«Жаңғақ тал» фильмі Франциядағы халықаралық кинофестивальде жүлдеге ие болды

Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ киностудиясы түсірген «Жаңғақ тал» фильмі Везульдегі (Франция) Азия киноларының 22-і Халықаралық кинофестивалінде екі бірдей жүлдеге ие болды. Режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтың кинокартинасы халықаралық қазылардың арнаулы жүлдесіне және кино сыншыларының арнаулы жүлдесіне ие болды. Бұл туралы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінен хабарланды.

Дереккөз: ҚазАқпарат
0
Жаңғақ тал

Іріктеу комиссиясы конкурстық көрсетілім үшін «Жаңғақ тал» фильмін үздік азиялық кинотуындылар арасынан таңдап алған болатын. Фильмнің мазмұнына келсек, онда қарапайым отбасындағы қарым-қатынастар суреттеледі.

Фестиваль аясында француз көрермендеріне ұсынылған фильмнің көрсетіліміне режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтің өзі де қатысты. Ал конкурсқа қазақстандық туындыға бәсеке ретінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Филиппин және Түркия елдерінің 8 кинокартинасы ұсынылған болатын. Солардың арасында «Жаңғақ тал» фильмі талғамы биік көрермендердің көңілінен шығып, киносыншылар мен мамандар арасында жоғары бағаға ие болды. Айта кетерлігі, фестиваль аясында бағдарлама бойынша барлығы 90-нан астам фильм көрсетілген болатын.

Негізгі конкурста фильмдерге оңтүстіккореялық режиссер Им Санг-Су төрағалық ететін қазылар алқасы  баға берді. Қазылар құрамында режиссер Нан Тривени Ахнас (Сингапур), продюсер және актриса Мания Акбари (Тегеран), режиссер Еутана Мукдасанит (Таиланд) секілді танымал тұлғалар болды. Везульдегі кинофестиваль Франциядағы ғана емес, Еуропадағы бірталай уақыт бойы өткізіліп келе жатқан  ауқымды азиялық кино форумы болып табылады.

Еске салайық, қазақстандық режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Жаңғақ тал» фильмі бұған дейін Кореядағы Пусан фестивалінде әлемдік премьерасын өткізіп, онда New Currents («Жаңа ағым») секциясы аясында жүлдеге ие болған еді.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу