Қазы мен «KFC» жегенді ұнататын саяхатшы әже

Сексенге тақаған тұсында Лена апа өмірінде алғаш рет шет елге шыққан еді. Жасыратын несі бар, ұрпағының қамын ойлаған қазақтың қариялары бұл жаста бала-шағасының тілеуін тілеп, немере-шөбересін бағып отырады. Тіпті, көбі әлемнің ең керемет елдеріне емес, «ана жаққа» сапарлап кетеміз бе деп қорқып отырады. Дереккөз: ҚазАқпарат

0
Айдын Тоқсанбаева

Оқырмандарға қызық болады деген оймен,  қазақ аудиториясына қатты ұнайтын және соңғы төрт жыл ішінде Англия, Франция, Испания, Таиланд пен АҚШ-ты аралаған Лена Тоқсанбаеваның немересі  Айдын Тоқсанбаевамен әңгімелескен едік. Айтпақшы, биыл саяхатшы әженің немерелері мен балалары Лена  апаны қасиетті Меккеге ертіп бармақ екен…

– Айдын, білуімізше, әжеңізбен бірге соңғы рет АҚШ-ты аралап келдіңіздер. Жалпы, Нью-Йорк қаласына барарда әжеңізбен ақылдастыңыз ба?

– Біз бұған дейін де Америкаға барғанбыз. Ал, қазір Нью-Йоркте менің үлкен әпкем білім алып жатыр. Әрине, қайда сапарласақ та, біз алдымен әжемізбен ақылдасамыз. Егер әжем қаламаса, онда біз де ешқайда бармаймыз.

– Лена апаның денсаулығы алыс сапарларды ауырсынып жүрген жоқ па?

– Жоқ, алғаш рет апам Лондонға барды, соңғы рет Нью-Йоркті аралады. Осындай алыс сапарларда Құдайға шүкір, әжем шаршамады. Тіпті, дәрігерлер «әжеңіздің жүрек соғысы он сегіздегі қыздың жүрегіндей» деген еді.

– Сіз әжеңіздің суреттері мен бейнероликтерін әлеуметтік желіге көп жүктейсіз. Суреттерге қарасақ, әжеңіз өмірге құштар жан екенін байқаймыз. Жалпы, Лена әжейдің мінезі туралы, жаңашылдықтарға деген көзқарасы туралы айтып беріңізші?

– Әжем расымен де өмірді сүйетін, мінезі керемет адам. Әжем біздің ұсыныстарымызды қолдап отырады, солай бола тұра, ақылшымыз ретінде шектен шығуға жол бермейді. Ол менің туған әжем, ал, әжесін кім жаман десін…Бала-шағасына келгенде өте жұмсақ, бірақ, бейтаныс адамдармен бірден сөйлесіп кетуі екіталай.

– Лена әжеге барған елдердің тамағы ұнай ма?

– Саяхаттап барған жеріміздің тамағына келгенде, мәселе туындай бастайды. Мысалы, Англияға барарда әжем қазы салып алған еді. Ал, Испания мен Францияға қазы алып шыға алмадық, оларда тыйым салынған екен. Бірақ, амалын тауып, қазы салып алмағаныма қатты өкіндім, өйткені, әжем осы екі елдің тамағын сүйсініп жей қоймады. Көбіне нан мен макарон жеген әжем «қазы-қарта салып алғанда ғой…» деп, «өкпесін» айта берді. Таиландқа келгенде, әжем балық жеді. Ал, АҚШ-та немересі оқып жатқан соң, ас-суын сол әзірлеп берді. Бір қызығы, әжем фас-фудты, соның ішінде,  «KFC» жегенді ұнатады. Тіпті, Алматыда анда-санда барып тұрамыз.

– Лена әженің алты баласы, 17 немересі, 12 шөбересі бар екен. Саяхаттаған кезде, «мен барамын» деген талас болмай ма?

– Әжем менің әкемнің қолында тұрады. Сондықтан, қайда барса да біздің отбасымен бірге жүреді. Есесіне, біз де шет елге саяхаттайтын болсақ, «әжем бара ма, жоқ па?» демейміз, себебі, әжем бармаса, біз де ешқайда бармаймыз деген сөз. Көбіне, әкем жұмыстан босай алмайды, сондықтан, анам, мен, әжем,  яғни, «қыздар» қыдырамыз.

– Ал, қасиетті Мекке қаласына қашан барасыздар?

– Алла жолын берсе, биыл барып қаламыз деген жоспар бар. Алла сәтін салсын дейміз.

– Сұхбатыңызға рақмет! Лена әжеңізге Алла әлемді аралайтын күш-қуат берсін!

Лена Тоқсанбаева

Лена Тоқсанбаева

Лена Тоқсанбаева

Лена Тоқсанбаева

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!