Шымкент қаласының әкімі халық алдында есеп берді

Шымкент қаласы әкімінің 2015 жылы атқарылған жұмыстары жөнінде халық алдындағы жылдық есеп беру жиыны өтті. Есепті кездесуге Оңтүстік Қазақстан облысының əкімі Бейбіт Атамқұлов пен Президент əкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жасұлан Естенов қатысып, облыс орталығында атқарылған тындырымды жұмыстармен танысты.  Есеп барысында шаһар басшысы қалада атқарылған жүйелі жұмыстар мен оңды өзгерістерді тілге тиек етіп, алдағы 2016 жылдың жұмыс жоспарын баяндады.

0
Ғабидолла Әбдірахымов Бейбіт Атамқұлов

-Болашақ кепілі өскелең ұрпақ. Бұл тұрғыда 2016 оқу жылы қала аумағында білім саласы бойынша 127 жалпы білім беру мектептері бар. Ондағы оқушылар саны 156,8 мыңды құрады. Сондай-ақ, апатты жағдайдағы – 4 мектептің қайта құрылымдау жұмыстары жүргізіліп, оның 3-уі  пайдалануға берілді. Қазіргі таңда, қалада үш ауысымды 7 мектеп болса, оның 3-нің құрылысы жүргізілуде. Қалған 4 мектептің ЖСҚ дайындалып, 2016 жылғы  республикалық бюджетке ұсынылды. 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап, мектеп директорларын іріктеу бойынша депутаттар, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, заңгерлердің қатысуымен комиссия құрылып, комиссияның төрағасы қала әкімі бекітілді. Сонымен қатар, мектептерде қамқоршылық кеңесінің жұмыстары жандандырылуда және мектепішілік электронды бақылау жүйесі енгізілуде. Нәтижесінде, ата-ана оқушының күнделікті сабаққа қатысуы және үлгерімі туралы мәліметті электронды түрде алады. Шымкент қаласында инвесторлар және жергілікті белсенді азаматтар тарапынан өнеркәсіп кәсіпорындарын дамытуға инвестициялар салуға қызығушылық жоғары. Осы мақсатта қаланың 2 жерінен индустриялық аймақтар құру жоспарланған.  Статистикалық мәлімет бойынша, 2015 жылы қаладағы бөлшек сауда көлемі 248,5 млрд. теңгені құрады. Ал, көтерме сауда көлемі 502,7 млрд.теңгеге жетті. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде 4 631  пәтерлі 72 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, оның өткен жылы 4 538 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы пайдалануға берілді,- деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Ғабидолла Әбдірахымов Бейбіт Атамқұлов

Шымкент елдегі ірі өнеркәсіп орталығына айналып келеді. Оған дәлел, 2015 жылы индустрияландыру картасының шеңберінде жалпы құны 27,7 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, 1,0 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Ал, ауыл шаруашылық саласы бойынша да жетістіктер жетерлік. Мәселен, өткен жылы 16,5 млрд.теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 2014 жылмен салыстырғанда 9,0 пайызға артты.

Шаһарда 120 мыңнан астам адам кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылды. Соның арқасында шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысқандардың қатары арта түсуде. Соңғы жылдардағы мемлекеттің қолдау механизмдері кәсіпкерліктің дамуына оң ықпалын тигізуде. 2015 жылы қалада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 74 491 бірлікті құрап, шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 315,7 млрд.теңгеге жетті. Бұл көрсеткішті 2014 жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға артқан. Сауда қызметі саласында өңірден шыққан отандық өнімдерге деген қызығушылық арта түсуде. Қала аумағында өз кәсібін ашып, отандық тауар өндірісімен айналысқан азаматтарға әкімдік тарапынан қолдау танытуда.

Ғабидолла Әбдірахымов Бейбіт Атамқұлов

Есепті кездесуде қаладағы сәулет және қала құрылысы, жер мәселелері, бюджеттің орындалуы, білім саласы, спорт, мәдениет және тілдерді дамыту,  халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру, мемлекеттік ақпараттық саясат туралы жүйелі баяндама жасалынды.  Әсіресе, инженерлік инфрақұрылым, транспорт саласы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, мемлекеттік қызмет көрсету туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Шымкенттің 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасындағы» бірқатар болашақ жобаларымен таныстырды.  Әрі  2016 жылы қала әкімдігінің негізгі міндеттерін айтып өтті.

Есепті кездесуде тұрғындар қала әкіміне өз көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды. Атап айтар болсақ, сұрақтардың көбісі шаһардағы коммуналдық мәселелер, қоғамдық көлік қызметі хақында болды. Осыған орай, қала әкімі Ғ.Әбдірахымов алдағы уақытта қала көшелеріндегі қоғамдық көлік кептелісін азайту үшін 5 негізгі көше қиылысында жолайрық жасалынатындығын айтты. Ірі көшелердің үстінен жол үсті өткелі салынып, қоғамдық көліктерде электронды билет жүйесі жуық арада қолданысқа енетіндігін жеткізді.

Елбасы Н.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысындағы әр кездесулерінде еліміздің үшінші ірі қаласы –  Шымкент деп айрықша атап келеді. Әрине, үшінші қаланың тізгінін ұстатып, шаһардың ірі мегаполисқа айналуына сенім артқан Президентіміздің тапсырмасын халық алдында абыроймен атқару міндет. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың Шымшаһарға басшы болып тағайындалған қысқа уақыт ішінде қала аумағында бірқатар оңды жобалар жүзеге асты. Өзі бас болып шаһарға қосылған елді-мекен тұрғындарымен кездесулер арқылы бірқатар мәселелердің түйінін шешіп, түйіткілін тарқатты.

Жиын соңында шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов 2016 жылы қала әкімдігінің негізгі міндеттеріне тоқталып, 2015 жылы қала тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерді анықтап, оларды шешу үшін әлеуметтік сауалнамалар жүргізілетіндігін жеткізді.  «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы» дайындалып, облыс әкімдігі, депутаттар және бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өткен жиында таныстырылып, көпшілік тарапынан қолдау тапты. Тұжырымдама айқындалған міндеттер 2016 жылдың бюджетіне енгізіліп, жұмыстар кезең кезеңімен атқарылады.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу