Алматы мешіттерінде “Жұмыспен қамту” жәрмеңкелері өткізіледі

Бүгін, 21 сәуір күні Алматы орталық мешіт ауласында халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында "Жұмыспен қамту жәрмеңкесі" өтті.

Жұмыспен қамту

“Жұмыспен қамту жәрмеңкесі” бірінші рет ҚМДБ, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасымен бірлесе өткізіліп отыр. Шара мешітте арнайы халық көп жиналатын мезгіл, жұма күніне орайластырылған.

– Қазіргі уақытта жұмыспен қамту – белсенді қолға алынып жатқан шара. Біздің басты мақсатымыз – жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыс берушілермен жақындастыру. Сондай-ақ, республикада болып жатқан реформаларды халыққа жеткізу. 2018 жылдан бастап белгіленген 15 статустағы азаматтарға тегін медициналық көмек беріледі. Медициналық көмекке кететін шығынға қаржы мемлекет және жұмыс беруші арқылы аударылады. Сол тегін медициналық көмекті азаматтарға бекіту үшін осы жұмыстар жүргізіле береді. Жәрмеңкеде халыққа медицина, сауда-саттық, білім салалары және жұмысшы мамандықтар (көлік жүргізуші, күзетші т.б.) бойынша жұмыс ұсынылып отыр. Осы шараға бүгін жұмыс беруші 100-ден аса мекеме шақырылды, – дейді Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Керімқұл Жекетаев.

Оның айтуы бойынша, басқарма биыл 27 мың адамды тұрақты/уақытша жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, орталық жұмыс сұраушыларға қысқа мерзімді оқу жұмыстары арқылы да көмек көрсетпек.

– Мен 3-курс студентімін. Інім 11-сыныптан кейін оқуын жалғастыра алмады. Бүгінгі жәрмеңке арқылы мамандығы жоқтарға қалай мамандық алуына болатындығы жайлы пайдалы ақпараттар алып барамын. Вакансиялар да (бос орын- авт.ред) бар екен, – дейді жәрмеңкеге келуші Қосымбек Қайсар.

Жұмыспен қамту

– Күзетші, аула сыпырушы тәрізді мамандық бойынша жұмыс іздеп келдім. Әртүрлі мекемелер бар екен. Олардың мекен-жайын, телефон номерлерін алдым, – дейді Қанапия Ахметов.

Бұл шара шілде айына дейін қала бойынша барлық мешіттерде жүргізілмек. Алдағы уақытта жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бүкілқалалық жәрмеңке өткізеді. Қазіргі уақытта арнайы штаб құрылып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу басталды.

Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығы ҚР азаматтарына жұмысқа орналасуға тегін жәрдем, келесі жолдармен көрсетіледі:

  • Лайықты жұмыс орнына жіберу;
  • Тегін кәсіби оқытуға жіберу (шәкіртақы және жолақы төленеді);
  • Жастар практикасына жіберу (ЖОО және колледждер түлектеріне арналған 6 айға дейінгі мерзіммен, жалақы 56725 теңге);
  • Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу (мерзімі 12 айға дейін, жалақы 69883 теңге)
  • Қоғамдық жұмыс орындарына жіберу (мерзімі 12 айға дейін, жалақы 48918 теңге)

Байланыс:

Тел. бойынша: 279 81 91, 279 03 91, 279 95 13

Сайттар бойынша: enbekalmaty.kz, enbek.kz

Cонымен қатар, ақпаратты Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы және Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығынан ала аласыздар.

Мекен-жайы: Мақатаев көшесі, 117Б (Масанчи көшесі қиылысы)

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

2 пікір

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!