Қыдырәлі Болманов: Жанар екеуміз бір бөлмеде, бір көрпені жамылып жататын дос болғанбыз

Қыдырәлі Болманов Жанар Айжанованың туған күніне орай, өзінің Инстаграм желісіндегі жеке парақшасына ерекше пост жариялап, екеуінің жас кезінен бір үзік сыр шертті, деп хабарлайды Baistars.kz. Дереккөз: baistars.kz

0
Болманов Айжан

«Осыдан мың жыл бұрын… Былай қарасаң, күні кеше… Екеуміз де студентпіз… «Құласаң – нардан құла» деп мен Халықаралық «Азия дауысы» байқауын жоспарлап жүрген кезім, ал Жанар аты Алты Алашқа жайылған, (рейтингі) «танымалдылық» деген сұмдық рекорд ұрып тұрған кездер… Ол кезде қала ма, аудан ба, ауыл ма, бәрібір, күніне 3-4 концерт… Қанша концерт болса да адам сыймай, атақты «Битлз» тобы келгендей билет таппай, абыр-сабыр болып жататын Жанардың (кейде тырысып қалатыны болмаса) мінез-құлқы, сөз шалысы, ашық-жарқындығы, ибалы, имандылығы, ақылы, білімі – тектілігі болар, Жанармен таныса сала достасып кеттік…» — деп бастайды Болманов әңгімесін.

Бір жылдары Қыдырәлі Болманов Жанар Айжанованың концерттеріндегі үзілістерде ән шырқап жүргенін жасырмады: «Содан бір күні Жанар «концерттерге менімен бірге жүрші, әрі ұйымдастыру жағынан қажетсін» деп, Жанар демалып, киімін ауыстырғанда мен сахнада гитарамен бірнеше ән айтатынмын… Жанар концерттің екінші бөлімін айтып жатқанда есеп-қисабын жүргізіп, бәрін хаттап, қағаздап қоятынмын».

Бұдан кейін Қыдырәлі Болманов Жанар Айжанова екеуі арасындағы ерекше достыққа куәландыратын құпияларды ашты: «Қонақүйде бір үлкен номерге екеуміз бірге түнеп, түнімен «видик», небір Шварцнеггер, Брюс Ли, Джеки Чан деген нешетүрлі «киноларды» қарайтынбыз… Таңды таңға ұрып… Соны қарап отырып, кейде құшақтасып ұйықтай салатынбыз… Бірақ қасымда қыз бала жатыр-ау, былай қылсам қалай болады деп бірде-бір рет басымды қатырмаппын… «Бота көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді» деген… Сен де көзіңді сүзбепсің… 2 жылдан астам бірге жүрдік, ақ адал бір нанды бөлісіп жедік. О, Алла, жасымыз жасымыз жалындаған жиырманың о жақ, бұ жағы… Соған қарамай, ардан аттамадық, арамызда адалдықтан өрбіген абырой қалды. Алла куә! Бұл да бір бақыт екен…».

Сөз соңында әнші бұл әңгімесін жастарға үлгі болсын деп әңгімелеп отырғанын айтты: «Сен Ана болдың! Аллаға сансыз мадақ, мен әке болдым! Жастарға үлгі болсын деп тоқталдым».

Жанар Айжановаға ақ тілегін жаудыруды да ұмытпады: «Сенде бәрі бар, мінез де, жан-жақты талант та, ақындық та, композиторлық та, Алла сақтасын, ел шетіне жау тисе, әйелмін деп қарамай, қолыңа найза алып, тікелей жауға шабар батырлық та бар… Ар да бар, ұят та бар, иман да бар! Ең бастысы, «Өнер алды — қызыл тіл» дейтін қазақпыз сөзден түйін түйетін шешендік қасиетіңді ерекше бағалаймын. Алла осының бәріне бақыт, ұзақ ғұмыр, екі өмірдің абыройын қосып берсін! Игі ниетпен: досың Қыдырәлі Болманов+Қарақат Болманова» деп жазды әнші.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу