Бизнестің ең ерекше түрлері. ТОП-10

Бизнес жасау үшін үлкен бір затты ойлап табу міндетті емес. Бастысы, адамдарға қажетті саланы аңғара алсаңыз жеткілікті. Кейбір адамдар сіз бен бізге күлкілі көрінетін қызметті көрсету арқылы табысқа кенеліп отыр. 

0

Artful ashes: күл салынған әйнек мүсіндер

Әйнек мүсін
©Kapital.kz

Өмірден қайтқан адамның күлінен де бизнес жасап отырғандар бар. Мысалы, Вашингтон штатындағы Artful ashes компаниясы 2012 жылдан бері дәл осы жұмыспен айналысып, табысқа кенеліп келеді. Алғашында олар адамның күлін сақтайтын құтыны тым қарапайым деп ойлап, оның орнына әртүрі пішіндегі әйнек мүсіндерді жасауды қолға алады. Әрине, әйнектің ішінде марқұмның бір қасық күлі болады. Идея іске асқан күннен бастап, мүсіндерге сұраныс көбейген. Оған себеп – мүсіннің екі қызметті бір уақытта атқаруында. Біріншіден, оған күлді сақтауға болады. Екіншіден, мүсін ерекше үй интерьері ретінде қолданылады.

Throx: үш сыңарлы шұлық

Throx шұлықтары
©RedisCrew

Ер адамдар шұлығының біреуі қайда қалғанын білмей, үнемі іздеп жүреді. Throx компаниясы осы мәселені шешудің жолын тауып, үш сыңарлы шұлық шығарды. Идея авторы – Эдвин Хэвен. Ол адамдардың шұлықтарының екінші сыңарын таба алмағандықтан, біріншісін амалсыздан лақтырып тастайтынын байқаған. Сол себепті үш сыңары бар шұлықты екі сыңарлы шұлықтың бағасымен сата бастайды. Нәтижесінде, тұтынушы саны геометриялық прогрессиямен өскен.

Lucky Break: аңыздан – бизнеске

Құстың бұғана сүйегі
©Kapital.kz

Бұл бизнестің туындауына ел арасындағы аңыз себеп болған. Онда құстың бұғана сүйегін екі жағынан екі адам ұстап тұрып, тілек тілейді де, өзіне қарай тартып, сындырады. Кімнің қолында сүйектің үлкен мөлшері қалса, соның тілегі орындалады. Америкалық Кен Ахрони осы сенімді бизнеске айналдырды. Ол құстың бұғана сүйегінен аумайтын мүсінді силикон мен пластиктен жасап шығарды. Нәтижесінде, осы уақытқа дейін олардан адамдар 2,5 миллион долларға жасанды сүйектерді сатып алған.

RentAFriend: достарды жалға алу

Кинотеатр
©ria.ru

Денсаулықты, бақытты, достықты ақшаға сатып ала алмайсың, алайда, дос сатып алуға болады. RentAFriend компаниясы сағатына 10 долларға уақытша дос ұсынады. Сіз онымен бірге киноға, түрлі басқосуларға барып, “Макдональдстан” тамақтана аласыз. Бірақ бұл танысу бұрышы, эскорт-агенттік емес.

LaserMonks: монах жасаған картридждер

Картридж
©Kapital.kz

Бернард Маккоа әкейге шіркеудің қағаздарын шығару үшін сия керек болып, базардан картриджге қажетті заттарды алып келеді. Сөйтіп, шіркеуде отырып, оны құрастырады. Алғашында ол бұл картридждерді тек шіркеу қызметкерлері ғана қолданады деп ойлаған. Бірақ сұраныс күн санап қарапайым адамдардың арасында да арта түседі. Солайша LaserMonks компаниясы 2009 жылы 3,5 миллион доллар табысқа қол жеткізеді. Олар АҚШ-тың 50 мың тұрғынына қызмет көрсетеді. Алайда, бұл бизнес шіркеудің қызметіне кедергі келтіргендіктен, 2011 жылы сатылып кетті.

Advanced Bio-Treatment: қылмыс орнын тазалау

Қылмыс орны
©kakprosto.ru

Қылмыс болған жерлерді тазалау туралы идеяның авторы – Джерри Тернер. Оның ойынша, қылмыс жасалған жерлерді тазалауға әркімнің батылы бара бермейді. Ал, қанның ізі қалған жерді тазаламауға тағы болмайды. Сол себепті Тернер Advanced Bio-Treatment деген компания ашып, осы қызметті көрсетуге кіріскен. Олар қылмыс болған дүкен, үй-жайларды қайтадан қалыпқа келтірумен айналысады. Тіпті, жұқпалы ауруы бар адам тұрған үйді тазалап, үйдегі жағымсыз иісті жоюмен де шұғылданады.

DoodyCalls: иттің нәжісін тазалау

Ит
©veterinargid.ru

DoodyCalls қызметкерлерінің жұмысы иттің нәжісін тазалаудан басталады. Басты талап – көгалдардағы иттің іздерін, нәжістерін тазарту.

Бұл салада бизнес жасау идеясы Джейкоб пен Сьюзан Даниеллоға келген. Олар осы туралы достарына айтқанда бәрі күлкіге айландырып, бұдан табыс табуға болатынына сенбеген. Алайда, уақыт өте келе, компанияның қызметіне жүгінушілер көбейе түседі. Клиенттердің ішінде түрлі ойын-сауық орталықтары, демалыс аймақтары, тіпті жеке үй-жайлардың иелері де бар. Сұраныстың көп болғаны соншалықты, DoodyCalls тұрақты клиенттеріне франшизасын сата бастады. Оның бір жылдық құны 24 500 доллар.

Eternal Reefs: су астында еске алу

Хауыз
©zaxvatu.net

Бұл компанияның қызметі Artful ashes-тің күл салынған мүсіндеріне ұқсайды. Олар да қайтыс болған адамның күлінен бизнес жасап отыр. Eternal Reefs күлді цементке араластырып, одан кішігім суасты рифтерін жасайды да, оны хауыздың астына төсеумен айналысады. Олардың ойынша, адамдар суға шомылғанда да, өмірден өткен туысқандарын есіне алып отыруы тиіс.

Ал “мүсінді риф пішінінде жасау – суасты рифтерінің жоғалып бара жатқандығын ескерту”,- дейді компания мүшелері.

DeAnza Springs Resort: жалаңаш саяжай

Саяжай
©Ашық интернет көздерінен

Әлемде анадан жаңа туылғандай қалыпта жүруді жөн санайтын адамдар бар. Оларды нудистер деп атайды. DeAnza Springs Resort саяжайы – сондай жалаңаш қалыпта жүретіндердің жиналатын жері. Ол Якумб қаласында орналасқан. Бұл саяжайды нудистер Дейв пен Хелен Ландман ашқан. Олардың ойынша, тек саяжайдың қызметкерлері ғана арнайы формамен жүруі керек.

Түсірілім алаңына экскурсия

Өрмекші адам фильмі
©geekcity.ru

Ерекше бизнес-идеялардың ондығын Жоржетт Блаудың идеясы аяқтайды. Ол ең танымал телесериалдардың түсірілімі өткен жерлерге экскурсия ұйымдастырумен айналысады. Осы уақытқа дейін «Клан Сопрано», «Орталық саябақ», «Өрмекші адам», «Елес аулаушылар» сияқты сериалдардың түсірілген жерлеріне сапарлар жасаған. Бұл экскурсия кезінде сериал түсірілген қонақүй нөмірлерінде демалуға, сериал кейіпкерлері тамақтанған ресторандардан тамақ ішуге болады.

Бөлісу

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!