2015 жылы 620 мың адам болды, яғни, жыл сайын шамамен отыз мыңға артып отырған. Әрине, әлі де зейнеткерлер саны да, олардың ішінде жұмыстан қол үзбейтіндердің де саны артады. Яғни, зейнеткерлер саны сол күйі қалады, алайда, олардың арасында жұмыс істеп жүргендер саны артып келеді деген тенденция жоқ. Керісінше, пропорция сол күйі қалады: зейнеткерлер саны да, жұмыс істеп жүргендер саны да арта береді. Яғни, зейнетке шыққандардың үштен бірі жұмысын жалғастыра береді деген сөз.

Бұл жерде экономикалық факторлардың ықпалы аз. Алайда, тағы бір факторды ескеру керек – 2015 жылы салық комитеті көлеңкелі табыстарды анықтау жөнінде белсенді жұмыс жүргізді, соның салдарынан бұл ретте зейнеткерлерді жұмысқа алу схемасы қолданылуы мүмкін (олардың еңбекақысынан салық азырақ төленеді).

Алдағы жылдары жұмыс істеп жүрген зейнеткерлер саны арта береді

Жұмыс істеп жүрген зейнеткерлер саны жыл санап артып келе жатқанын тарих ғылымдарының докторы, Д. Серікпаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің профессоры, демограф Александр Алексеенко да жоққа шығармайды:

Александр Алексеенко– 1950-60 жылдары Қазақстанда демографиялық дүмпу болды. Ол жылдары қазақтар арасында бала туу саны артты, Қазақстанға қоныс аударған орыстар да көп болды. Инженерлер мен олардың балалары көп көшіп келді.  Сондықтан да, 50-60 жылдары туған, қазір зейнет жасына келген адамдар саны арта береді. Және, ол адамдардың барлығы дерлік жоғары білімді. Көбінесе, техникалық мамандықты меңгерген, яғни, қазір Қазақстанда тапшы болып отырған білім иелері.  Және ол мамандар қазір аса керек. Оларды кәсіпорындар аз ақша төлеу үшін емес, ол адамдар техника саласындағы кемшіліктің орнын толтырады деп ұстап отыр. Өйткені,  президент барлық жерде техникалық білім алуға үндеп жүргенімен, ол ел үшін қаншалықты қажет болғанымен, жастар техникалық мамандықтарға бармайды. Техника саласындағы мамандардың бәрі эмиграцияға кетіп қалды, олардың орнын басатын ұрпақ өсіп шықпады. Міне, сол бос орынды зейнет жасындағы мамандар толтырып отыр. Олар шын мәнінде керек. Осы жастағы адамдар экономикамызды шын мәнінде құтқарып отыр десек болады.

– Олар әлі қанша жылға жетеді деп ойлайсыз?

– Мәселе олардың қанша жылға  жететінінде емес, бұл экономикамыздың сапасына қатты әсер етіп отырғанында. Ол адамдар – 70-80 жылдары білім алған. Олардың білімі әлі күнге дейін экономикаға керек болып отырса, сапа туралы не айтуға болады? Өкінішті, әрине. Сондықтан да, олардың орнын жас мамандар басса, индустриялық дамудағы жаңа кезең басталғанының белгісі болар еді. Сондықтан да, олардың кеткені, орындарына технологиялық білімі бар, жаңа заман мамандары келгені дұрыс болар еді.

– Алайда,  сатушы, вахтер, үй жинаушылар деген сияқты еңбекақысы да жоғары емес, жастар аз баратын жұмыс түрлері бар ғой? 

– Ресейде ол салада Тәжікстан, Өзбекстаннан барған эмигранттар жұмыс істейді. Бізде ғой, зейнеткерлер атқарады. Және ол бәрімізге тиімді. Өйткені, ондай жұмыс жастарды қызықтырмайды. Ал зейнеткер үшін – қосымша табыс көзі.

Қолынан бәрі келеді

Валерий Кан Алматыдағы бизнес орталық

70 жасар Валерий Кан Алматыдағы бизнес орталықтарының бірінде электрик, сантехник және аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Зейнетке шыққанына жеті жыл болыпты, алайда бір жыл ғана демалған. Ол аралықта үйін салып бітіріп, содан соң қайтадан бұрын қызмет істеген жеріне жұмысқа шыққан.  Онсыз мұнда іс жүрмейді. Валерий еңбегіне 70 000 теңге ақы алады. Әрине, мұндай ақыға үш жұмысты атқаруға жастар келіспесі анық. Ал қария үшін бұл зейнетақысына жақсы үстеме.

Жұмысқа ерте  – таңғы 7.30 келемін. Өмірімде кешігіп көрген емеспін. Алматының арғы шетінен келу үшін көлігіммен таңғы алтыда жолға шығамын.

Валерий Владимировичтің зейнетақысы шамамен 70 000 теңгедей. Жұбайы ең аз мөлшерде зейнетақы алып, үйде отыр. Күйеуінің табысы болмаса, қалай күн көретінін де білмейді. Оның үстіне, жұмыс берушілерге де, кішкентай ақы төленетін жұмысқа баруға аса құлқы жоқ жастардан көрі,  Валерий Кан сияқты қолынан  бәрі келетін және жоғары еңбекақы төлеуді талап етпейтін қызметкерлер тиімді сияқты.

Өмірі бимен өрілген

Римма Ивановна Ким

Римма Ивановна Ким – танымал балетмейстер, Қазақстанның халық артисі. 1987 жылдан бері «Бидульги» кәріс би ансамблін басқарып келеді және жасы біразға келіп қалғанына қарамастан (биыл жетпіске толды), жас артистерді тәрбиелеуден тынбайды. Кезіндегі Кеңес еңбек кодексіне сәйкес, зейнеткерлікке 38 жасында шыққанымен, бір күн де демалып көрмепті. Зейнетақысының мөлшерін айтсақ, мемлекет халық артисіне 65 000 теңге төлеп отыр.

Неге әлі күнге дейін жұмыс істеп келем дейсіз бе? Өйткені, 1987 жылы кәріс балаларына ұлттық би өнерін үйрету үшін мектеп ашқанмын. Бұған дейін Қазақстанда ондай мектеп болмаған, кәрістер өз биін білмейтін.

Римма Ивановна Ким

Римма Ивановнаның достары мен таныстары да зейнеткерлер. Зейнетке шыққан соң олар көбірек саяхаттап, отбасына көбірек көңіл бөлу мүмкіндігіне ие болды. Алайда, балетмейстер ханым демалуға асықпайды: аптасына алты күн екі сағаттан Римма Ивановна балаларға би үйретеді. Осының арқасында денім сау, ширақпын дейді өзі. “Миым үнемі жұмыс істеп тұрады, қимыл-қозғалыстарды көрсетіп отырып, қаласам да, қаламасам да бүкіл ағзамды шынықтырамын – ширақтығымның бар сыры осында”. Бір сөзбен айтқанда, Римма Ивановна үшін жұмыс – ауа сынды, ол өзінің қоғамға керек екенін солай сезінеді.

Айта кетерлігі, зейнеткерлік – қазақстандықтар үшін ауыр тақырып. Ол туралы сөз бола қалған жерде қызу пікірталас басталады. Әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа дейін көтеру туралы заң шыққан кезде сол кездегі министрге жұмыртқа лақтыруға дейін жеткен.

Сөйте тұра, елдегі жас ұстаздар оқу орындарын зейнерткерлерден арылтуын өтініп министрге хат жазды. «Неліктен мектептердегі алпыстан асып кеткен зейнеткерлер орнын босатпай, жас мамандардың жұмыс істеуіне кедергі болып отыр?» – деп наразылық танытты мұғалімдер. Әрине, бұл ескерусіз қалмады, тіпті зейнет жасындағы ұстаздарды жұмыстан шығару науқаны басталды, тек, уақыт өте келе бұл тақырып тағы да ұмытылды.

Ал жас әскерилер, полицейлер, прокурорлар және басқа да орган қызметкерлері зейнеткер-командир тағайындалуын қуана қарсы алады.  Ал зейнет жасындағы әкімдер мен министрлердің өкілеттілігін ұзартуды көздейтін  Президент жарлығы шыққаннан кейін, ешкім ләм деп аузын да ашпайды.

Әрине, мұғалімдер мен әкімдердің зейнетақы мөлшері салыстыруға да келмейді. Сондай-ақ, қарт жұмысшы мен судьяның да тағдыры әр алуан. Біріншісі өмір бойы станокта жұмыс істеп, ең кішкентай мөлшерде зейнетақы алады. Екіншісі болса, әділет саласында он жыл қызмет атқарса, мемлекет оны  өмір бойы асырауға міндетті .

Сондықтан да, жұмыс істеп жүрген зейнеткерлер болған, бар, бола береді де.

Ал сіз зейнетке шыққаннан кейін не істемек ойыңыз бар?

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

1 пікір

  1. Менин жасым 22де. Алматыда сатушы. Айлык 25 000тенге жумыс 15/15. Уакыты 8- тунги 12ге дейин. С проживанием. Калай ойлайсыздар норм. ма?

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!