Ақшаңызды бүлдіріп алсаңыз, не істеуге болады?

Әртүрлі себептермен ақшасын бүлдіріп алатын тұрғындарымыз көп. Бірі киімнің қалтасында кеткен купюраны абайсызда жуып алса, енді бірі оны жыртып, не күйдіріп алып жатады деп хабарлайды 31 арна. Дереккөз: 31 арна

0
Теңге ақша доллар

Егер купюра теңге болса, Ұлттық банк оны оңай ауыстырып береді. Ал шетелдік валюта болған жағдайда мәселе күрделене түспек. Тілші Жанар Жолтаева бүлінген доллар, еуро мен юаньдарды қайда өткізуге болатынын анықтап көрген еді.

600 еуросын абайсызда күйдіріп алған Айдын Ділдебай бүлінген ақшаны бүтініне айырбастайтын жер таппай әлек. Еуроодақ елдерінің ортақ ақшасын күйіп қалған деп, отандық банктер қабылдамай қойған көрінеді.

“Біз достарымызбен тауға шығып, демалуға барған сәт еді. Сол кезде кәуәп пісіргенбіз. Кәуәптің қасына әмиянімді қойып қойған екен. Кәуәптің шоғы түсіп, оты күйдіріп, ақшаларым күйіп қалды. Банктерге барсам ешқайсысы ауыстырмаймыз деп жатыр. Тастайын десең біраз ақша, қимайсың. Енді не істерімізді білмей жатырмыз”, – дейді тұрғын Айдын Ділдебай.

Банктерге хабарласып, қалада төлемге жарамсыз болып қалған шетелдік купюраларды қабылдайтын санаулы ғана айырбас орындары бар екендігін анықталды. Қызметі үшін олар бүлінген қаражаттың 20-дан 30 пайызын ұстап қалады. Кейіннен оны өзге елдегі эмитент банкке жіберіп, жаңасына ауыстырып алады екен.

“Шетелде бүлінген ақшаға күдікпен қарайды. Олардың түсінігінде ақша тек банктерде ғана сақталуы керек. Ал көп көлемде, күйген ақша алып келсең, бұл ақшаның нендей бір қылмысқа қатысы бар деп ойлайды. Оны ауыстырып алу үшін арнайы құжат жиып, олардың абайсызда күйіп қалғанын дәлелдеп беруің керек. Оған арнайы сараптама тағайындалады, бірнеше апта күтуге тағы тура келеді. Сондай-ақ қаражатты сыртқа шығару үшін декларациядан өтетініміз тағы бар. Сондықтан бұл жұмыстың машақаты көп”, – дейді ақша айырбастау орнының директоры Владимир Пономарев.

Жалпы тұрғындарымыз үйде жинаған ақшасын ұры-қарыдан сақтау үшін түрлі амалдарға барады екен. Купюраларды тоңазытқышқа, қысқа толқынды пеш, кір жуғыш машиналардың ішіне салып, көлденең көзден жасыруға талпынады екен. Алайда мамандар ақшаға ыждаһаттықпен қараған жөн дейді. Оны сақтаудың ең қауіпсіз жолы банктен депозит ашып, басы артық қаражатыңызды соған жию.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу