Иван Дычко Рио Олимпиадасын жолдамасын ұтып алды

Бүгін Қытайда бокстан Азия және Мұхит аймағы елдері бойынша Олимпиада ойындарына жолдама берілетін турнирдің жартылай финалдық бәсекелері өтіп жатыр. Дереккөз: ҚазАқпарат

0
Иван Дычко

Осыдан бірер сәт бұрын +91 келі салмақ дәрежесінде боксшымыз Иван Дычко иорданиялық Хусейн Яшаишпен кездесті.  Аса ауыр салмақтағы сайысқа қазылық еткен үш төрешіде жерлесімізге ұпай жазды.

Айта кетейік, шешуші кезеңге шыққан боксшыларға Олимпиада жолдамасы беріледі.

Еске сала кетсек, бұған дейін 81 келі салмақ дәрежесінде боксшымыз Әділбек Ниязымбетов түркіменстандық спортшы Азиз Ачиловпен жекпе-жекте қарсыласын ұтып, Рио Олимпиадасының жолдамасына ие болды.

52 келі салмақта Олжас Сәттібаев қытайлық Жиангван Худан ұтылды. Ол қырғыз боксшысы Азат Үсеналиев пен өзбек спортшысы Шахобидин Зоировтың кездесуінде жеңілгені былғары қолғап шеберімен рингке шығады. Осы жекпе-жекте жеңіске жетсе оның Олимпиада жолдамасын алуына мүмкіндігі бар.

75 келі салмақта рингке шыққан қазақстандық боксшы қызымыз Дариға Шәкімова кореялық былғары қолғап шебері Ун Жангты ұтып, финалға шыққан еді.

Ал, ерлер арасында 75 келі салмақта боксшы Жәнібек Әлімханұлы моңғолиялық былғары қолғап шебері Шинебаяр Нармандахты техникалық нокаутпен жеңді.

64 келіде Абылайхан Жүсіпов қытайлық боксшы Цянксун Худы тізе бүктірген болатын.

Өкінішке қарай күндізгі сессияда 56 келіде өнер көрсеткен Қайрат Ерәлиев үндістандық Шива Тапаға жол берген еді. Алайда әлі де үміт бар. Ол ертең, 1 сәуір күні Марио Фернандес (Филиппин) – Чатчай Бутди (Таиланд) жекпе-жегінде жеңілген боксшымен жолдамаға таласады.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу