4-сынып оқушысы YouTube бейне-сабақтарының арқасында қызды құтқарып қалған

Оңтүстікте 10 жасар оқушы 3 жасар қызды тасыған судан құтқарып қалды. Жеткіншек бүлдіршінге жасанды жолмен тыныс беріп, жұтқан суын құстырған. Бұл туралы Информбюро порталы жазады.

Дереккөз: Отырар
0
құтқарушы бала Мұхамедәлі Құрақты

Қазығұрт ауданындағы Алтынтөбе ауылды округіне қарасты Қосағаш ауылының он жасар тұрғыны Мұхамедәлі Құрақты өзі оқитын мектеп ұжымы оқушылар алдында мақтап, марапаттады. Батыл оқушыға мектеп директоры алғыс хат табыстады.

Мұхамедәлі Құрақты

Білім ордасының директоры Қасымсейіт Дуанақұлдың айтуынша, Мұхамедәлі сабағын жақсы оқып, мектептің қоғамдық жұмыстарына үнемі атсалысып жүреді. Сол бір оқиғадан кейін қатарластары жасөспірімді арасында ерекше құрметке ие болып жүр.

Оқиға 1 сәуір күні болған. Түні бойы жауған нөсерден кейін ауыл маңындағы шағын Қаржан өзені тасып жатыр екен. Ойнап жүрген балалардың арасындағы 3 жасар Ақбілек Серікбай суға құлап кетеді.

Бұл уақытта осы маңға жақын жерде Мұхамедәлі мен әкесі мал бағып жүрген екен. Үлкен кісі алысқа ұзап кеткен малды қайыруға кеткенде Мұхамедәлі балалардың шу ете қалған даусын естиді. Қараса, кішкентай қыз тасыған сумен бірге ағып бара жатыр.

«Ұлым дереу жүгіріп барып, көршінің қызын құтқарып қалды. Содан кейін шалқасынан жатқызып, кеудесін басқан күні суын шығарған. Демі тоқтап қалған қызға жасанды жолмен тыныс алуына көмектесіпті. Кейін мұның бәрін қайдан білесің деп сұрасақ, мектепте мұғалімдері алғашқы көмек көрсетуді үйреткенін айтты. Содан кейін Ютюбтан өзі іздеп, құтқару әдісін көріп алған. мен өз ұлымды мақтан тұтамын!» дейді Ағыман Сманов.

Ал үш жасар Ақбілектің жағдайын ауыл дәрігері тексеріп, дәрумендер дазып беріп, үйіне қайтарған. Қыздың анасы сол күнді ерекше тебіреніспен еске алады.

«Өзім үйде ешқайда қозғала алмай жатыр едім. Себебі, 10 күн бұрын ғана төртінші қызымды босандым. Ал Ақбілек — екінші қызымыз. Балалар жүгіріп келіп, қызымның тұншыққанын айтқанда, қатты шошып кеттім. Ал қазір жағдайы жақсы. Көршіміздің баласы Мұхамедәліге алғысымыз шексіз. Ол — өте жақсы бала»

-деді Маржан Ақтекеева телефонмен хабарласқан тілшілерге.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу