Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания болып табылады.

Ғылым жолы

1991 жылы 24 мамырда Алматыда дүниеге келгенмін. Мектеп бітірген соң, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биология және биотехнологиялар факультетіне оқуға түстім. Ғылымға деген қызығушылығым бакалаврда оқып жүргенде басталды. Студент кезімізде түрлі зертханалық жұмыстар жасайтынбыз. Лабораторияда уақыт өткізген маған қатты ұнайтын. Биомедицина және биофизика саласы бойынша білім алып, магистратураны Кореяның Сеул қаласында оқып бітірдім.

Динара Молдағалиева, жас ғалым
Динара Молдағалиева, жас ғалым ©SZH.kz

“Қант диабетімен күресемін деп серт бердім”

Күнделікті қанына инсулин салу арқылы өмір сүретін адамдарды көргенде жүрегім ауырады. Кесел деген жас талғамайды ғой, қант диабетімен ауыратын кішкентай балалардың өзі ұйқысынан тұра сала инсулин қабылдайды, басқа балалар сияқты тәтті жей алмайды. Осыны көргенде мен мойныма үлкен жауапкершілік жүктедім. Қант диабетімен күресемін деп өз-өзіме серт бердім.

“Кореяда жүргенде “Nanoweb” жобасын жасадым”

«Nanoweb» инъекцисын әзірлеу туралы ой Сеулде оқып жүргенде туды. Қант диабеті ауруына шалдыққандар әлем бойынша 366 миллион адам, бұл ересек адамдардың 7%-ын құрайды. Қазақстанның өзінде қант диабетінен зардап шегіп отырған науқастардың тіркеудегі саны 300 мыңнан асады. Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын үлкен қарқынмен өсіп келеді.

Динара Молдағалиева, жас ғалым
Динара Молдағалиева, жас ғалым ©SZH.kz

«Nanoweb» жобасының ерекшелігі бір аптада инсулиннің 4 инъекциясын қабылдауға мүмкіндік береді. Адамның белгілі бір бұлшық етіне инъекция егілгеннен кейін қанның құрамындағы глюкоза мөлшері көбейгенде ғана инсулин әрекетке кіріседі.

Бәрімізге мәлім, қант диабетімен ауыратын адамдар, күніне бірнеше рет инсулин инъекциясын егуге мәжбүр болады. Ал мен жасаған инъекция қант диабетімен ауыратын адамдарға қанындағы глюкоза деңгейін жеті күнге дейін тұрақты сақтауға мүмкіндік береді. Бұл күн сайын қант мөлшерін өлшеп, инсулин егіп отыратын науқастардың жұмысын жеңілдетеді. Бір рет салынған инъекция апта бойына жетеді.

“Nanoweb” инъекциясының ерекшелігі

Бұл инъекция липодистрофияның (жиі пайда болатын инфекциялармен туындаған терінің патологиялық жағдайы) алдын алуға, қандағы қант мөлшерінің күрт төмендеуінен туындайтын талмалардың болмауын қамтамасыз етуге әсер етеді.

Nanoweb"
Nanoweb инъекциялары ©SZH.kz

«Nanoweb» инъекцисын әзірлеп, дайындау үшін құрамында түрлендірілген (модификацияланған) қатты инсулины бар оң және теріс зарядталған биоүйлесімді және биоыдыраушы заттар қолданылады.

Инъекцияны қолданғаннан кейін ағзада мынадай өзгерістер пайда болады: қапталған нанобөлшектер бірге араласады, оң және теріс зарядталған бөлшектер бір-біріне тартылады да электростатикалық күштердің «нано желісін» құрайды. Адамның белгілі бір бұлшық етіне инъекция егілгеннен кейін наножелі наноболшектерді бірге тұтас ұстап, қажетті нано бөлшектер ғана жұмсалады. Бұл инъекциянынң технологиясы тікелей мағыныда адам ағзасының ішінде өзінің тұйық жүйесін құрап, ұйқы безі тәрізді қызмет атқарады.

“Сколково” бұл жобаға 25 миллион теңге бөлді

Алғашында Кореядан Қазақстанға келгенде бұл жобаны құпия ұстадым. Себебі, әлі жобам тәжірибеден өткен жоқ болатын. Өзім Алматы технологиялық университетіне оқытушы болып жұмысқа кірдім. Жобамды жетілдіру үшін осы оқу орнының үлкен көмегі болды. Сосын оны өндіріске қосу үшін ғылыми халықаралық байқауларға қатысу керек, инвестор табу керек. Жобамның алғаш жарыққа шығуы Халықаралық “Сколково” star-up байқауында болды. Осы байқауда екінші орын жеңіп алып, 5 миллион рубльге (25 миллион теңге) ие болды. Алайда, бұл жобамды Қазақстанда әлі жүзеге асыра алмай жүрмін. Инвестор табылмай жатыр. “Нұр Отанға” да өтініш беріп қойдық. Егер инвестор табылып жатса, бұл жоба өз құнын толықтай ақтап шығады және қоғам үшін үлкен пайда әкеледі деп толық сеніммен айта аламын.

“Nanoweb” жобасының әлем бойынша аналогы жоқ

«Nanoweb» инъекцисының әлемде ешқандай аналогы да, прототипі де жоқ. Бұл жобаны зерттегеніме 4 жылдан асты. Алайда, әлі бір де бір елден осыған ұқсайтын жоба кездестірмедім. Сондықтан, маған бұл жобаны жүзеге асыруға өте көп уақыт кетті. Салыстырып, үйренетін ешкім жоқ. Бәрін нөлден бастап жасадым. Әлі жүз пайыз мықтымын дейтін деңгейге жеткен жоқпын. Алдағы уақытта әлемдік нарықта бұл жобам сұранысқа ие болатынына сенімдімін.

“Nanoweb” жобасы бюджеттің 23 пайызын үнемдеуге көмектеседі

Менің әзірленген жобам шетелдік тиімсіз әрі пайдасыз дәрі-дәрмектерді нарықтан шеттету арқылы ішкі нарық экономикасын байытып, алдыға қойған мақсаттарға кол жекізуге зор мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мемлекеттен қант диабетімен ауырған науқастарға берілетін инсулин және техникалық приборларды әзірлеуге бюджет қаражатынан жұмсалатын қаржының шамамен 23% үнемдеуге мүмкіндік береді.

“DiaOzon” маркалы азық-түлік жасадық”

DiaOzon тағамдары ©SZH.kz

DiaOzon – салмағы артық әрі қант диабеті ауруына шалдыққан адамдарға арналған азық-түлік. Қант диабетімен ауыратын адамдар тамақтанғанда көп жағдайда өздерін шектеп жатады. Алайда, олардың да түрлі жеміс-жидек, тәттілерді жегісі келеді. Біз жасап шығарған азық-түлік өнімдерінде инсулин мен қанттың нормасы қатаң бақылаудан өткен. Дәрігер белгілеп берген инсулин нормасына байланысты біз тағамдарға инулин деп аталатын затты енгіземіз. Осы арқылы денсаулыққа еш зияны жоқ алайда дәмді DiaOzon өнімдері дүниеге келеді. DiaOzon тағамдарынан қазір шәй, печенье, ботқаның түрлерін (каша), мармеладтар, тәтті сусындар дайындадық.

АТУ зертханасында өзімнің жеті адамнан тұратын командам бар. «Nanoweb» жобасын жетілдірумен, DiaOzon өнімдерін дайындаумен бірге айналысамыз. Қазір дайын тағамдарды брендтік атауға айналдыру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Командамда өзіммен идеялас, мүдделелес адамдар жұмыс жасайды. Құрамында студенттер де, өзім сияқты оқытушылар мен жас ғалымдар да бар.

“DiaOzon” өнімдері қарапайым халыққа қолжетімді болады

Қант диабетімен екінің бірі ауыруы мүмкін. Сондықтан DiaOzon өнімдерінің бағасын қолжетімді ету туралы көп ойланып, еңбектендік. Әрине, қарапайым алма мен печеньемен бірдей болмайды. Алайда, аса қымбат өнім жасап мен халыққа көмектесе алмаймын. DiaOzon өнімдерін жасағанда елімізде қолжетімді азық-түліктерді алуға баса назар аудардық. Киви, банан сияқты цитрусты жемітерді емес, күнделікті тұтынатын алма, шәй сияқты тағам түрлерін негізгі нысанаға алдық.

“Ғалымның бәрін көзілдірікпен елестету – қате стереотип”

Динара Молдағалиева, жас ғалым
Динара Молдағалиева, жас ғалым ©SZH.kz

Ғалым дегенде көпшілік лабораториядан шықпай өз әлемінде қиялдап отыратын көзілдірікті адамды елестетеді. Қазір заман өзгерді ғой. Ғалымдардың бәрін көзілдірікпен елестететін қате стереотиптен арылатын уақыт жетті. Мен өзімді толыққанды өмір сүріп жүрмін деп есептеймін. Достарыммен қыдырамын, жақындарыма уақытымды бөле аламын. Қоғамдық істерге де белсене кірісемін. Жыл сайын өтетін “Күн мен Ай” студенттік көктем мерекесінде жыл сайын би қойылымын көрсетеміз. Бұл байқауға қатысу мен үшін қалыптасып қалған дәстүр сияқты.

Жетістікке жету формуласы

“99 пайыз еңбек, 1 пайыз ғана талант” деген өз бар ғой. Ғылымда да солай. Ғалымдар деген шығармашылықтың адамдары. Олар жаңалық ашу үшін бірінші шабыттануы керек. Қоғаммен тығыз байланыста болуы керек. Менің жетістігімнің фомуласы ШАБЫТ+ЕҢБЕК=ЖЕТІСТІК.

Ғылымнан ешқашан жалыққан емеспін

Кейде достарым сұрайды: “Динара, ғылымнан әлі жалыққан жоқсың ба?”,-деп. Әрине, жалыққан жоқпын. Мен ешқашан өзімнің сүйікті саламнан жалықпаймын. Менің әрбір күнім қызыққа толы. Сүйікті студенттеріме сабақ беремін, тауға да, тасқа да барамыз (күліп). Лабораторияда да қызықты оқиғаларымыз көп болады. Қоғамда қаншама адамның тағдыры сенің қолыңда тұрғанын түсінгенде жауапкершілік те арта түседі. Қант диабетімен ауыратын адамдарды көргенде менің өз ісіме деген махаббатым арта түседі. Оларға қалай көмектессем екен деп ойланып кетемін.

Идея қуат берсе, алмайтын асу жоқ

Студенттеріме де, достарыма да табандылық туралы жиі айтамын. Кез келген нәрседе жетістікке жету үшін талмай еңбек ету керек. Қазіргі жастардың көпшілігі шыдамсыз. Барлығы жылдам бола қойса екен дейді. Ғылым уақытқа бағынбайтын нәрсе.

Сосын жастардың көпшілігі көп ақша табуды мақсат етіп алады. Ғалымдардың жаратылысы бөлек. Егер сені шабыттандыратын идея болса, сен соған жұмыс істейсің. Кейін идеяң сен үшін жұмыс істейді.

Сұхбаттасқан Дана Маратова, суреттер Әсел Сарқыт

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

10 пікір

  1. Кант диабетинен зардап шегип журген адамның биртмин аталмыш дарини тезирек елимизде қолдпныска енгизсе екен

  2. Өте орынды қозғалған тақырып және xалыққа тигізер пайдасы мол жаңалық тек неге еліміз осындай ғылым жолындағыларға көмек қолын созбайды екен?

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!