Алаш елін 20-25 жылда екiншi Жапонияға айналдыруға ұмтылып едi…

Әлихан Бөкейхан Мэйдзи бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесiнде артта қалған аграрлық елден 21 жылда әлемнiң ең дамыған мемлекетiне айналған Жапонияның тәжiрибесiн үлгi етiп, Алаш мемлекетiн 20-25 жылда әлемнiң төрiне жеткiзудi жоспарлады. Алаш көсемi жапондардың тәжiрибесiн қазақ елiне сол қалпында орната салмай, халқының өзiндiк мәдениетi мен салт-дәстүрiнiң негiзiн сақтай отырып жетiлдiрудi көздедi. Дереккөз: Оңтүстік Қазақстан

1
Әлихан Бөкейхан

ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында «Әлихан қазақты «Алаш» ұраны мен туының астына топтастырып, бiртұтас Алаш ұлтын қалыптастырды, қазiргi қазақ ұлтының атасы болды» деген пiкiр ашық айтылатын. Алаш қайраткерлерiнiң бiрi Қошке Кемеңгерұлы 1924 жылы «Қазақ тарихынан» атты очеркiнде: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана топ болды. Бұл топты баулыған – Әлихан. Әлиханның қазақ елiне iстеген тарихи қызметi: әдеби тiл тууына себеп болды, өзiне ерген топты дiни фанатизмге қарсы тәрбиеледi. Бұдан барып татардан iргесiн аулақ салған қазақ ұлты туды» деп жазды. Студент кезiнде марксизм идеясын терең меңгерген Әлихан 1895-1897 жылдары өз мамандығы бойынша Омбы орманшылығында қызмет атқарумен қатар, сол қаладан шығатын «Степной край» газетiнде саяси шолушы болады. Марксизм идеясын насихаттушы ретiнде бүкiл Дала өлкесi мен Сiбiр өңiрiне кеңiнен танылады. 1896-1901 жылдар аралығында «Щербина экспедициясы», 1902-1903 жылдары «Швецов экспедициясы» қазақтың жер-суын, тұрмыс-тiршiлiгiн, шаруашылығын зерттеп, төрт түлiк малын есепке алады. Осы екi экспедицияның жұмысын сараптаған Әлихан Бөкейхан қазақ қоғамын төл мәдениетiнiң ерекшелiгi, әлеуметтiк құрамы жағынан да, шаруашылығы тұрғысынан да тапқа жiктеуге болмайтынына көз жеткiзiп, марксизммен бiржола қош айтысады. 1910 жылы Санкт-Петерборда басылып шыққан «Қазақтар» очеркiнде атап көрсеткендей, өзi тәрбиелеп өсiрген «Алаш» зиялыларын бастап Әлихан қазақ елiн Батыс Еуропа өркениетi деңгейiне жеткiзудi түпкiлiктi мақсат етiп алды. Осы мақсатқа ол мәдениетi мен әлеуметтiк-экономикалық болмысы жағынан қазаққа бiртабан жақын жапондардың әйгiлi «Мэйдзи төңкерiсi» тәжiрибесiн ден қоя зерттедi.

«Мэйдзи төңкерiсi» немесе «Мэйдзи жаңғыруы» деп Жапонияны артта қалған аграрлық елден 21 жылдың iшiнде әлемнiң жетекшi мемлекетiнiң бiрiне айналдырған 1868-1889 жылдар аралығында iске асырылған саяси, әскери және әлеуметтiк-экономикалық реформалардың жиынтығын айтады. «Мэйдзи» саясатының нәтижесiнде қазiргi жапон ұлттық мемлекетi мен бiрегей жапон ұлты қалыптасты. Сегундар үстемдiк еткен мемлекеттiк билiктiң самурай жүйесiнен тiкелей император мен ол жасақтаған үкiмет басқаратын жүйеге көштi. «Мэйдзи жаңғыруы» iске асырылған жылдары жапондардың дәстүрлi тұрмыс-тiршiлiгi түбегейлi бұзылып, елде жедел түрде Батыс өркениетiнiң жетiстiктерi енгiзiлдi. Тұрақты армия құрылып, қару-жарақ пен соғыс техникасының, соғыс тактикасының ең үздiк үлгiлерiмен қаруланды. Терең реформалар жапон қоғамының әлеуметтiк, жер, қаржы-салық, ағарту-бiлiм беру салаларын да қамтып, ұлттық экономиканы дамытудың ең үздiк технологияларға негiзделген өнеркәсiптiк жолына түстi.

«Мэйдзи төңкерiсiнiң» тарихын зерттегенде Әлихан туған елiне жапон тәжiрибесiн айнытпай қолдануды жоспарлаған жоқ, ол мүмкiн де емес едi. Оның көзқарасынша, бiрiншiден, жапондар 1868 жылға дейiн қазақ елi сияқты артта қалған аграрлық ел болса да, тәуелсiз дербес мемлекет болды да, жоспарлаған түбегейлi реформаларын сыртқы күштердiң ықпалынсыз, араласуынсыз жүзеге асыра алды. Қазақ елi болса Ресей империясының езгiсiнде отырды. Сол себептi Әлихан «Алаш» қозғалысының стратегиялық мақсаттарының бiр бөлiгiн ұлттық автономия құрмай тұрып-ақ патшалық Ресей тұсында орыс оппозициясының көмегiмен жүзеге асыруды көздедi. Ұлт-азаттық қозғалыстың стратегиялық мақсаттарының денi 1905 жылғы «Қарқаралы петициясында» көрiнiс тапты. Әлиханның 1905 жылы Ресейдегi ең iрi әрi ықпалды конституциялық-демократиялық партиясына,

I және II Мемлекеттiк думалар күшпен таратылып, 1905-1907 жылдар төңкерiсi жеңiлiс тапқан соң оппозициялық күштердi бiрiктiрiп, самодержавиенi құлатуға жұмылдыру мақсатында құрылған аса құпия масон ұйымына кiруiнiң басты сыры да осында болатын. «Алаш» стратегиясына сәйкес прогресшiл орыс партиялары мен масон ұйымының күштерiмен самодержавиенi құлатқан 1917 жылғы ақпан төңкерiсiнiң iзiнше Әлихан кадет партиясымен де, масон ложасымен де қоштасып, «Алаш» партиясын құрды.

Әйтсе де, Әлихан ақпан төңкерiсiне дейiн өзiнiң жақын үзеңгiлестерiмен мәдениет, оқу-ағарту саласындағы реформаларын бастап, жартылай iске асырып та үлгердi. «Қияметке шейiн қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзiн ашып, бетiн түзесе, өзiнiң қазақшылығын жоғалтпағандай және өзiмiздiң шарқ әдетiне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениетiн» (Казахская культура) құрып, бiр жағынан «Қазақ әдебиетiн» (Казахская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» дедi Әлихан Бөкейхан «Қазақ тарихы» атты мақаласында.

Оған қоса Алаш көсемi 1904 жылдан бастап туған елiне жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесi – земствоны енгiзу үшiн күрестi. 1906 жылы I Мемлекеттiк думаға сайланғанда Әлихан земство енгiзу, қазақ иеленiп отырған жердi қазақтың қауымдық меншiгiне беру, қазақты әскери қызметке тарту, iс қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзу, қазақ мектеп-медреселерiнде ана тiлiнде оқыту туралы бiрқатар заң жобасын дайындап қойған едi. Оның земство енгiзбек ойының астарында, бiрiншiден, ата-баба жерiн земствоның қарауына берiп, келiмсектердiң ағынын тежеу болса, екiншiден, қазақ мемлекетiнiң құрылысын оның берiк негiзiн (фундаментiн) қалаудан, яғни жергiлiктi инфрақұрылымның негiзiн қалап, дамытудан бастауды көздедi. «Земство – жұрт өзi сайлап қоятын мәжiлiс мекеме. Жұрттың көзi, жанашыры, күзетшiсi, қамқоры, қорғаушысы. Тұрмыс-тiршiлiкте земство билемейтiн iс болмайды… Земство қойма-склад жасап, жұртқа арзанға егiн оратын, пiшен шабатын сайман алып бередi… Осы күнде мұхитқа шатыр болатын, темiр сататын земство союзы бар. Земство қолында сот болады. Судьяны земство сайлап қояды. Милицияны земство жалдап қояды. Земство жол түзейдi, көпiр салады, арық қаздырады, су басқан пiшендiктi құрғатады. Земство егiндi, малды страхование қылады. Жұрттың өз тiзгiнi өзiне келдi деген мiне, осы» деп жазды қыр баласы Алаш автономиясын жариялаудың дәл қарсаңында.

Ал, «Алаш» партиясының жарғысында жер мен земство турасында былай делiнедi: «Жер законында жер сату деген болмау, әркiм өзi пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну. Жердiң кенi, астығы, байлығы қазынанiкi болып, билiгi земство қолында болу».

Үшiншiден, Әлихан земствоны – мемлекет қайраткерлерiн тәрбиелеу мектебi деп қарастырды. Ресейдiң ХХ ғасыр басындағы көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерлерiнiң денi земстволардан өсiп шыққан едi.

Қазақты әскери қызметтен босатқан орыс патшасының 1834 жылы берген грамотасын (заңдық күшi бар) бұзу арқылы өз халқына әскери борыш өтеу мiндетiн жүктемек болған Әлихан қазақтың тұрақты ұлттық армиясын құруды көздедi. Алайда, тарихтан мәлiм, Қазақ өлкесiне земство патшаны құлатқан 1917 жылғы ақпан төңкерiсiнен кейiн енгiзiле бастаса, ұлттық армия құру – Алаш автономиясын жариялаған соң ғана қолға алынды.

Әлиханның «Мэйдзи жаңғыруы» тәжiрибесiн өз елiнде өзгерiссiз қолданғысы келмеуiнiң тағы екi сыры бар-ды. Бiрiншiсi, алты алаш көсемi қазақ пен жапон салт-дәстүр, мәдениеттерiнiң, ұстанған шаруашылықтарының өзiндiк, қайталанбас ерекшелiктерiн ескердi. Екiншiсi, Жапония монархиялық билiктi сақтап қалды. Ал, Әлихан Бөкейхан

саяси көзқарасы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш шынайы демократ, либерал болатын. 1917 жылдың 13 желтоқсанында Әлихан өзiмен бiрге Алаш автономиясының төрағалығына II Думаның депутаты Бақыткерей Құлманұлы мен заңгер Айдархан Тұрлыбайұлының дауысқа түскенiн қалап, шынайы демократиялық сайлауда басым дауыспен жеңiске жеткенi мәлiм. Әлихан Бөкейханның бұл әрекетiнен Қазақстанда демократиялық сайлау дәстүрiнiң негiзiн қалағысы келгенi байқалады.

«Алаш» партиясының жарғысына сәйкес, 1917 жылдың 13 желтоқсанында құрылған Алаш автономиясы парламенттiк республика болып дүниеге келген-дi. «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттерiнде 1917 жылдың қазан айында басылған «Жалпы сiбiр сиезi» атты мақаласында «Автономия болған – өз алдына мемлекет болған. Президент халықты министрлер арқылы бағу, ол министрлер «Учредительное собрание» мен «Государственная Дума» алдында жауапты болу. Депутаттар тегiс, тең, төте һәм құпия сайлаумен болады. Сайлау хақында қан, дiн, еркек-әйел талғаусыз болады, – деп түсiндiрдi «Мемлекет болып iс атқару оңай емес» деген мақаласында.

Алаш автономиясының заманынан озық туған тағы бiр ерекшелiгi ол – дiн iстерi мемлекеттен бөлiнген зайырлы, бiртұтас (унитарлық) демократиялық мемлекет болды. Дiндi мемлекет iстерiнен бөлгенде Әлихан Бөкейхан мемлекеттiң гүлденуiн, дiннiң де аяқасты болмауын мақсат еттi.

Алаш көсемi жердi жекеменшiкке беруге үзiлдi-кесiлдi қарсы болып, қауымдастық меншiкке берiлуiн қолдады. Оның сырын «Бiздiң қазақ жердi меншiктi қылып алса, башқұртша көршi мұжыққа сатып, бiраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келедi!» деп түсiндiрдi.

Әлихан Бөкейхан Алашты автономия деп жариялағанымен, қазақтың таяу болашақта толық тәуелсiздiгiн алып, дербес мемлекет болатынына күмән келтiрмедi. Оны «Жалпы Сiбiр сиезi» мақаласындағы мына жолдарынан көремiз: «Қазақ ұлты… Сiбiр автономиясына уақытша қосылады. Өздерi, бiз ендi бөлiнiп, өз алдымызға автономия боламыз деген күнi босанып, автономия болады деп. Биыл жаздай болған комитет сайлаулары, бiздiң қазақ өзiн-өзi билегенде iстеген iстерi көрсетiп тұр: iс атқаратын азаматтың аздығын, жалпы жұрттың қараңғылығын бiз ойладық, әуелi Сiбiрге сүйенiп, тасымалдап, жалғасып, көшiп кетелiк; жiп жалғап, зор мемлекет көрнеуiнен құтылып ап, отау болып соңынан бөлiнелiк деп».

Бұл жерде Алаш көсемiнiң «зор мемлекет» деп отаршыл Ресей империясын айтып отырғаны түсiнiктi болса керек. Әлихан қазақтың Ресейден бөлiну мүмкiндiгiн айтпағанда, тiптi оның құрамында ұлттық автономия алуына да ендi, тiптi орыс демократтарының қарсылығына тап болатынын жақсы сездi. Сол себептi ол «Алаш» партиясының жарғысына «ретi келсе, Қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен (яғни, башқұрт, татар, қырғыз) әзiрге бiрлесе болуы, ретi келмесе – бiрден-ақ өз алдына жеке болуын…» деген жолдарды кiргiздi. 1937 жылдың 6 тамызында Мәскеудiң Бутырка түрмесiнде ОГПУ тергеушiсiне берген жауабында ол былай деп атап көрсеттi: «Бiздiң «Алаш» партиямыз басқа ұлттық партиялармен (Татарстан, Башқұрстан және т.б.) саяси блок құрды. Құрылтай жиналысынан орыстың буржуазиялық партияларымен уәжге келе отырып Ресей буржуазиялық-демократиялық мемлекетiнiң құрамында ұлттық облыстардың автономиясын бiрiгiп талап ету – осы бiрiгудiң басты мақсаты болды».

1917 жылғы ақпан төңкерiсiнен соң құрылған Уақытша үкiметтiң де, оны құлатып, билiктi басып алған большевиктiк билiктiң де бұрынғы отаршыл империя құрамындағы түркi мұсылман халықтарының бiрiгiп ортақ мемлекет құруынан қатты сескенгенi жасырын емес. Мiне, осы жайтты жақсы бiлген Әлихан ОГПУ тергеушiсi алдында ағынан жарыла қоймағанын ашық айту керек. Ашығына келгенде, Әлихан Ресей империясының отарлығында болған түркi-мұсылман халықтарының бiртұтас мемлекетiн құруды ұсынып, орыстың төңкерiсшiл демократтарын шошытып алмас үшiн оны «Ресейдiң Шығыс мұсылмандары федерациясы» деп атауды ұсынады. Ол туралы 1917-1919 жылдарғы Башқұрт автономиясының төрағасы Ахмет Заки Валидов өзiнiң Түркияда жарық көрген естелiктерiнде жазып қалдырды. Оның осы естелiктерiнен туатын тағы бiр маңызды қорытынды: 1917 жылдың қарашасында Қоқан қаласында құрылған, тарихтан «Қоқанд автономиясы» деген атаумен белгiлi Түркiстан мұхтарияты да Әлиханның тапсырмасымен құрылған болып шығады.

Әлихан Бөкейхан жапондардың тәжiрибесiн үлгi ете отырып, қазақ елiн қысқа уақыттың iшiнде мәдениетi мен экономикасы өркендеген әлемдегi жетекшi мемлекеттердiң қатарына жеткiзудi ойлады. Оның кәмiл сенiмiнше, қазақ елiнiң дүние жүзiндегi қуатты агроөнеркәсiптiк мемлекетке айналатындай зор әлеуетi бар. «Қазақ» газетiндегi мақаласында ол халқына отырықшылық тұрмысқа көшiп, қолынан келетiн ең жақсы кәсiбi – мал шаруашылығын өркендетуден бастауды ұсынады: «Еуропада Швейцария жұрты жерi Түркiстан, Алтай, Алатаудай ғұмырында қар кетпейтiн биiк тау, малға жақсы, егiнге жаман, адамы отырықшы болып қалада отыр, шаруасы мал бағу. Жер аз болған соң малдың басын азайтып, сүйегiн асыл қылып мал бағып тiршiлiк қылып отыр».

Алаш көсемi қазақты егiн, мал шаруашылығын жедел дамыту үшiн кооперативке бiрiгуге шақырды. Оған үлгi ретiнде Әлихан тағы бiр Еуропа елiнiң үздiк тәжiрибесiн келтiредi. 1924 жылы «Ақ жол» газетiнде шыққан мақаласында «Дания – Еуропадағы кiшкене мемлекеттердiң бiрi. Жерi бiздiң қазақтың бiр оязының жерiнен аз, адамы – орташа екi облыстың елiндей. Данияда жалпы жұрттың күнелткенi – егiн салу мен мал бағу… Жалпы елдiң бiлiмi молдығынан, кәператипке сүйенiп iстегендiгiнен байлық Дания елiне күйедей жаққан. Бiздiң Ресей мұжығынан Дания мұжығы 19,5 есе бай. Бiздiң Ресей мұжығы олақ егiншi, Дания мұжығы шебер малшы келедi… Бiздiң қазаққа қазiргi кезде баласын оқытатын мектеп, жерiн гүлдететiн су, елге қызмет қылатын… май алатын, жүн жуатын, терi илейтiн, ет сататын, мал өсiретiн, егiн салатын кәператип керек» деп жазды.

Әлихан ұлттық экономиканың ауыр өнеркәсiп саласын тұрғызып дамыту қазақ елiнде жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесi – земствоны енгiзу қажет деп санады: «Соқасыз, шалғысыз, машинасыз қазақ болмайды. Көп земство қосылып, күрмелiп, союз болып завод ашпақ. Керек-жарақты осы заводта iстетпек».

«Гәп егiн салғанда, мал баққанда ғана емес: егiн сал, мал бақ, кен қаз, бiрақ – шебер бол!» деп үндедi соңына ерген алты алаш халқын Әлихан Бөкейхан.

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ, PhD, Еуразия ұлттық университетi «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

1 пікір

  1. Қайран да менің аталарым-ай!… Ресей бізді оңдырмады-ау….қарғыс атсын! О, Аллаһым, Ресейдің күлін көкке ұшырып, бөлшек-бөлшек ел етіп, қазақтың кеткен кегін қайтара көр! Біздің елімізді көгертіп, көбейтіп, 20-30 жылдардағы кеміп кеткен санымызға санаулы жылдарда жетуді нәсіп ет! Әрбір қазақтың ұл-қызын иманды, саналы, өр-рухты ете гөр!

Пікір қосу