Қанат Ислам: «Қазақстан» телеарнасы мен «Қазспортқа» алғыстан басқа айтарым жоқ

0

— Қанат аға, жиырмасыншы жеңісіңіз құтты болсын! Қазақтың абыройын асқақтатып, беделін тағы бір көтердіңіз. Шын қуандық. Қарсыласыңызды алғашқы раундта-ақ құлаттыңыз. Ең оңай жекпе-жегіңіз осы болған шығар?

— Мен бұл жарысқа өте көп дайындалдым. Негізі бұл жекпе-жек сәл ертерек өту керек еді. Түрлі себептермен кейінге шегеріле берді. Шамамен 6 ай бойы осы жарысты күттім. Спорт ол қиындықтардан тұрады. Биік белес бағындырып, қазақтың атын шығару үшін мен соның барлығынан өтуім керек. Сабыр сақтап, шыдамдылық танытып, күнделікті жаттығуымды үзбедім. Тіпті әдеттегіден де көбірек жаттығып, техникалық мүмкіндіктерімді арттыруға күш салдым. Ешбір қарсыласқа анау әлсіз мынау мықты деп қарамаймын. Әр қарсыласқа тиянақты дайындаламын. Бұл жолы 10 раундтық кездесу болады деп, дайындалып шыққан едім. Құдай бұйыртып алғашқы раундта-ақ ұттым. Бұл жеңісім де жаттығуымның нәтижесі деп ойлаймын.

IMG-20151111-WA0015

— Интернеттен жаңа киім үлгісін киіп, фотосессия жасаған суретіңізді көріп қалдық. Жаңа келісім шарттар жасалды ма?

— «Нелсон» промоутерлік компаниясымен ары қарай жұмыс жасаса беремін. Бірақ, біз қазір жаңа менеджермен келісім шартқа отырдық. Енді менің жекпе-жектерімді әлемдегі ең танымал менеджер Эл Хэймон ұйымдастыратын болады. Ол бұрын Мейвезердің кездесулерін өткізген тәжірибелі маман. Алдағы уақытта жағымды жаңалықтар көп болады деп сенемін. Осы ретте Бауыржан Оспанов ағама ерекше алғыс айтқым келеді. Ол кісінің менің биік белес бағындыруыма жасап жатқан еңбегі орасан зор. Ұлттың мүддесін ойлайтын, елге тірек болатын ағамның барына қуанамын. Бойында азаматтық, даналық пен парсаттылығы мол аға аман болсын!

IMG-20151111-WA0016

— Әлеуметтік желілер мен сайттарда «Қанат Исламның жекпе-жегін отандық телеарналар неге көрсетпейді?» деген мақалалар жазылып, түрлі пікірлер айтылуда. Шынымен де неге жекпе-жектеріңізді телеарналардан көре алмай жүрміз? Мұның біз білмейтін бір сыры бар ма?

— Спорттың да басқа салалар сияқты өзінің заңдылығы бар. Мұны бірі түсінсе бірі түсінбей жатады. Көп адам мені Генамен салыстырады. Генаның өзі көп еңбек етті, ол да басында телеарналарға шыққан жоқ. Белгілі бір белес бағындырған соң барып, экрандардан көрсетіле бастады. Әлемге танымал болмай жатып, телеарнаға шығамын деу ол қисынға келмейді. Экраннан көрсету үшін спортшының атақ дәрежесі, жетістігі болу керек. Мен 20 жекпе-жегімді енді ғана өткіздім. Американың өзі бұл кездесуімді экраннан көрсеткен жоқ. Маған әлі көп еңбек ету керек. Қазақстандағы телеарналарға менің ешқандай да өкпем жоқ. «Қазақстан» ұлттық арнасы бір бағдарламасын маған арнағанын білемін, жарыстан соң скайп арқылы сұхбаттастық. Қаншама журналистер жарыс алдында да жарыстан соң да хабарласып жатты. Аллаға шүкір, елімнің барына, мені іздейтін қазағымның барына қуаныштымын. «Қазақстан» телеарнасы мен «Қазспортқа» алғыстан басқа айтарым жоқ. Ешкім мені шеттетіп жатқан жоқ. Мен спортта ақырын-ақырын өсіп келе жатырмын. Бұйыртса, жекпе-жегімді телеарнадан көрсететін күнге де жетеміз. Сіздер сабыр етіп күтулеріңіз керек. Ал маған талмай еңбек ету керек.

— Жиырмасыншы жекпе-жектің видеосын көрермен екі күннен соң көрді. Суреттер әлі күнге дейін жоқ. Неге? Әлде қасыңызда жарнамаңызбен айналысатын адам жоқ па?

— Сіздерді түсінемін. Экраннан көре алмаған соң, кездесулерімді интернеттен көруге асығасыздар. Кейде оған да мүмкіндік болмай жатады. Жаңа келісім шартқа енді қол қойдық. Бұйыртса, енді барлығы басқаша болады деп ойлаймын. Келесі жарыстарымның суреті мен видеолары өз уақытында жариаланатын шығар.

IMG-20151111-WA0013

— Келесі жекпе-жегіңіз қашанға жоспарлануда? Жыл соңына дейін қанша жекпе-жек өткізесіз?

— Қазір осы мәселелерді шешіп жатырмыз. Алдағы 10 күннің ішінде белгілі болады. Тағы бір кездесу өткізуім мүмкін. Қанат деп тақымын қысып отырған еліме алғыс айтқым келеді. Қазақтың туын көтеретін жастар көп болсын. Қазақ елі өркендеп дами берсін. Еліміз, Елбасымыз аман болсын!

— Рахмет, аға. Аман жүріңіз! Қазақтың Қанатын әлем танысын!

Сұхбаттасқан — Берік СҰЛТАН

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!