Ақтөбеде қала әкімі мұғалімге ұрысқаны үшін қатаң сөгіс алды

Ақтөбе облысы, Темір қаласының әкімі Мұхтар Әкімов мұғалімге дауыс көтеріп, басы бәлеге қалды. Мектеп мұғалімі облыстық Әдеп жөніндегі кеңеске арыз жазып, кеңес мүшелері қала әкімінің оғаш қылығы үшін қатаң сөгіс берді, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі. Дереккөз: Bnews

0

«Азаматша Сисенова өз арызында Темір қаласының әкімі Мұхтар Әкімовтің өзі туралы Жанпейісоваға дәйексіз сөздер айтқанын, кейін жиналыс кезінде дауыс көтеріп сөйлегендігін мәлімдеп, шара қолдануды сұрады. Тексеру жүргізілді. Мәлім болғаны, Сисенова Темір қаласындағы Сақтаған Бәйішев атындағы орта мектепте бастауыш кластарына сабақ береді. Ол мектепте бір мұғалімнің орны бос тұрғанын айтып, жоғары білімі бар қала тұрғыны Жанпейісоваға хабар береді. Қуанышты хабарды естіген ол түйіндемесі мен құжаттарын алып, мектеп директорына жолығады. Ал директор бір жұмыс орны бос, бірақ, бала күтімімен демалыста отырған мұғалім өз орнына жұмысқа қосылатынын жеткізді. Үміті үзілген Жанпейісова Темір қаласының әкімі М.Әкімовке жолығып, жұмыс сұрайды. Кабинет ішіндегі әңгіме арасында қала әкімі Сисенова туралы жағымсыз сөздер айтып, оны балағаттаған», – дейді облыстық мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Қайрат Акиев. Мұнымен іс бітпеді. Қала әкімі Мұхтар Әкімов мектепте жиналыс жасап, жекешелендіру туралы түсінік беру жиыны кезінде Сисеноваға тағы дауыс көтереді. Ұрыс-керіс арты арызға ұласты. «Тексеру кезінде Мұхтар Әкімов өз ісін мойындамады. Бірақ, аудио жазба табылып, кейін өзінің қателескенін айтып, кешірім сұрады»,- дейді облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Қайыржан Тоқышев.

Айта кетейік, қала әкімі Мұхтар Әкімов ҚР Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің «Мемлекеттік қызметшілер адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауы, азаматтармен, әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуы, өзінің іс-әрекеттерімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауы, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуі, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануы, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметінің беделіне нұқсан келтірмей пікірсайысты сыпайы жүргізуі тиіс» деген талаптарын бұзды. Бұл талапты бұзған әкім қатаң сөгіс алды. Егер ол 6 ай ішінде қайтадан Әдеп кодексін бұзып, кеңес алдына келсе, жұмысынан босатылады.

«Әкімге тән емес әдепсіз қылық жасадым. Сын айтқаным да рас. Жиналыс болғанда мен мектептегі сабаққа кедергі келтірмей, 10 минуттық үзіліс кезінде жекешелендіру туралы айтқан болатынмын. Сол кезде Сисеноваға дауыс көтерген болармын, бірақ, қатты ұрысқаным жоқ»,- дейді Темір қаласының әкімі Мұхтар Әкімов.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу