Алматыда «Оңай» үшін таяқ жедім деген автобус жүргізушісінің өтірігі әшкере болды

Оңбай таяқ жеп, сол үшін «оңайлықтарды» айыптаған алматылық автобус жүргізушісінің өзі жауапқа тартылып жатыр. Себебі, тергеушілер істі жүргізу барысында бұл оқиғаға қоғамдық көліктегі электрондық төлем жүйесінің еш қатысы жоғын, жанжалдың екі адам арасындағы жеке мәселеден туындағанын анықтаған. Дереккөз: КТК

0
Оңай

Ал соққыға жыққан жігіт басқа емес, автобус жүргізушісінің туысқан інісі екен. Қалдыбек Байтанауов төрт жыл бұрын одан қарыз алып, төлемей кетіпті. Сол үшін Семейден арнайы келген туысы есесін жұдырықпен қайтарған.

Атышулы оқиға ақпан айында болды. 13-ші бағыттағы автобус жүргізушісі жұмыста жүріп оңбай таяқ жеп, мұнысын «Оңай» төлем жүйесімен байланыстырған. Ақша төлеуден бас тартқан жолаушы, бас салып ұрды деген еді сол кезде Қалдыбай Байтанауов.

Қалдыбек Байтанауов, автобус жүргізушісі: – Мына «Оңайды» қойып, «Оңайдан» мүгедек болдым ғой. «Оңай» болмағанда емін-еркін төлеп жүре бергенбіз. Қазір «бардак» болды мына «Оңайды» қойғалы.

Байтанауов тіпті Алматы көлік холдингінен 5 миллион теңге өтемақы талап етпек болғаны да есте. Алайда тергеушілер істің ақ-қарасын анықтаған соң, әңгіме бастан-аяқ өзгеріп кетті. Сөйтсе, соққыға жыққан өзге емес, өз туғаны екен. Ал өзара жанжалға осыдан 4 жыл бұрын алған 10 мың доллар қарызы себеп болған.

-Содан бері міне, 4 жыл бойы 45 мың теңгеден ақша жіберіп тұрдым. Содан бастап мына биылғы қыркүйектен бастап кішкене ақша бере алмай бастадым.

– Неліктен сіз жалған жауап бердіңіз?

– Бұл інімді енді бәрібір соттатқанда маған ұят болды ғой. Ел-жұртымнан, жақынымнан ұят. Сонан кейін айттым да.

Ағайынымен бас араздығын елге жария қылғысы келмеген жүргізушінің өзі де жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі: – Тергеушілер екі азаматтың да іс-әрекетеріне ресми түрде құқықтық тұрғыда баға беруде. Яғни, жалған ақпаратты беру де өзі қылмыс болып табылады.

Сондай-ақ, ағасына қол жұмсаған інісінің ісі де қараусыз қалмайды. Ал Алматы көлік холдингінің өкілдері жала жапқан жүргізушіге қатысты сотқа шағымданбайтынын айтып отыр.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу