Тәуелсіздіктің 25 жылдығына сай келетін мерейтойлар мен атаулы күндер

2016 жылы мемлекетіміз бен халқымыз үшін мәні мен маңызы зор бірқатар мерейтойлар мен атаулы күндер бар.

Дереккөз: HalykNews
0
Тәуелсіз Қазақстан

Атап айтқанда, биыл:

2016 жылы Бөкей Ордасының құрылғанына 215 жыл толады.

Ішкі Қазақ Ордасы (Бөкей Ордасы) — 1801 жылы Еділ мен Жайық аралығында іргесі қаланған саяси құрылым.

1801 жылы Оған дейін қазіргі Ақтөбе облысын қоныстанып келген Нұралы ханның екінші ұлы Бөкей сұлтан Ресей патшасына Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы бос жатқан атамекеніне көшіп-қоныстануға рұқсат сұрап, өтініш жолдайды. Ресей императоры Павел I Бөкей сұлтанның өтінішін қабыл алып, 1801 жылы 11 наурызда жарлық шығарып, рұқсат береді.

Сол жылдың күзінде Бөкей сұлтан өзіне қарасты 5 мың түтін ауылымен Жайықтың ішкі бетіне көшіп-қоныстанады. Тарихта Ішкі Қазақ немесе Бөкей ордасы аталған өлкенің іргесі осылай қаланады. Орда қаласының іргесі қаланады. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы, Бөкейорда ауданындағы Хан Ордасы ауылы сол қаланың қалған жұрнағы.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы. 1916 жылы 25 маусым күні ұлты орыс емес, «бұратана» саналған халықтардың 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарын соғыс жүріп жатқан жерде қорғаныс құрылыстарын салу мен тыл жұмыстарына алу жөнінде патша жарлығы шығады. Осы бір елдің ашу-ызасын тудырған жарлық Қазақ жерінде және Орталық Азия халықтарының біраз бөлігін қамтыған ұлт-азаттық көтерілістің тұтануына басты себеп болды.

Есімдері халық жүрегінде сақталған, халқымыз бен жерімізді қорғап, өздері сол жолда құрбан болған батырларымыз да, еселі еңбек сіңірген немесе ұлтына рухани мол мұра қалдырған қайраткерлеріміз де көп. Биыл бірқатар арыстарымыздың мерейтойы аталып өтеді.

Соның ішінде 1836-38 жылдары еліміздің батысында болған халық көтерілісінің қолбасшысы Исатай Тайманұлының 225 жылдығы өтетіні жоспарланған. Исатай Тайманұлы 1791 жылы дүниеге келіп, 1838 жылы Ақбұлақ өзенінің жағасында болған шайқаста асқан ерлікпен қаза табады. Исатай — Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы. И.Тайманұлының ерлігі мен қайраткерлігі Махамбет Өтемісұлының жалынды жырларында көрініс тапқан.

2016 жылы Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліске (1836 жыл) 180 жыл толады.

2016 жылы ақын әрі сазгер Қалнияз Шопықұлының 200 жылдығы аталып өтеді.

Халыққа білімнің нұрын шашқан, қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдығы да кең көлемде тойланады деп жоспарлануда.

Қазақтың жыр дүлдүлі, ақын Қашаған Күржіманұлының және әйгілі сазгер Мұхит Мералыұлының 175 жылдық мерейтойлары да аталып өтпек.

2016 жылы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойы аталып өтеді.

Халық ақыны Қазанғап Байболұлының және ақ күріштің атасы атанған еңбек майталманы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың да 125 жылдығы 2016 жылғы маңызды іс-шаралар қатарында тұр.

Сонымен қатар ақын, жазушы, публицист Баубек Бұлқышевтің, белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың, Қазақстанның халық әртісі, әнші, режиссер Кәукен Кенжетаевтың, дауылды жырлар жазған ақын Хамит Ерғалиевтің, Қазақстан опера өнерінің негізін салушы сахна жұлдыздары (егіздер) Мүсілім мен Ришат Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойлары елімізде аталып өтетін болады.

Елімізге, халқымызға адал еңбек сіңірген, игілікті ісімен артына өшпейтін із қалдырған бұлардан басқа да ұлтжанды азаматтардың да мерейтойлары өтетіні сөзсіз.

2016 жылы Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толады. 1986 жылы 17-18 желтоқсан күндері СОКП Орталық Комитетінің шешіміне қарсы шыққан қазақ жастары бейбіт ереуіл жасап, Алматы қаласындағы Орталық Алаңға жиналып, наразылықтарын білдірді.  Мұндай қарсылықты күтпеген отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйе бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарын аяусыз жазалау операциясын жүзеге асырды. Бұл кеңестік империяның жымысқы саясатын, шағын халықтарға қарсы жүргізіп келген опасыз саясатын жария еткен алғашқы көтерілістің бастауы болды. Содан кейін өзге республикаларда да осындай наразылық білдірген оқиғалар болғаны тарихтан белгілі.

1991 жылы КСРО күйреп, оның құрамында болып келген республикалар ғасырлар бойы аңсап келген азаттығына, тәуелсіздігіне қол жеткізді. Соның бірі — Қазақ Елі! 1991 жылы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігін алды.

Алматыда болған Желтоқсан көтерілісіне байланысты 17 желтоқсан Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні болып белгіленген. 1991 жылы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығымен Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған адамдар ақталды. Аталған Жарлықтың 4-тармағы бойынша 17 желтоқсан Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні деп жарияланды.

Бұдан 55 жыл бұрын, яғни, 1961 жылы 12 сәуірде адам баласы алғаш рет ғарышқа аттанды. Юрий Гагарин адамзат тарихында ғарыш кеңістігіне көтерілген тұңғыш азамат.

Ал 25 жыл бұрын 1991 жылы 2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңестер Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа сапар шекті. 10 қазан күні Жерге оралды.

Биыл Семей сынақ аймағының біржола жабылғанына 25 жыл толады. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» тарихи Жарлыққа қол қойды. Осы орайда, 29 тамыз Қазақстанның бастамасымен бүгінгі таңда Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттердің халықаралық күні болып белгіленді. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары қабылданды.

Әрбір іс-шара елді бірлікке, ынтымаққа, келешекке деген нық сенімді қалыптастыруға шақырса, ол халықтың көңілінен шығатыны сөзсіз. Мәні зор іс-шараларымыз игілікті, мерейтойларымыз мәртебелі болғай!

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу