“Дизайнер болуды бала күнімнен армандадым”

Ақбота Багытжан, жас кәсіпкер, дизайнер
Ақбота Багытжан, жас кәсіпкер, дизайнер ©SZH.kz

Мен 1994 жылы Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Осы қалада мектеп бітіріп, колледжге түстім. Кейін академияда оқыдым. Дизайн саласындағы кәсіби білімді Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан алдым. Дизайнер болуды 2 сыныпта оқып жүргенімде-ақ армандадым. Қыздарға арналған түрлі көйлектердің суретін салғанды ұнататынмын. Осы жасымнан бастап дизайнер боламын деп шештім. Бұл шешімімді ешқашан өзгерткен емеспін. Мақсатқа деген тұрақтылық болғаны дұрыс деп ойлаймын.

Bibotta атауы қалай дүниеге келді?

Bibotta бренді
Bibotta брендтік өнімдері ©SZH.kz

Дизайнерлік жолды таңдаған соң өз есімімді қалыптастырғым келді. Брендтік атау ойлап табу үшін көп ойландым. Оның халықаралық тілге де ыңғайлы болуы керек. Кейде танымал болуыңның өзі осы брендтік атауға байланысты болады. Бұл бизнестің жазылмаған заңдылығы. Қазіргі таңда мені барлығы Bibotta есімімен таниды. «Бұл сіздің шын есіміңіз бе?», «Осы ат сізге қатты жарасады» деген пікірлерді жиі естимін. Bibotta атауы Бота Багытжанның қысқартылған түрі. Алғашында Б.Бота деп жазып, идея осыдан туған. Шүкір, брендтік атау мен ойлағаннан да танымал болды.

“Бизнесті бір тігін машинасымен бастадым”

Осыдан 1 жыл бұрын шағын ателье аштым. Ателье ашу үшін көп қаражат қажет болмады. Қаржылық жағынан анам көмектесті. Алғашқы капиталды тігін машинасын сатып алуға жұмсадым. Шағын бизнесімді ашқанда менде тек бір тігін машинасы мен жалғыз тігінші болды. Алты ай бойы осы құраммен жұмыс істедік. Уақыт өте келе тағы бір-екі тігінші алдым. Қазіргі таңда 4 тігінші, 1 конструктор және көмекшім бар. Олардың жалақысы тіккен киімдеріне байланысты.

Bibotta ательесінің қызметкерлері
Bibotta ательесінің қызметкерлері ©SZH.kz

“Өзіңді таныту үшін сән апталығына қатысуың керек”

Дизайнерлердің ең көп шығындалатын тұсы – сән апталықтарына қатысу және коллекция жасау. Сені өзгелер тану үшін, өзіңді мойындату үшін танымал сән апталықтарына қатысып, өз туындыларыңды паш етуің керек. Және бұған тек бір рет қатысу жеткіліксіз. Кем дегенде 3-4 рет қатысуың керек. Ал әрбір сән апталығына қатысу жарнасы 300-400 мың теңгені құрайды. Оған арналған коллекцияны дайындау үшін де көп қаражат керек.

Менің дизайнер ретінде қызмет етіп жүргеніме төрт жылдай уақыт болды. Алғашқы жасаған коллекцияларым өтпей қалды. Оларды алғашқы шығармашылық жұмысымның нәтижесі ретінде сақтап қойдым. Соңғы бір жылда менің кәсібім алға басты деп айтуға болады. Бірден танымал боламын, киімдерім көпшілікке ұнап, өтімді болады деп ойламау керек. Әр нәрсе өз уақытымен болады.

Жас дизайнер Ақбота Багытжанның жұмыстары
Жас дизайнер Ақбота Багытжанның жұмыстары

Киім дизайнері болу оңай емес. Жақсы дизайнер болу үшін үнемі ізденісте, даму процесінде болу керек. Әлемдік дизайнерлердің жаңа коллекцияларын бақылап, қажет тұсынан үлгі алу керек. Кейде сызбаға түсірген суреттегі киімдер өмірге келгенде сен ойлағандай болып шықпай жатады, қарасаң көңілің толмайды. Сосын қай жерден қателік жібергеніңді білмей дал боласың. Кейбір дизайнерлер өз киімдерін өздері тігеді. Тігінші жалдап шығынға да ұшырамайды. Алайда, алғаш кәсіп бастағанда ғана осылай жасауға болады. Кейін өндірісте сұранысқа ие болған соң, бәрібір тігінші алуға тура келеді.

“Киім өндірмес бұрын аудиторияны зерттеп алу керек”

Дизайнер мамандығы фантазияны қажет етеді. Киім дизайнері өз өнімін шығармас бұрын алдымен аудиторияны зерттеп алуы керек. Жергілікті адамдар қандай киімдерді кигенді дұрыс санайды, халықтың менталитеті қандай деген сұрақтарға жауап тапқан соң ғана өз ісіне кіріскені дұрыс. Сонда шығынға ұшырамай,  табысты еңбек ете аласың.

Дизайнер деген шығармашылық мамандық қой. Оны бизнеске айналдыру мен үшін оңайға соқпады. Маған өз әлемімде сызбаларымды жасап, қиялымдағы дүниені қағазға түсіріп отырған ұнайды. Ал шығармашылығымды бизнеске айналдыруға ағам көмектесті. Үнемі ақыл-кеңесін айтып, бизнес жүргізуге көмектесіп отырды. Оқуға тиісті кітаптардың тізімін беріп, жұмысымды қадағалап отыратын.

Қазіргі таңда дизайнерлік өнімдеріңді танытудың ең жақсы жолы – әлеуметтік желілер. Жақсы пиар, дұрыс жарнама да өтімділігін жоғарылатады. Мысалы, менің инстаграм желісінде тұрақты оқырмандарым, тіпті, фанаттарым бар. Олардың арасында байқау ұйымдастырып отырамын. Ғаламтор арқылы тапсырыс беретіндер де көп. Танымалдылыққа тез жетудің тағы бір жолы – атақты жұлдыздармен «дос болу». Халықтың алдында жүрген адамдардың жүріс-тұрысы, киім киісі адамдарға үлгі. Сондықтан, жұлдыздарға сыйлық жасау арқылы еш ұтылмайсың.

Bibotta ательесі
Bibotta ательесі ©SZH.kz

“Әр дизайнердің өз қолтаңбасы болады”

Кез келген дизайнердің өзіндік ұстанған бағыты, табыс әкелетін өнімі болады. Менің өнімдерімнің ішінде жазуы бар жейделер ерекше орын алады. Жылдам танылып, сұранысқа ие болған бұл өнімдерді менің “фишкам” деп атаса да болады. Шетелден келетін киімдердің көпшілігінде жазулар жазылған. Оны біреу түсінсе, кейбіреулер түсінбестен киіп жүреді. Осындай киімдердің сұранысқа ие екенін түсінген соң, неге осының қазақша нұсқасын жасамасқа деген ой келді. Сосын “Неге?”, “Ерекше”, “Бес нәрседен қашық бол!”, “Мәңгі сені жазбаған сүрінуге” деген жазулары бар киім үлгісін жасауға кірістім. Осы жұмысым тұтынушылар арасында да жоғары бағаланып, өнімдерім өтімді болып жатыр.

“Ninety One” тобымен қызығушылықтарымыз ортақ болды”

Әр дизайнерді бір нәрсе шабыттандырады. Маған бір кореялық әнші ұнап қалған болатын. Сол әншіге киім тігуді армандап, кореялықтардың киіну үлгісімен «ауыра» бастадым. Осы тұста «іздегенге сұраған» дегендей, Қазақстанда «Ninety One» атты кореялық стильдегі топ пайда болды. «Ninety One»-мен байланысып, өзімнің жұмыстарымды ұсындым. Осы топ екеуміз бір-бірімізді адаспай таптық. Бірге жұмыс істедік. Бейнебаяндарда киім дизайнері әрі стилист болдым. «Ninety One» тобының жанкүйерлері менің де фанаттарыма айналды. Тыңдармандар аузынан: «Олардың киімін расымен де сіз тіктіңіз бе? Біз олар Кореядан әкелінген шығар деп ойласақ»,-  деген пікірлерді естіп, бір марқайып қалатын едім. Bibotta брендінің халық арасында жылдам танылуына «Ninety One» тобымен жұмыс істеуім белгілі бір деңгейде әсер етті.

“Ninety One” тобымен жұмыс істегеніме өкінбеймін”

Осы тұста «Q-pop» стиліне деген қызығушылығым арта түсті. Кореялық киім үлгісін қайталамай, өзгерістер енгіздім. Қазақша оялар мен белбеулер қосу арқылы жаңа бағыттағы киім үлгісін жасадым. Менің жасаған киімдерім топтағы жігіттерге ұнайтын. Маған да олардың стилі жақын болды. Бір-бірімізді адаспай тапқан жақсы серіктестер едік. Алайда, келісімшарттың уақыты аяқталған соң жаңа жобамен айналысуды жөн көрдім. Бірақ, «Ninety One» тобымен жұмыс істегеніме ешқашан өкінген емеспін.

“Қазақстандық киім үлгісі насихатталмай жатыр”

Жақында ғана Кореяның Сеул қаласына барып келдім. Кореялықтардың киіну стилі бүкіл әлемге танымал, Жер бетін жаулап жатыр. Ал Қазақстанның киіну стилі туралы шетелдерде ешқандай мәлімет жоқ. Олар біздің шапанды әлі тани қойған жоқ, мойындамады. Себебі, біздің киім үлгісі шетелдерде насихатталып жатқан жоқ.

Ақбота Багытжан, жас кәсіпкер, дизайнер
Ақбота Багытжан, жас кәсіпкер, дизайнер ©SZH.kz

Өзім көбінесе кореялық киім үлгілерін басшылыққа аламын. Осындай үлгідегі киімдер жасап шығарғым келеді. Алайда, біздің елдегі түсінік басқаша. Кореялықтар оверсайз (oversize) стильде, яғни, кең тұратын киімдерді ұнатады. Бұл стиль еркіндікті білдіреді. Сосын Кореяда патриоттар тұрады (күліп). Олар тек өз өнімдерін, өз дизайнерлерінің киімдерін тұтынады. Олардың атақ-дәрежесін жоғары бағалайды. Кореяда тек қана сахна жұлдыздары емес, олардың дизайнерлері де үлкен мәртебеге ие.

“Димашқа арнап киім тігіп бердім”

Bibotta ательесі
Bibotta ательесі ©SZH.kz

Жұлдыздардың көпшілігі менің тіккен киімдерімді киеді. Сахналық киімдерден қарағанда, күнделікті киетін киімдер тіккенді жақсы көремін. Тіпті, Димаш Құдайбергенге де арнайы киім тігіп бердім. Ол мен тіккен 3-4 киімді күнделікті өмірінде Астанада киіп жүреді. Фанаттарым менің өніімдерімді бірден таниды. Біреудің киіп жүргенін көрсе, суретке түсіріп жібереді. Осындай жағдайларда көңілімде қуаныш сезімі пайда болады. Димаштың үстіндегі киімдерімді фотоға түсіріп жіберетіндер көп. Димаш Қытай елімен келісімшартқа отырғандықтан қазақстандық өнімдерді кім жарнамалай бермейді.

“Өнімдерімнің қолжетімді болуына назар аударамын”

Ақбота Багытжан, жас кәсіпкер, дизайнер
Ақбота Багытжан, жас кәсіпкер, дизайнер ©SZH.kz

Киім тігуге қажетті маталар мен басқа материалдарды Алматы қаласынан аламын. Корея мен Қытайдан тауар жеткізетін арнайы адамдар бар. Матаның сапасына аса қатты көңіл бөлемін. Киімдерімнің барынша қолжетімді болғанына назар аударамын. Кейбір киімдерім қазіргі сауда орындарындағы шетелдік Zara, Mango брендтерімен бірдей бағада болады. Алайда, сапасы жоғары болатынына кепілдік беремін. Менің киімдерім аса көп таралыммен шықпайды.

Жас дизайнер Ақбота Багытжанның жұмыстары
Жас дизайнер Ақбота Багытжанның жұмыстары ©SZH.kz

Қазір күзде қатысатын сән апталығына коллекция жасап жатырмын. Алдымда үлкен таңдау тұр. Екі сән апталығынан шақырту алдым. Солардың біреуіне қатысуым керек. Оны уақыты келгенде айта жатармын.

Қоғамда не алаңдатады?

Жастардың жұмыссыздығы алаңдатады. Менің қатарластарым көбінесе көңіл көтергенді, қыдырғанды ұнатады. Емін-еркін демалу үшін алдымен еңбек ету керек қой. Менен көптеген адамдар жеке өмірім туралы сұрайды. Мен алдымен бизнес, мақсат деп өмір сүремін. Әрине, достарыма, жақындарыма да уақыт бөлемін. Бірақ, өз армандарым үшін талмай еңбек етемін.

Сұхбаттасқан Дана Маратова, суреттер Ақжарқын Қыдырханова

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!