Биыл Алматының мың жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Алатау баурайында алауы тұтанатын Қысқы Универсиада ойындарына дайындық барысымен танысты. Дереккөз: 24.kz

2
Алматы қаласы

Нұрсұлтан Назарбаев спорттық нысандардың құрылысын көріп, солардың бірінде алғашқы жұмыс жиынын өткізді. Жауапты мамандардың есебін тыңдап, айтулы сайысты абыроймен өткізуді міндеттеді. Шаһарға сапары барысында Президент азық-түлік саласы бойынша әлемде көш бастап тұрған сауда орнын  аралады.

Мыңжылдық тариxы бар алып шаһар – Алматы. Экономиканың күретамыры, мәдениет, ғылым һәм спорт пен туризмнің ордасы. Мұнда Шымбұлақ тау шаңғы шипажайы бастаған, Медеу мұз айдыны қоштаған ірі-ірі кешендер бар. Қазір тағы бірнеше айтулы ғимарат бой көтеріп келеді. Кезінде Азиядадан мұра болып қалған спорт нысандардың саны ұлғайып, енді қала 28-ші Бүкіләлемдік универсиаданы қабылдауға қамданып жатыр. Дайындық деңгейі жоғары. Оған Президенттің өзі көз жеткізді. Нысандардың құрылыс барысымен танысты.

Дода 8 нысанда спорттың 12 түрінен өтеді. Олардың басым бөлігі бұрынғылар. Мұз сарайы мен Мұз аренасының құрылысы мерзімінен бұрын тамыз айында тапсырылмақ.

Бұдан бөлек, 5 мың орындық спортшылар қалашығы тұрғызылуда. Онда жарысқа қатысушылар орналасады. Мұндай кешен Универсиада тариxында алғаш рет бой көтермек. 1500 құрылыс компаниясы атсалысып, қазір құрылыс алаңдарында 50 мың адам жұмыс істеп жатыр.

Намысты додада 55 елдің 2 мыңға жуық студенті бақ сынасады. Қазіргі уақытта 33 ел тіркеуден өтіп үлгерген. Осылайша, ауқымы бойынша бұл сайыс өз тариxындағы ең үлкен Универсиада атанбақ.

Халықаралық доданың тұғыры биік. Мәртебесі жағынан Олимпиада ойындарынан кейін екінші орында. Сондықтан студенттер сайысының жоғары деңгейде өтуі маңызды. Бұл орайда Президент Мұз сарайында Алматы қаласын дамыту және 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізуге дайындық жөнінде кеңес өткізді. Жарысты тамашалауға 30 мың мейман келеді. 80 елдің 1 млрд-қа жуық тұрғыны эфирден тамашалайды. Демек спорттық нысандар да, қала да бабында болғаны абзал.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Алматының өркендеуі Қазақстан үшін өте маңызды. Әсіресе, Универсиаданың алдында халықтың дайындығы, қаланың дайындығы біз үшін керек. Биыл бәрін бітіруіміз керек. Бір жыл қалды ғой. Мен біраз объектілерді араладым. Дайындығы өте жоғары бірақ әлі істейтін мәселелер аз емес. Бұл жұмыстарды уақытылы орындап, экономиканың қиындығына қарамай, ел дәрежесіне жұмыс істеуіміз керек.

Елбасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы әкімшілігіне спорттық ойындарды жоғары деңгейде өткізуді тапсырды. Спортшылардың дайындығы да мықты болуы тиіс. Бұл орайда министрдің өз болжамдары бар.

«Спорт нысандары жарыстан кейін тұралап қалмауы тиіс», – деді Президент. Елдің игілігіне қызмет етіп, қолжетімді болуы тиіс. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кейін xалықтың емін-еркін пайдалануына еш кедергі жоқ. Мұнда шағын футбол, баскетбол, волейболдан жарыс, тіпті, концерттер мен форумдар да өткізуге болады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

– Қанша қаражат қайтатынын қазірден бастап көріп отырмын. Нысандар не істейді, қалай пайдаланылады? Соны қараңдар.

Нұркелді Әбжапаров, «Универсиада-2017» МҚ дирекциясы директорының орынбасары:

– Нысанның бәрі қала тұрғындарына, қала қонақтарына есік ашық болады. Бағасы қазіргі барлық спорт нысандардан арзанырақ болады деген үміттеміз.

Универсиада Алматының өркендеуі үшін зор мүмкіндік. Спорт пен туризмнің инфрақұрылымын нығайтады. Елдің мүмкіншіліктерін паш етеді. Сондықтан туристерді қабылдауға дайын болу керек. Бұл орайда Алматы басшылығы әуежайды кеңейтудің маңыздылығын алға тартты. Екінші терминал қажет, екінші ұшып-қону алаңын жаңғырту маңызды деп отыр. Тіпті жаңа әуежай салу да ойда бар көрінеді. Қайткен күнде Елбасы мәселені шешуді тапсырды.

Алматы – мәдениетпен қатар қаржы орталығы. Экономиканың күретамыры, республикалық бюджеттің доноры саналады. Сондықтан оның әлеуметтік-экономикалық өрлеуі маңызды. Осы орайда Кеңестің басым бөлігі шаһардың экономикалық-әлеуметтік өркендеуіне арналды. Алдымен қала басшысы Бауыржан Байбек баяндама жасады. Қызметіне жарты жыл бұрын кіріскен әкім елдің тыныс-тіршілігімен етене таныс екенін аңғартты.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

– Дағдарысқа қарамастан негізгі көрсеткіштер сақталды. Өнеркәсіп өз деңгейінде. 250 мың жұмыс орны сақталды.

Оңтүстік шаһардың индустриялық дамуы да маңызды. Бұл орайда Индустриялық карта шеңберінде алғашқы 5 жылдығында 28 нысан іске қосылған. Алдағы бес жыл тағы 40-тан астам кәсіпорын бой көтереді. Олардың дені өңдеу саласын қамтымақ.

Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

– Осы жылы экономикалық қиындықтарға қарамастан екі зауыт саламыз.

Алматы қаласы экономикалық өсуінің бір нүктесін Алатау ауданындағы индустриялық аймақ құрайды. Ол жерде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Ал инновациялық құрамын «Инновациялық теxнологиялар паркі» қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні онда 150 компания жұмыс істейді. Қазір автономдық кластер қорының екінші кезеңінің құрылысы жүріп жатыр. Инновация демекші, Алматы – ғылым мен білімнің мекені. 42 ЖОО бар. Демек бұл шаһар тың идеялардың бастауы болуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Университет жанындағы зертханалар жастарды ғылымға бейімдеу керек.

Білім беру мәселесіне баланың кішкентай кезінен зейін салған абзал. Үш тұғырлы тілдің мектеп қабырғасынан енгізілгені де сондықтан. «Көпұлтты елімізде азаматтардың құқығын бұзуға жол жоқ», – деді Президент. Бұл дінге де, тілге де байланысты.

Алып шаһар болған соң мәселе көп. Солардың бірі – көлік. Қалада тіркелген көліктерді есептемегенде күніне 250 мың автокөлік кіріп-шығады. Экологиялық залалы жоқ емес. Сондықтан Елбасы әлемдік тәжірибелерді зерттеуге шақырды.

Алып мегаполистің экологиясы Елбасын ерекше алаңдатып отыр. Президент кезінде тау бөктерінде зәулім үйлер тұрғызуға тыйым салған болатын. Алдайда уақыт өте Алматының байлары ескі әдеттеріне қайта кіріскен сыңайлы. Бұл орайда Елбасы тағы бір рет ескерту жасады.

Дағдарыстың далаға да, қалаға да әсері көп. Дегенмен, Алматының жоспарлары осал емес. Заманауи, орталықтандырылған, ең бастысы – адамдардың өміріне қолайлы шаһар етіп қалыптастыру жоспарда бар. Сондай-ақ биыл шаһардың мың жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді. Бұл да айбынды Алматыны танытудың бір жолы.

Қазіргі таңда қаражатты тиімді жұмсау керек. Дағдарыс кезінде мұның қажеттілігі артып отыр. «Бұдан бөлек, инвестициялар тартып, жаңа жұмыс орындарын ашу керек», – дедіПрезидент. Елбасы қала әкімііне шаһарды гүлдендіріп, жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруды тапсырды.

Жиын екі жарым сағатқа созылды. Алматының келешегі жайлы терең ойлар айтылып, біраз мәселе көтерілді. Тоғыз жолдың торабында тұрған Алматының көлік-логистикалық әлеуеті, инновация, шағын және орта бизнес, білім беру мен қоршаған ортаны қорғауғаЕлбасы ерекше тоқталды. Енді бүгінгі берілген тапсырмалар бұлжытпай орындалса игі. Әкім де, әркім де солай боларына сенімді.

Бүгін Елбасы Алматыдағы нысандарды да аралады. Жуырда ғана ашылғанCarrefourгипермаркетінде болды. Әлемдік ірі сауда желісінің бұл Қазақстанға алғаш қадамы. Мұнда күніне 15 мың адам келіп сауда-саттық жасайды. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев.

8200 шаршы метрді алып жатқан дүкенде тауардың 30 мың түрі бар. Азық-түліктен бастап, тұрмыстық техника, жиһаз, киім-кешек, спорт тауарлары. Оның жартысы Қазақстанда жасалған өнімдер. Нұрсұлтан Назарбаев та отандық тауарды сатып алды.

Мекеме 500-ге жуық отандық компаниямен әріптестік орнатқан. Олардың 130-ы Алматы өңірінің ауылшаруашылық тауар өндірушілері.

Стефан Морье, Carrefour Kazakhstan бас директоры:

– Біз гипермаркетті алғаш рет Алматыда аштық. Енді Астанада ашу ойымызда бар. Алдағы бес жылда осы екі қалада 10 дүкен желісін, Қазақстан бойынша 20 супермаркет ашуды жоспарлап отырмыз. Басты ерекшелігіміз – біз отбасылық дүкенбіз. Біз қазақстандық өнімге үлкен қолдау көрсетеміз.

Carrefour – француздық сауда желісі. Әлемде екінші орынға ие. Елімізде саудасы сәтті жүрсе, Орталық Азияның басқа елдерінде дүкендерін ашпақ. Әзірге Қазақстанға келгеніне қуанып отыр. Бізге де игі. Арзан баға, сапалы өнім бізге де керек.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

2 пікір

  1. Шымкентке 2200 жыл толса да ақша шашпай тыныш отыр ғой. Тараз 2000 жылдығын тойлағанда бейшара құл мұғалімдер үй бетін көрмей шапқылап кеткен еді, тегін қызмет көрсетіп. Ал әкімдерге рахат болы, дайын киіз үйлерде ет жеп қымыз ішіп бөлінген қаражаттан миллиондап ауызтиіп, семіріп шыға келген болатын, ол соларға пайда.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!