Оңтүстік Қазақстан облысы өткен жылды жемісті қорытындылады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі  Бейбіт Атамқұлов Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында халық алдында  өткен 2015 жылы өңіріміздің экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, өткен жылды қорытындылады.

0
Бейбіт Атамқұлов

Әрі, алдағы бес жылда іске асырылатын жұмыс жоспарлары туралы баяндады. Атап айтар болсақ, күнгей облыстың танымалдылығын арттыру мақсатында «Жаңа брендинг» саясаты жүзеге асырлады. Бұл жөнінде аймақ басшысы Б.Атамқұлов өңір тұрғындарына берген жылдық есебінде мәлім етті.

Есепті кездесуге жергілікті тұрғындармен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков пен ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ж.Естенов қатысты.

Жылдық есептің ерекшелігі сол, өңіріміздегі барлық аудан, қалалардағы тұрғындар жылдық қорытындыны онлайн режимінде тыңдап, әкімге сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды.

– Бұл бренд атауы Оңтүстік – «Оң» деген 2 әріптен басталып тұр. Мәселен, «Оң» – оң жақ, оң іс, оң жол, оң бата деген жағымды тіркестермен жалғасып кете береді. Осындай символдар арқылы да Оңтүстігіміздің рухын басқаша асқақтататын боламыз. Енді біздің әр тауарымыз, бізден шыққан әр өнім – Оңтүстік сөзімен байланысты болу қажет, – дейді өңір басшысы.

Өткен 2015 жылы Оңтүстік Қазақстанда өнеркәсіп саласында 668,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2014 жылмен салыстырғанда 64,5 млрд. теңгеге артқан. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада 5-орынды иеленді. Бұл туралы өңір басшысы Б.Атамқұловтың халық алдында берген есепті жиынында айтылды.

Аймақ басшысының мәліметінше, былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 344,6 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,5% көбейген. Республикадағы мақта өнімі бойынша 100 пайыздық көрсеткішті Оңтүстік Қазақстан беріп отырса, бақша өнімдерінің 65%-ы, жеміс-жидектің 36%-ы, жүзімнің 65%-ы біздің облысқа тиесілі.

Сонымен қатар, былтыр жаңа технологияларды енгізу нәтижесінде, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 1 адамға шаққанда 48 000 доллар АҚШ долларын құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көбейді.

Былтыр облысымызға құны 143 млрд. теңгені құрайтын инвестиция тартылып, 58 жаңа жоба іске асырыла бастады. Оның үштен бірі, яғни, 36 пайызы шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылуда.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу