Самат Смақов ұлттық құрамаға бас бапкер болуды армандайтынын айтты

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 73 кездесуге шыққан, ел чемпионатын 6 мәрте ұтқан даңқты футболшы Самат Смақов алдағы жоспарымен бөлісті. Жасы 37-ге келгеніне қарамастан Самат ұлттық құрама мен «Ақтөбе» клубында капитандық міндетін атқаруда.

Дереккөз: nur.kz
1
Самат Смақов

Самат әр жылдары Қазақстанның «Қайрат», «Ақтөбе», «Ертіс» клубтары сапында ойнады. Одан бөлек ресейлік «Спартак-Нальчик» пен түркиялық «Ризеспор» сапында да жарқырай өнер көрсетті. Футболшы қазіргі Қазақстан чемпионатының деңгейі көтеріліп келе жатқанын айтады. Андрей Аршавин, Денис Колодин сынды ресейлік жұлдыздардың келуі бізге тек жақсы жағынан ықпал етеді дейді ол. Сондай-ақ, ол ұлттық құраманың қазіргі жай-күйі де туралы да сөз қозғады.

«Мысалы, Арно Пайперстің біздің құрама үшін рөлі ерекше болды. Оның кезінде біздің команда барлық жағынан өсті. Біз Бельгия, Сербия сияқты командалармен тең дәрежеде ойнай алатынымызды түсіндік. Ал қазіргі сәтте егер өзіміздің елімізден таңдаулы, мықты мамандар шығып жатса, оларға да тізгінді ұстатқаннан ұтылмаймыз», – деді Самат.

Футболшы бұл ретте өзінің де ұлттық құраманың тізгінін ұстау арманы екенін айтып өтті.

«Бұл менің арманым әрі мақсатым. Егер маған қай кезде болмасын сондай құрмет бұйыратын болса, онда мен ең жоғарғы деңгейге дейін көтеру үшін барымды салар едім. Бірақ, мен әлі футболшымын, бапкерлік кезеңге қай кезде қадам жасайтынымды әзірге білмеймін. Дұрыс бағыт таңдау үшін алдымен Владимир Муханов, Алексей Петрушин сынды мықты мамандардың бапкерлік құрамында қызмет ету керек», – дейді даңқты футболшы.

Капитан жақсы өнер көрсетіп, жоғарғы дивизионға жолдама алған «Ризеспор» сапынан  неліктен кетіп қалғанын айтты.

«Мен ол жақта жақсы ойнадым. Команда да өте керемет ұжым болды. Бірақ, елде келіншегім үшінші баланы босанғалы жатты. Мен үшін отбасымнан алыста жүру қиынға соқты. Әрі сол кезде «Қайраттан» да ұсыныс түсіп тұрған. Сонымен отбасымның қасында болайын деп осындай шешім қабылдадым», – дейді Самат Смақов.

Самат былтыр «Ертіс» сапында ойнаған. Маусымаралық үзілісте ол қайтадан сүйікті клубы «Ақтөбе» қатарын толықтырды. Әзірге «Ақтөбе» 1 ұпаймен 10-шы орында келе жатыр.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

1 пікір

  1. Мақсатыңыз өте орынды екен Самат Аға, Ұлттық құраманың бапкері болуыңызға тілектеспін!!!

Пікір қосу