«Дакар-2016»: Қазақстан командасының бірде-бір дөңгелегі жарылмаған жарыс

Бүгін «Astana Motorsports» командасының топ басшысы Артур Ардавичус журналистерге арналған баспасөз мәслихатында дүниежүзіндегі ең қауіпті әрі ең беделді автокөлік жарысы - «Дакар» ойынындағы Қазақстан командасының нәтижесін баяндады. Дереккөз: ҚазАқпарат

0
Дакар-2016 Астана Қазақстан
automag.kz

Журналистердің назарына «Astana Motorsports» командасының Дакардағы медальдарын, өзге де жарыстардан жеңіп алған марапаттарын ұсынған топ басшысы «қазақстандықтарға осындай қуаныш сыйлау үшін команда кейде адам сенгісіз батыл қадамдар жасайды» дейді.

«Қазақстанның командасы осымен жетінші рет әлемге әйгілі Дакар жарысына қатысып отыр. Әлемдегі ең қауіпті көлік жарысына командамыз жыл сайын аман-есен қатысып келеді. Биыл да жетістікке жеткен команда Дакар рейтингісінде Қазақстанның мәртебесін биікке көтерді. Қазақстанның командасы қатыспаса, бүгінде Дакар жарысының жанкүйерлері ойынды қабылдамайды деуге болады. Айта кетейін, Дакар жарыстары өтетін орында әлем елдерінің тулары тұрады, міне, сол жерде Қазақстанның Туы алғашқы он елдің қатарында», – дейді топ басшысы.

Бірақ, А.Ардавичус Қазақстанның Туын ұстап, отандастарын қуантып келетін команда осы күнге жеткенше небір қиындықты бастан кешіретінін айтады.

«Шіркін, Туымызды көтеріп, жан-жағымызды қуантып келе жатқан сәтіміз керемет. Бірақ, сіздерге ақиқатын айтайын: сол жеңістің артында команданы көз жасы, тіпті, жаны мен қаны жатыр. Дакар жарысында жаныңа бататыны – өзгенің қайғысы. Өз тобыңдағы бір жүргізушіні айтпағанда, басқа топтардағы таныс экипаж, таныс жүргізушілер дене жарақатына байланысты, болмаса, көліктің ақауына байланысты жолдан шығып кетіп, қиналып жатқанын көру – біз үшін өте ауыр сынақ. Жанымызға бататыны да сол. Дакар жарысы мен ралли-рейд жарыстарында барлық команда үлкен бір отбасы деуге болады. Кез келген экипаж келесі бір экипаждың жанашыры болып отыр. Жігіттердің арасында мұны – бауырлар арасындағы нағыз достық дейді. Тіпті, кейде отырып көліктеріміздің техникалық жағдайын, бір-біріміздің қателіктерімізді айтып, «қарсыласымызға» кеңес беріп отырамыз. Бірақ, жарыс жолында өзгенің қайғысына көңіл аударуға болмайды, аудара алмайсың. Яғни, біз жарыс кезінде эмоцияны ұмытып үйренгенбіз. Жарыс жолында өзің ұйытқып келе жатып, өртеніп жатқан, немесе тас-талқаны шыққан көлікті көресің. Айналасын құтқарушылар мен дәрігерлер қоршап, төбесінде тікұшақ ұшып жүреді. Ал, ішіндегі экипаж өлі ме, тірі ме, оны біле алмай өте шығамыз. Бірнеше секундтан кейін жаңағы жан түршігерлік көріністі мүлде ұмытып, тіпті, көрмегендей күйге түсуің керек…», – дейді жарыстың физикалық қиындығымен қатар, психологиялық ауыр жүгін айтқан А. Ардавичус.

Ал, топ басшысы әр жарыс алдында өзінің көлігімен кәдімгідей сырласады екен.

«Әрбір старт алдында мен көлігімді айналып, оның жан-жағын ұстап көріп, көлігіммен кәдімгідей сөйлесемін. Көлігімнің әрбір деталын жарысқа дайындап, өзім де темір тұлпарымнан бір жылулық, бойыма күш-қуат жинап аламын. Көлігімнің әрбір деталы үшін мен де темірдің бір бөлшегіне айналып кетемін. Жарыс біткен соң, көлігіме кәдімгідей алғыс айтамын. Ең бастысы, биылғы Дакарда Қазақстан командасының бір де бір дөңгелегі жарылған жоқ», – деп қуантты топтың көшбасшысы.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу