БАӘ-дегі көрмеде қазақтың ұлттық киімдері ұсынылды

Оралдық «Мария ханым» атты сән үйінің ұлттық киім үлгілері Араб Әмірлігінің тұрғындарын тәнті етті.

Дереккөз: 24.kz
0
Қазақтың ұлттық киімі

Әбу-Дабиде өткен этномәдени фестивальде қазақтың әдемі ою-өрнегімен безендірілген киімдерге қызығушылар өте көп болған. Шетелдік азаматтардың керемет ықыласынан шабыт алған отандық дизайнерлер жаңа коллекция ойластыра бастапты. «Мария ханым» салонынан шыққан ұлттық ою-өрнектермен әрленген киімдер бүгінде елімізде үлкен сұранысқа ие. Тапсырыс берушілердің үдесінен шығу үшін дизайнерлер де бар өнерін, еңбегін сарп етуде. Бұл жерде тіпті кішкентай бүлдіршіндерге арналған қазақы киімдердің түр-түрі бар. Бір айда камзол, көйлек, сәукеле сияқты 100-ден астам киім үлгісі тігіледі. Олардың әрбірі бірбіріне ұқсамайтын дара әрі сапалы өнер туындысы. «Бұны тұтынушылардың сұранысынан-ақ байқауға болады», — дейді дизайнерлер.

«Әбу-Дабидегі байқауға апарған коллекция өте сәтті болды», — дейді сән үйі жетекшілерінің бірі Жұлдыз. Өйткені фестивальдің алғашқы күнінде-ақ киім үлгілерінің басым бөлігі сатылып кетіпті.

Жұлдыз ХуспановаStar Models Studio агенттігінің директоры:

— Әбу-Дабидегі этномәдени көрме біздің ұлттық киімдерімізге деген үлкен қызығушылықтың зор екендігін көрсетті. Сондықтан ондағы көптеген тұрғындар біздің бұйымдарды бұдан ары қарай сол жақтарда өтетін түрлі байқаулар мен көрмелерде көргісі келетіндерін айтып жатты.

Байқаудан дизайнерлердің үйренгені де көп болды. Оларға Марокко, Бахрейн, Ауғанстандағы әріптестерінің жұмыстары ерекше ұнапты. Сондықтан ол жақтан ескі әшекейлер мен түрлі маталар және ерекше үлгілер де ала келген. Енді жаңа коллекция шығару жоспары тұр. Бұл жолы ұлттық нақыштағы киімдерді тек салтанатты кештерде ғана емес, күнделікті киюге болатындай үлгіде тігіп көрмекші.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу